Қайталанбас тұлға

Қайталанбас тұлға

1 сәуір қазақ музыкасының майталманы , әйгілі күйші композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің туған күні.

Нұрғиса Атабайұлы өзінің барша қабілет-дарынын халқының рухын асқақтатуға арнады. Оның музыкасы баланың да, дананың да жүрегіне жол тауып, дүйім жұрттың рухани жан серігіне айналды. Ол атақ-даңқ іздеген жоқ, атақ-даңқ оны іздеп тапты.
Тілендиев Нұрғиса Атабайұлы 1925 жылы 1 сәуір күні Алматы облысы, Іле ауданындағы Шилікемер ауылында дүниеге келген. Әкесі Атабай домбырашы, халық әндерінің білгірі болған. Шешесі Салиқа да музыканы жақсы көрген, өлең айтып, сырнайда ойнаған.Нұрғиса бала кезінде тынымсыз болған. Анасы балам бір бәлеге ұрынып қалмасын деп аяғын ағашқа байлап қойған кездері де болыпты. Мұны көрген әкесі бес жасқа толған Нұрғисаның бетін музыкаға бұрмақ болып, домбыра үйрете бастайды. Анасы сыйлыққа пианино алып береді. Бір күні Ахмет Жұбанов Нұрғиса тұрған үйдің жанынан өтіп бара жатып, домбыраның үнін естіп қалады. Ұлттық аспапта сонша шебер ойнап отырған кім екенін білгісі келеді де, алты жасар баланы көріп, анасынан ұлының тағы бір рет домбыра тартып беруін сұрайды. Шешесі Салиқа келіседі. Бірақ тіл-көз тимесін деп баласы мен Жұбановтың ортасына шымылдық іліп қояды. Ахмет Қуанұлы баланың бойындағы талантты байқап, оған музыка училищесіне баруға кеңес береді. Училищеде баламен композитор Латиф Хамиди айналысып, оны би класына жазып қояды. Іссапардан келген Жұбанов талантты домбырашы балет сабақтарына барып жүргенін көріп, дереу музыка класына ауыстырады. Сабақты үздік оқыған Нұрғиса 14 жасында дирижердің ассистенті болады.
Домбырамен қатар, Нұрғиса бокспен де айналысқан. Алайда Ахмет Жұбанов: «Не бокс, не музыка!» деп шарт қойғаннан кейін Нұрғиса өнерді таңдайды. 1943 жылы Нұрғиса Тілендиев соғысқа аттанады. Сол кездегі көпшілік жастар сияқты он алты жастағы жігіт те төлқұжатына екі жас қосып жаздырып алады. Сөйтіп, 1945 жылдың 9 мамырына дейін Нұрғиса Курск шайқасынан бастап Берлинді алғанға дейінгі сарбаз жолымен жүріп өтеді, бірнеше рет жараланады. Соғыс біткеннен кейін «Ерлігі үшін!», «Берлинді алғаны үшін!» және «Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін» медальдерімен марапатталады. 1948 жылы Нұрғиса Тілендиев Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясына емтихан тапсырып, оқуға түседі. Ұлт аспаптары бөлімінде екі жыл оқып шығады. Оқуын аяқтаған соң, Нұрғиса Мәскеу консерваториясына оқуға барады, осы оқу орнына түскен алғашқы қазақ та осы Нұрғиса Тілендиев болды. Оқудан кейін Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының бас дирижері лауазымына тағайындалады.
Театрдағы жұмысы кезінде көрермендер оның «Ортеке» (1957) балет-поэмасына, «Достық жолымен» (1958) балетіне, «Менің Қазақстаным» (1959) кантатасына тәнті болды. Осы
жұмыстары үшін ол Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, Қазақ ССР Еңбек сіңірген өнер қайраткері атағына ие болды.
1968-81 жылдары «Қазақфильм» киностудиясы музыкалық редакциясының бас редакторы қызметін атқарып жүрген кезінде көрерменнің көз айымына айналған «Менің атым Қожа», «Қыз Жібек», «Алпамыс мектепке барады» т.б танымал фильмдердің музыкасын жазды. Қазақ мультфильмдерінің атасы Әмен Қайдардың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» сияқты ертегі-аңыз желісімен жасалған жұмыстарына ән жазған.
Айта кететін бір қызық жәйт, «Қыз Жібек» фильмін түсіріп жатқанда аққулар кадрға түспей опреаторды біраз әбігерге салады. Сол кезде біреу түсірілім алаңына «Аққу» күйін қосып жібереді. Бір кезде аққулар әуенді естіп, көлге жинала бастайды. Бұған барша қауым таңқалса керек. Міне, күйдің құдіреті қандай десеңізші!
Н.Тілендиев ақиық ақын Мұқағали Мақатаевпен жақын дос болды. Бір күні Нұрғиса Тілендиевтің шаңырағына Мұқағали Мақатаев келеді. Екеуі әңгіме-дүкен құрып отырғанда Нұрғиса: «Даха, домбырамды берші маған», деп жары Дариғаға домбырасын алғызып, «Аққу» мен «Арман» күйлерін тартып береді. Осы кезде ақын інісі «Дариға, домбырамды берші маған» атты өлең жазып береді. Артынан сазы да жазылады.
Бұл кездесуден кейін ақын композитордың үйінде бір ай жатып, екеуі 32 әнді дүниеге әкеледі. Соның ішінде «Саржайлау», «Кел, еркем, Алатауыңа», «Мен сендерді іздеймін», «Сөнбейді, әже, шырағың» және тағы басқа шығармалар бар. Нұрғиса Тілендиев пен Мұқағали Мақатаевтың бірлесе отырып жазған соңғы әні – «Есіңе мені алғайсың».
Ал баршамыздың сүйіп тыңдайтын «Куә бол» әні ағамыздың жұбайымен Алматы өзенінің жағасында қыдырып келе жатып туған. Сазгер өзен жағасындағы тастың үстіне шығып, біресе айға, біресе жұлдыздарға қарап: «Куә бол, жұлдыз, Куә бол, айым, Куә бол, Алатауым!» — деп әндете жөнеледі. Кейін сөздерін ақын Т.Молдағалиев інісіне жаздыртып алады. Осылайша, «Куә бол» әні дүниеге келген.


