Бүгінде Қазақстандағы балалар саны 6,8 млн. құрайды . Ресми болжамға сүйенсек, 2027 жылға қарай елдегі балалар саны 8 млн. ұлғаяды. 1949 жылдың күзінде «Халықаралық әйелдер демократиялық қауымдастығының» конференциясы өтіп, «әлемдегі жағдай тұрақты болса ғана балалар бақытты болады» деген ой айтылған. Соның ықпалымен бұл мереке ресми түрде бекітілген. Аталған шешімді Біріккен Ұлттар Ұйымы да қолдап қана қоймай, балалардың құқығын қорғауды басты бағыттардың бірі ретінде белгіледі. Нәтижесінде өткен ғасырдың ортасынан бастап бұл мереке оннан астам елде атап атап өтіле бастаған.
Жуырда Талғардағы орталық саябақта «Бақытты балалық шақ» атты мерекелік шара өтті. Балалардың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау, қоғам болып қолдау көрсету және сапалы білім алуы мен саналы азамат болып қалыптасуына ықпал ету мақсатында өтетін игі шара жыл сайын ұйымдастырылады. Балдырғандарға арналған шараға арнайы қатысқан Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков балалардың мемлекет болашағын қалыптастырудағы маңыздылығына айрықша тоқталып: «Халқымызда «Бүгінгі жас – ертеңгі ел ағасы», «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген нақыл сөздер бар. Осы сөздердің мәніне терең үңілер болсақ, бүгінгі жас ұрпақ ертеңгі күні еліміздің тізгінін ұстайтын көш басшы, ел қорғаны болатынын аңғартады. Ел ертеңі бүгіннен басталатынын терең түсінген дана халқымыз ежелден «Бала – өмір жалғасы» деп біліп, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Егеменді еліміздің тірегі – білімді, тәрбиелі ұрпақ. Болашақта еліміздің мәртебесін көкке көтеріп, экономикасын дамытатын, бүкіл әлемге Қазақстанды паш ететін де жас ұрпақ. Ал бүгінгі таңда мектептің, мұғалімдердің, ата-аналардың ең қасиетті міндеті – рухани бай, жан-жақты дамыған, дарынды, бойында ұлттық құндылықтар сақталған жеке тұлғаны қалыптастыру. Мереке құтты болсын, гүлдей жайнап өсе беріңдер. Елі, жері үшін еңбек етер азамат болыңдар. Біз болашақ ұрпақтарымызбен мақтанамыз», – деді.
Думанды шарада талантты өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты. Талайлаған жарыста топ жарып жүрген «Болашақ старс» өнер мектебінің, «Айя» смарт ақылды балалар орталығының, «Оқушылар үйінің» балдырғандары жарыса өнер көрсетті. Талғар аудандық мәдениет үйіндегі қуыршақ театры «Қуыршақ» қойылымымен балдырғандарды қуанышқа бөледі. Жүздерінен қуаныштың лебі ескен балғындар өнерпаздармен қосылып ән шырқап, би билеп, батпырауық ұшырып, мәз-мейрам болды.
Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова бүгінгі таңда балалардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру үшін балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданып, іске асырылап жатқанын айтқан болатын. Естеріңізге сала кетейік, 15 сәуірде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң қабылданған болатын. Сонымен бірге биыл Қазақстанда Бала құқықтары туралы Конвенцияның қабылданғанына 30 жыл толды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмек департаменті директорының орынбасары Ғалия Жабағинаның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда балалы отбасыларға республикалық бюджет тарапынан жәрдемақылардың 5 түрі төленеді. Ал мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 түрлі төлем қамтылады, жергілікті бюджеттен аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Мамандардың айтуынша, биылғы жылға жоспар бойынша әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар 4,4 миллион берілуі тиіс екенін анықтап, оған қажетті 2 триллион 285 млрд. теңге қаржы қарастырылды. Бұл өткен жылда жұмсалған қаражаттан 18,3%-ға артық (2023 жылға – 1 триллион 930 млрд. теңге бөлінген. Ағымдағы жылдың 4 айында 3 миллионнан астам отбасыға әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындалды.
Зорагүл Әбдіқадір