Елімізде жыл сайын 31 мамырда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып өтеді. Қазақ халқына қасірет әкелген сол бір аумалы-төкпелі жылдарда мыңдаған адам жазықсыз түрмеге тоғытылды, аяусыз атылды, туған жерінен айдалып кете барды. Ұлтын сүйген азаматтар тоталитарлық жүйенің құрбанына айналды. Елі үшін жанын берген әрбір тұлғаның есімі тарих беттерінде алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз.
Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайында жазықсыз жазаланған саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған шара биыл да жалғасын тапты. Шара басталмас бұрын зұлмат заманда құрбан болғандардың аты аталды. Сол құрбандардың ұрпақтары батыр аталарының суреттерін көтере келіп, олардың ерлігі туралы баяндап, құран бағыштады. Аталған күннің мән-маңызына тоқталған Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғоджаев: «ХХ ғасырдың алғашқы жартысында іске асырылған саяси қуғын-сүргін және қолдан жасалған ашаршылық халқымызға орны толмас қайғы-қасірет әкелді. Сол жылдары елімізде 110 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың қатарында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхаметжан Тынышпаев, Міржақып Дулатұлы, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров сияқты қазақтың қаншама мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, мәдениет және өнер қызметкерлері, қабырғалы тұлғалары бар. Осы өңірдің тумалары Ораз Жандосов, Ырыс Көшкінбаев, Қапез Байғабылов, Манап Байпақов сынды қайраткерлер де қанды шеңгелдің құрсауына іліккені белгілі. Тоталитарлық жүйе отбасы мен туыстарын да аямады. Тарихта түрмесі болмаған Қазақстан аумағында. 11 жазалау лагері құрылып, азаптаудың сұмдық әдістері енгізілді. Ал Голощекиннің «Кіші қазан» төңкерісі салдарынан елімізде 40 миллионнан астам мал басы қырылып, халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Қолдан жасалған нәубеттен 1,5 миллионға жуық адам көз жұмды. Алматы облысының аумағында 250 мыңнан астам адам солақай саясаттың құрбаны болып, 15 мың адам атуға кесілген. Жазықсыз жазаланған адамдардың көпшілігі осы Жаңалық ауылында және «Қандысайда» жерленген. Мұндай зобалаң жылдар ешқашан қайталанбасын, арыстардың есімдері ел есінде жаңғыра берсін. Егемендігіміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!» – деді Қуат Сұлтанұлы.
Ал Ұлттық ғылымдар академиясының академигі Хангелді Әбжанов ашаршылық пен қуғын-сүргін тек қазақ халқының ғана емес өзге де халықтардың басынан өткен нәубет екенін айта келе: «Қуғын-сүргінді біз 37-38-жыл дармен шектемейді. Бұл қасірет біздің босағамыздан отар болудың кебінін киен кезден бастап енген. Кенесары, Махамбет, Исатай қуғындалып, кісі қолынан қаза тапты. Тіпті ХVІІІ ғасырдағы Сырым Датұлы да саясаттың құрбаны. Біздің қуғындалуымыз бірнеше ғасырға созылған. 37-38-жылдар – оның тек ең шарықтау шыңы! Ал айыптаулардың үш қайнаса ақиқатқа сорпасы қосылмайды, түс көргені үшін атылып кеткендер бар. Енді бұл шерлі тарих қайталанбауы керек», – деді ғалым. Жиын кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған қоғам қайраткері Қоңырқұлжа Қожықовтың немересі Сәуле Қожықова өз атасы мен туыстарының басынан өткен қиындықтар жайында әңгімеледі. Оның айтуынша, ату жазасына кесілген қазақтармен қатар поляктар, кавказдықтар, өзбек, ұйғыр, қырғыз ағайындардың да сүйегі жатыр. Археологиялық жұмыстар әлі де жалғасуда. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда 50 адамның сүйегі табылды. Сол жылдары Қазақстанға жер аударылған халықтарға қазақтар қамқор болып, бауырына басқан.
Жиналған жұрт ескерткішке гүл қою рәсіміне қатысып, кешен аумағындағы музей ішін аралады. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының жақындарының қалай жазаланғанын бейнелеген экспонаттармен танысты. Шара соңында «Алаш арыстары» мешітінде қаза болған құрбандарға ас беріліп, құран бағышталды.
Зорагүл Әбдіқадір