«КЕШІКТІҢ НЕГЕ СЕН?» ӘНІНІҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ

«КЕШІКТІҢ НЕГЕ  СЕН?» ӘНІНІҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ

Мен осы әннің орындаушысы болғандықтан бұл әннің шығу тарихы туралы, әні мен сөзін жазған авторы Қажытай Ілиясұлы ағамен және осы әннің шығуына себепкер болған кейіпкер Қажытай ағаның жары Руда апаймен де сұқбаттасқан едім.

Руда апайымыз: «1969-1970 жылдары болса керек, Қажытай ағаның оқу бітіріп, «Ара» журналында жұмыс істеп жүрген кезінде біздің ауылға Манар ағаммен бірге үйге келгені әлі есімде.Мен ол кезде мектепте оқып жүрген оқушы болатынмын. Жалпы біздің таныстығымызға себепкер болған Манар ағам.Өйткені Қажытай екеуі 1965-1969 жылдары КазГУ-дың Журналистика факультетінде бір группада оқыған, айрылмастай жан досы болатын. Жылдар өтіп, мен мектеп бітіргеннен кейін Алматыдағы Қыздар Педагогикалық Институтын бітіріп, 1981 жылы туған жерім Семей облысы, Абай ауданының орталығы Қарауылда, қазіргі «Абай ауылы» деп аталатын газетте тілші және аудандық радио торабында ұйымдастырушы болып жұмыс істеп жүрген едім. Бір жылдан кейін еңбегімді бағалап, еңбекқор жас маман ретінде мені коммунистік партияға өтуге ұсынды. Мен соған өтініш беріп қойып едім. 6 тамыз күні менің туған күнім болатын. Қызметтестерім туған күнімді Қарашоқының әсем табиғаты аясында, өзен жағасында қарсы алайық деп ұсыныс айтты. Мен туған күнімді жасайын деп дайындалып жүрген күні Қажытай ағаң көрші ауылға комондировкамен келген екен. Жолшыбай біздің үйге студент кезіндегі жан досы Манар ағамды іздеп келді. Манар ағам сол жерде қазіргі «Абай ауылы» газетінің бас редакторы болатын. Келгеннен кейін менің туған күнім екенін естіп түнімен отырып маған арнап ән шығарып, ертеңінде айтып берді. Ол әннің аты «Қаршыға» деп аталатын. Бұл әнді Қажекеңнің бауыры Оралбек Сарыбасов тамаша орындайды. Бұл ән «Кешіктің неге сен?» әнінен бұрын шыққан ән деген еді.
Жалпы Қажытай аға сөзге шешен, білімді, бірталай музыкалық аспапта ойнайтын, өнерлі, ақындығымен қоса сатира жанрында елге танылған сазгерлігі өз алдына бір төбе, сегіз қырлы, бір сырлы өте өжет, алғыр азамат болатын. Сол мықтылығынан болса керек, Руда апайға ән шығарып қана қоймай, жақсы көретіндігін айтып, жар болуға ұсыныс жасады. Алматыға шақырып, қалаға келуіне өтініш жасайды. Сонымен Руда апай ең бірінші коммунистік партияға тамыздың ортасында өтуі керек екенін айтып, сонан кейін бұйыртса бір айдан кейін барып қалармын деп уәде береді. Бірақ белгілі бір себептермен партияға өту уақыты екі-үш айға шегеріліп, уақытында Алматыға бара алмай қалады. Уәде еткен уақыттан кешіккеннен кейін Қажекеңді неше түрлі ойлар мазалап, «өзім ажырасқан адаммын, бір жағынан жасым болса бірнеше жас үлкен, сондықтан да уәдесінен айнып қалды ма?» деген ойлар да маза бермей, қолына қалам алып, жабыққан көңілін өлеңмен жұбатады. Сағыныш сезімнің әсерінен жүрегінен сырлы да сазды осындай ерекше ырғақты « Кешіктің неге сен ?» деген тамаша әдемі ән туындайды.
Қажекеңнің айтуы бойынша, бұл ән 1982 жылдың қыркүйек айында шыққан екен. Бір сөзінде Руда жеңгеңе қанша ән шығарып, өлең жазсам да басы қиқаңдап қарамай жүретін. Осы «Кешіктің неге сен?» әнін шығарғаннан кейін қалпақтай түсті деп әзілдеген еді. Бұл әнді мен Қажытай ағаның өз аузынан естіп, үйренген едім. «Мұратбек сенен де бұрын бұл әнді бірнеше әншілер орындаған, бірақ сенің орындауыңда халықтың жүрегінен ерекше орын алды», – деп Қажытай ағам өз ризашылығын білдірген еді.Руда апай қазіргі уақытта Ұлттық Қыздар педагогикалық университетінде дәріс береді. Профессор, филология ғылымыны докторы.

Мұратбек Сарыбасов
Тұздыбастау ауылдық
мәдениет үйінің директоры