«БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей тәжірибесін енгізу жұмыстары іске қосылды

«БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей тәжірибесін енгізу жұмыстары іске қосылды

«Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының төрағасы Б. Жәмішевтің Алматы облысы Талғар ауданына іссапарының бағдарламасы аясында «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей тәжірибелерін Алматы облысы мектептеріне енгізу аясында модификациялық жабдықталған пән кабинеттерінің ашылу рәсімі болды.

Талғар қаласындағы №2 орта мектептегі оқушылар игілігіне пән кабинеттерді берудегі салтанатты рәсімге Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының 1-ші вице-президенті Ержан Аубакиров, «Jelken foundation» қоғамдық қорының директоры Арман Байгаскин қатысты. Жиналған қауым инновациялық құралдармен жабдықталған физика, биология, химия пәндерінің кабинеттері мен зертханаларын аралап, оқушылардың өз қолдарымен жасаған тәжірибелерін тамашалады. 9 сынып оқушылары Кока Кола сусынының адам ағзасына тигізер зиянын дәлелдеп, арнайы құралдармен реакция жасап көрсетсе, 10 сынып оқушылары биология пәнінде демалу аппаратының арқасында экраннан тыныс алу жолдарының қалай жұмыс істеп тұрғаны туралы деректерді көрсетті.Оқушылар осындай заманауи құрылғылармен жабдықталған кабинеттерде сабақтың өте қызықты өтетінің айтып, білімге деген құлшыныстарының артқанын жеткізді.
2023 жылдан бастап Алматы облысы әкімдігі білім сапасын көтеру бағытында «Қазақстан халқына» Қорымен бірлесіп жұмыс жасауда. Жобаға таңдаулы 50 мектеп алынып, оған жергілікті бюджеттен 756 млн. теңге қаражат бөлінді.
Алматы облысы білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаеваның айтуынша, жобаның басты мақсаты – педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру, олимпиадалық қозғалысты енгізу мен бекіту, ұлттық құндылықтар негізінде білім беру философиясын қалыптастыру және дамыту үшін жағдай жасау, оқушылардың білім деңгейін көтеру.
«Осы жоба аясында 2023 жылдың 12 маусым – 10 желтоқсан аралығында 3847 педагог «ХХІ ғасырдағы білім беру негіздері», ағылшын тілі және жаратылыстану циклі (химия, биология, физика, информатика) пәндері бойынша және құндылықтарға негізделген білім беру тақырыптарында біліктілікті арттыру курстарына қамтылды және Астана қаласында өткен «Басқарушылық білім беру» турына 50 мектептің директоры қатысып, кәсіби біліктіліктерін арттырды. Сонымен қатар, олимпиадалық қозғалысты дамыту бағытында ауыл мектептерінен 50 дарынды оқушы Астана қаласында арнайы оқуға қатысып, пәндік құзыреттіліктерін жетілдірді.
«Қазақстан Халқына» Қорының қолдауымен 1 542 520 740,0 теңге қаражатқа осы жоба аясында 50 мектептің 150 оқу кабинеті (физика, химия, биология) жабдықталды. Оның ішінде 111 кабинет (1 280 162 970,0 теңге) толық жаңадан жабдықталса, 39 кабинет (262 357 770,0 теңге) қосымша құрал-жабдықтармен толықтырылды.
Аталған жоба барысында «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей менторлары ағымдағы жылдың 22-26 қаңтар аралығында зертханалық құрал-жабдықтарға байланысты мұғалімдерге нұсқаулық жасау мақсатында бір күндік оқыту семинарын өткізді. Оқыту семинарына 108 физика, 117 химия және 184 биология пәні барлығы, 409 педагог қатысты»,– деді С.Беспаева. Ол балалардың білім сапасын арттыруға үлкен көмек көрсеткен «Қазақстан халқына» қорына ұстаздар мен оқушылардың атынан үлкен алғыс білдірді. Балалардың заман талабына сай білім алуы үшін атқарылатын игі істер болашақта да жалғасын таба бермек.

Сәуле Құрмантаева