Биылғы Наурыз мерекесінде табиғат тосын мінезін көрсетті. Дәл мерекені тойлайтын күні еліміздің барлық өңірлерінде жаңбыр жауып, арты қарға айналып жатты. Бірақ той тойлап үйреніп қалған халқымызға табиғаттың тосын сыйы еш кедергі келтірмеді. Барлық жерде Жаңа жыл тойланып, мерекелік іс -шаралар жоспарлы түрде өтті. Апат айтып келмейді демекші, мейрамның үшінші күні Талғардың тау бөктерінде орналасқан Бесағаш ауылында ылғалданған топырақ көшкіні орын алып, елдің есін шығарды.
23 наурыз күні 00 сағат 20 минутта Алматы облысы ТЖД кезекші бөліміне Бесағаш ауылының «Бурабай» қалашығындағы Баянауыл учаскесінде ауа райының тұрақсыздығына байланысты топырақ көшкіні орын алғаны туралы ақпарат келіп түсті. 21-23 наурыз аралығында толассыз жауған жаңбырдың салдарынан топырақ лайланып, жотаның баурайындағы №12 және №14- ші үйлердің аумағына сырғып барған. Бұл жерлерде биіктігі 4 метр бетоннан тіреу қабырғасы салынып біткен жоқ. Әлі көтеріліп біте қоймаған тіреуден топырақ асып түсіп, төмендегі №14 үйдің терезесін сындыра басып қалған. Сондай-ақ жанындағы № 12 үйдің қорасын жартылай басып қалды.Түскен топырақтың болжамды көлемі 1000 текше метрді құрайды. Екі үйде тоғыз адам тұрады, абырой болғанда зардап шекендер жоқ. Оқиға орнына келген Алматы облысы ТЖД ТЖ алдын алу басқармасының бастығы Даурен Азаматовтың айтуынша, түскен топырақтарды тазарту жұмыстары дереу қолға алынды. Адам шығыны жоқ. Тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Газ қызметкерлері Баянауыл мен Алтай көшелеріндегі газ құбырларын жауып тастады. Талғар ауданы ТЖД мәліметінше, таңғы сағат 06.00 — де Алтай көшесіндегі № 26 жеке үйдің жотада орналасқан 40 тонналық контейнермен бірге құлау қаупі туындады. Сағат 07.30 оқиға орнында облыс басшысының жетекшілігімен «Қазселденқорғау», «ҚазГидроқұтқару» мекемелерінің өкілдерімен шұғыл түрде апаттың салдарын анықтау және жою бойынша кеңес өтті. Талғар әкімдігімен ақылдаса отырып, № 26 үй бойынша иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, үйді толығымен бұзу туралы шешім қабылданды. Қауіптің алдын алу мақсатында құлайын деп тұрған үйге демонтаж жасалынып, бұзу жұмыстары басталды. Талғар ауданының әкімі
Т.Айдарбековтың айтуынша, зардап шеккен үйлердің отбасы дереу көшіріліп, бір отбасы жатаханаға орналастырылды, екінші үйдің иесі өз үйінде қалды. 144 метр бетон тірегіштерін салуға облыстық ТЖ қорынан 149 млн. теңге бөлінген, бетонды тағы 80 метрге созу жоспарланып отыр. Бұл жобаны «Казгидроспецстрой» мекемесі іске асыратын болады. Сағат 11-де төтенше жағдай бойынша құрылған комиссияның жоспардан тыс отырысы өтіп, табиғи сипатта апат болып отырған аумақта жергілікті төтенше жағдай жариялау ұсынылды. Облыс әкімі аталған жұмыстарды жедел қолға алып, уақытылы аяқтауды тапсырды. Бұған дейін «Қазселденқорғау» қызметі тұрғындарға ескерту хабарламасын берген болатын. Оқиға орнына алдағы күндері Алматы қаласынан география институтының және «Ырыс-Эксперт Құрылыс» ЖШС топырақ көшкіні болау қаупі бар аумақтарды зерттейтін мамандары шақырылады. Тиісті сараптамалар жүргізіледі.16.30 минуттағы жағдай бойынша 20 маман мен 2 техникасын жұмылдырған. Кранның көмегімен үлкен контейнер алынып, құлаған жотаның асты топырақтан тазалануда.Апаттың салдарын жоюға Алматы облысы ТЖД 15 қызметкері мен 4 техникасы, ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ 1 қызметкері мен 1 техникасы, жергілікті атқарушы органдардың 10 қызметкері мен 2 техникасы жұмылдырылды.
– 2017 жылдан бері біздің ауылда осымен төртінші рет топырақ көшкіні болып отыр. Өзім 2016 жылдан бері тұрып жатырмын, үреймен өмір сүріп келемін. Көршілердің барлығы қорқып, үйлерін сатып жатыр. Билік қазір апаттың себептерін анықтап жатыр. Бізде 20 үйге қойылған бір ғана су кәрізі бар, сол толып , онсызда қардың суына ылғалданып жатқан жердің лайлануына әкелсе керек. Әкімшілікке айтарым, бізге қауіпсіз жерге жаңа «септик» салып берсе дұрыс болар еді, – деді зардап шеккен үйлердің бірінің қожайыны Ерсайын Сауранбаев.
Естеріңізге сала кетсек, дәл осындай апат бұдан бұрын да үш рет орын алған. Ағымдағы жылдың 12 қаңтарында Алматы облысының әкімі М.Сұлтанғазиевтің өзі арнайы келіп, аудан басшыларымен, ТЖД, «Қазселденқорғау» өкілдерімен бірге Бесағаштағы табиғат апаты болу қаупі бар аумақтарды аралап қайтқан болатын. Комиссия тау бөктерінде орналасқан «Бурабай» қалашығына көтеріліп, топырақ көшкіні болу қаупі бар көшелердің жағдайымен танысқан еді. Сол кезде облыс басшысы бетон тірегіштерді тездетіп бітіруге, су кәріздерін ретке келтіруді тапсырған болатын. Құзырлы органдарға аумақтағы құрылыстардың заңдылығын тексеруді тапсырған.
«Бәріне билік жауап берсін» деп отырған тұрғындардың да кінәлары аз емес. Кезінде шаруа қожалығын жүргізуге рұқсат алып алған халық жолын тауып, үй салып алған. Мамандардың қауіпті аймақта тұруға болмайды дегеніне ешкім елеп, құлақ аспады. Кезінде рұқсат беріп жіберген ауыл әкімінің қазір қайсыбірін қайдан табар дейсіз? Жуырда Бесағаш ауылының тұрғындарымен кездескен аудан әкімі Т.Айдарбеков тау етегіне заңсыз үй салып алғандардың үйі көшіріліп немесе ысырылады деген әңгіме жоқ екенін айтқан еді. Ол жерлерде ешқандай құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат жоқ. Әкім «Бурабай» учаскесіндегі үйлердің ағызып жатқан сулары да топырақты ылғалдандыруға әсерін тигізіп жатқанын, сондықтан ол жерге «септик» салынатынын жеткізді. Десе де адамдар өз отбасының амандығын бірінші орынға қою керек. «Сақтансаң сақтайды» деп бекер айтылмаған, алда әлі талай қар еріп, жаңбыр жауады. Әрдайым бір құдай мен билікке сеніп отыра берудің қажеті жоқ шығар. Кезінде жіберілген қатені түзетуге әлі де уақыт бар.
Сәуле Құрмантаева