«Талғар ауданының экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесі, хабарлайды

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бұл әрбір қазақстандық үшін аудан орталықтарына немесе ауылдық жерлерге барудың, онда жұмысқа орналасудың және тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін тиімді ипотека алудың бірегей мүмкіндігі.
Жайлы және таза жерде, әрдайым таза ауа мен тынышта болатын және қалалық қарбаластан алыс жерде өмір сүруді елестетіп көріңіз. Мүмкін, бұл сіздің кіндік қаныңыз тамған, туған жеріңіз болар?
Әлеуметтік қолдаудың төмендегідей көлемдері анықталған:
жүз еселенген айлық есептік көрсеткішке тең (100 АЕК) сомадағы көтерме жәрдемақы;
тұрғын үй сатып алуға әлеуметтік қолдау – екі мың айлық есептік көрсеткіштен (2000 АЕК) аспайтын сомадағы бюджеттік несие.
Мамандарға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие сыйақысы несие сомасынан жылдық 0,01 пайыз ставкасымен он бес жыл мерзімге беріледі.
Бұл бағдарлама кімдерге арналған:
Бағдарламаға жоғары білімі және келесі мамандықтар бойынша дипломы бар кез келген жастағы қазақстандықтар қатыса алады:
• Денсаулық сақтау мамандары
• Білім беру мамандары
• Әлеуметтік қамсыздандыру мамандары
• Мәдениет мамандары
• Спорт мамандары
• Агроөнеркәсіптік кешен мамандары
Бағдарлама ережелеріне сәйкес сұранысқа ие маман ретінде «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдық округтер әкімдері аппаратының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын көрсету» бағдарламасына қатыса алатыныңызды ескертеміз. Талғар ауданының әкімінің сайтында, әлеуметтік қорғау бұрышында және (Economica2023) Instagram әлеуметтік желісінде сұранысқа ие мамандар тізбегін көре аласыздар.
Қалай өтініш беруге болады:
«Дипломмен — ауылға» жобасына қатысу үшін порталға тіркелу қажет otbasybank.kz және ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) көмегімен өтінімге қол қою.
Маңызды ақпарат:
Аудандық әкімдіктер мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері жыл сайын жоғарыда аталған мамандықтардан сұранысқа ие қызметкерлердің тізбесін қалыптастырады.
Мемлекеттік қолдау дәл осы тізім шеңберінде көрсетілетін болады. «Дипломмен — ауылға» бағдарламасының операторы Отбасы банкі болып табылады.
Бұл жоба туған жеріне оралғысы келетін, жаңа баспана алғысы келетін және ауылдық жерлерде мансап бастағысы келетіндер үшін тамаша мүмкіндік. Бағдарламаға қосылыңыз және Отбасы банкімен бірге армандарыңызды жүзеге асырыңыз!
Бағдарлама бойынша басқада сұрақтар туындаған жағдайда Талғар ауданы әкімшілігінің 4 қабат 418 кабинеттен ақпарат алуға болады.