1980 жылы Нұрғиса Тілендиев Қазақ филармониясы жанынан «Отырар сазы» оркестрін ұйымдастырады. Басында шығармашылық ұжым шағын ансамбль ретінде өнер көрсетті. Ал екі жылдан кейін оркестр болып құрылды. Оркестр қос ішекті, үш ішекті домбыралар, қобыз, сыбызғы, саз-сырнай, жетіген, шаң қобыз, асатаяқ секілді ертеден белгілі музыкалық аспаптарды қолданды. Артынан оған кең шанақты және шіңкілдек домбыралар, нар қобыз, жез қобыз, мес қобыз, сазген, аса шертер, адырна, даңғыра және тағы басқа аспаптар қосылды.
«Отырар сазы» фольклорлы – этнографииялық оркестрінің репертуарында «Кеңес», «Салкүрең», «Сарыөзен» сияқты халық күйлері, Тәттімбеттің «Қос басары», «Сарыжайлауы» мен «Сылқылдағы», Сүгірдің «Кер толғауы» мен «Бес жорғасы», Ықыластың «Ерден күйі» мен «Қамбар батыры», сондай-ақ, сол кездегі танымал қазақ композиторларының шығармалары болды.Сол композиторлардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Ермұрат Үсенов Нұрғиса ағаны былай деп еске алады:
« 1981 жылы «Отырар сазы» оркестіріне музыканттарды қабылдап жатқанын естіп мен де бардым. Ол кезде Жезқазғаннан қайтқан кезім еді. Нұраға менің талантымды байқап, бас концертмейстер ретінде жұмысқа алды. Ол кісі өте қатал болатын, баршамызға барынша талап қойып, жұмысқа аса жауапкершілікпен қарайтын. Бірақ қарауындағы адамдарға өте қамқор жан еді. Концерт біте сала алған гүлдерін бәрімізге таратып беретін, қарындарың ашып қалмасын деп әкелік жанашырлығын білдіретін. Ұжымдағы үй ала алмай жүргендердің мәселесімен айналысып, талай жастарға үйлі болуға көмектесті. Мені жанынан тастамайтын, көптеген шетелдерде, Қазақстанның түкпір-түкпірінде гастрольдерде болдық. Нұраға менің бірнеше шығармаларымның тұсауын кесті, өзі дирижер болып, шығарманың әрбір нотасын қалт жібермей дайындалатын. Бірде мен ол кісіге 1986 жылғы оқиғаға байланысты жазған «Желтоқсанға арнау» деген шығармамды көрсеттім, ол кісі «Ермұрат , мұның атын әзірше «Арнау» деп қояйық, әйтпесе сотталып кетіп жүрерсің», – деп әкелік ақылын айтты. Мен келісе кеттім. Содан ол шығарманың тұсаукесері болып, Нұраға өзі дирижерлік таяғымен халықтың алдына шықты. Жұрт 3-4 минут қол соғып, қошемет көрсетті. Сондағы бір қызық жағдай әлі есімнен кетпейді: оркестр орындарына отырып жатса, жалғыз мен қақайып тұрып қалыппын. Артымнан жігіттердің біреуі түртіп жібергенде барып, есімді жиып орныма жайғастым. Өзімнің шығармамның осынша керемет болып шыққанына таңқалып, есеңгіреп қалсам керек. Бұл Нұрағаның еңбегінің арқасында деп білемін. Қандай шығарма болмасын, ол кісі терін төгіп, жан- дүниесін беріп жұмыс істейтін. Н.Тілендиев маған шығармаларымды оркестрге түсірудің қыр-сырларын үйретіп кетті. Ағаның кейбір ұзақ гастрольдерге, әсіресе ыстық жақтарға бара алмай қалатын кездері болатын. Онда маған «сен барып қайт, білесің қалай жұмыс жасауды» деп сенім артатын. Сөйтіп жаздың аптап ыстығында бір айға Қызылордаға барып қайтқан кезім болған. 1987 жылы Нұрағаны Алматы облысы Кеген ауданындағы туып- өскен жерім Жалаулыға апардым. Біздің ауыл таудың баурайында бойында орналасқан, табиғаты тамаша жер. Ет жеп, қымыз ішіп, әке-шешеммен әңгімелесіп отырған едік. Бір кезде Нұрағаның көзі әкемнің басындағы соғыс кезінде алған жарақатқа түсті. Ол кәдімгідей шүңірейген тесік болатын. «Аға, мынандай тесік баспен қалай жүрсіз?» деп сұрақ қойды. «Әй бала, мен бұл баспен кезінде көкпар тартқам!» деп жауап берген әкемнің сөзіне әбден күлдік. Мәз болған Нұраға әкемнің басынан әлі қайта сүйе берді. Өзі басқа жақтың тумасы болса да біздің өлкенің тарихын бес саусақтай біліп тұрғаны мені таңқалдырды. Далаға шығып, жан-жағына тамсана қараған ағам Нарынқол, Кеген өңіріндегі табиғаттың тарихын әңгімелеп берді.
Осындай қазақтың қайталанбас тұлғасы Нұрғиса Тілендиевпен бірге бір ұжымда қызмет атқарғаным, менің өнердегі, өмірдегі ұстазым болғаны мен үшін үлкен бақыт, мақтаныш! Менің үлкен жетістіктерге жетуіме Нұрағадан алған тәлім-тәрбиенің үлесі зор десем болады. Қашанда ол кісінің аты өшпей, Қазақ өнерінде алтын әріппен жазылып тұрады деп сенемін!» – деді Е.Үсенов.
ҚР еңбек сіңірген әртісі, « Жетісу сазы» ансамблінің жетекшісі Тұрсынхан Қарағожаева 16 жыл «Отырар сазы» оркестрінде қобызшы болып қызмет етті. «Нұраға мені қара қызым деуші еді. Бірде Түркияда өткен Қазақстан күндеріне бардық. Бұл Қазақстандық делегацияның Түркияға алғаш жол ашқан шағы болатын. Концерттеріміз зор аншлагпен өтті. Нұраға қолына домбырасын алғанда көпшілік оны сахнадан жібермеді. Қазақ диаспорасы Н.Тілендиевті бірінен кейін бірі үйлеріне қонаққа шақырып жатты. Бірақ аға бәріне рахмет айтып, бас тартты. Іштеріндегі бай қазақтың бірі оркестрді түгел мейрамханаға қонаққа шақырды. Біз жабылып жүріп Нұрағаны көндірдік. Сол дастархан үстінде әлгі бай мырзаның Нұрағаға Жамбыл ата сыйлаған домбырасын машинаға айырбастаңыз деп жатқанын естідік. Нұраға: «Мұндай көлік менде ғана емес, мына отырған музыканттардың әрқайсысында бар. Ал менің домбырам – баға жетпес құнды дүние», – деді ашуланып.
Мен сонда ұстазыма мақтанышпен қарадым. Осындай ұлы адамның жүрегі сәл нәрсеге жараланғыш келеді екен ғой деген де ой келді. Мұнан соң гидтер Стамбулдың көрікті жерлерін аралатуға алып шықты. Нұраға оларға «айналайын, маған біздің қарапайым қазақтардың қалай тұрып жатқанын көрсетші», – деді. Гид келіскенімен уәдесін орындай алмады. Автобус тоқтағанда көзіне жас алған гид жігітті бауырына қысып тұрып, Нұраға «көресің әлі, әрбір қазақ өз елі Қазақстанға еркін келіп, кете алатын уақыт та келеді» деген болатын. Шынында солай болды».
Сазгер 500-ден астам музыкалық төл туындының авторы. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да кең. Ішінде ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера мен балет бар. Нұрғиса Тілендиевтің танымал туындылары:
«Достық жолымен», «Менің Қазақстаным» контатасы, «Ата толғауы», «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Өз елім», «Ақ құсым» т.б халық жүрегінен үлкен орын алып, әлі күнге дейін орындалып келеді.
Нұрғиса Тілендиев жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың жақын туысы болып келеді. Көз жұмбас бұрын: «Мені Жамбыл атамның жанына қойыңдар. «Құстар қайтып барады» әнімен шығарып салыңдар», – деп аманат айтқан екен.
Композитор 1998 жылғы 15 қазанда жетпіс бір жасында өмірден озды. Топырақ Жамбыл кесенесінің іргесінен бұйырды.
КСРО Халық әртісі, Халық Қаһарманы, композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтың атымен музыка мектептері, музейлер мен көшелер аталған.

Сәуле Құрмантаева