Алғыс айту – парыз

Алғыс айту – парыз

Қазақстан халқы үшін көктемнің алғашқы күні «рахмет!» сөзімен басталады. Еліміздегі әрбір ұлттың бастан кешкен тағдыры олардың ортақ құндылықтар мен мұратын қалыптастырды. Алғыс айту күні – сан түрлі сынақтардан өткен халқымыздың ынтымақ-бірлігін айғақтайтын ерекше күн.

28 ақпан күні Талғар аудандық орталық кітапханада 1 наурыз – « Алғыс айту» күніне орай «Алғыс айту – парызым» атты дөңгелек үстел өтті. Аталған шараға Гүлнар Қасымхан бастаған Талғар аудандық И. Ф Халипов атындағы №1 орта мектеп 8 сынып оқушылары және ардагер журналист Тұрсынбек Жалғасбаев, ақын Бексұлтан Көлбаев қатысты. Шараның жүргізушісі орталық кітапхана меңгерушісі Раушан Сапақова атаулы күннің маңызы мен мәніне тоқталып, өмірге енді ғана қадам басқан жас буынға ақыл-кеңесін айту үшін Т. Жалғасбаевқа сөз кезегін берді. Әлемді тек мейірім ғана құтқарады деп сөзін бастаған ол: «Өмір қамшының сабындай қысқа. Сендер базарға бара жатырсыңдар. Ал біз базардан қайтып келе жатқан жандармыз. Халқымыз «Барар жерің қараңғы шам-шырағыңды сайлап ал» дейді. Шам-шырақ дегеніміз – жақсы іс, жақсы амал. Жақсы адамның өмірі батамен, алғыспен көркем. «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» демекші, үлкендерден бата мен алғыс алып жүріңдер. Өзара алғыс айтып, бір-біріңді қуантып жүрсеңдер өмірлерің шаттыққа толы болады», – деп жылы лебізін арнады.
Алғыс айту туралы түсінік бере отырып, үлкен-кішіге деген сүйіспеншілігін, сыпайылық қарым-қатынасын дамыту, әдептілік, кішіпейілділік, ізгілікке тәрбиелеу мақсатында өткен шарада жағымсыз көңіл-күйден арылу, өзін-өзі тану, құрметтеу туралы да зейнеткерлер мен оқушылар емін-еркін пікір алмасып, ой бөлісті. Б. Көлбаев басынан өткен ыстық-суықты әңгімелей отырып, жылы лебіз, ізгі іс жан азығы екенін атап өтті.
Өз кезегінде кітапхана директоры Махамбет Қасымханұлы: «Жақсы сөз айту, жақсылық жасау – әрбір адамның міндеті. Жылдың әр күні сыпайы болуға тырысуымыз керек. Алайда көп жағдайда алғыс айтуды ұмытып, немесе оған аса көңіл бөлмейміз. Алғыс сөздерінде бір сиқырлық бар. Сол арқылы біздер біз-бірімізге ризашылығымызды көрсетеміз, көңілімізді білдіреміз, жақсы эмоциялар сыйлаймыз. Ғалымдардың айтуынша, рахмет сөзін айту адамдар арасында жақсы қатынас орнатады. Алғыс сөздері – адамды тыныштандыру, жүрегін жылытудың бірден-бір амалы. Бастысы алғысыңыз жүректен шығуы шарт. Рахмет айтуға қорыққан, үлгермеген, ұялған жандарыңыз болса, бүгін айтасыздар деп үміттенемін. Мен де алғыс айтуға асығамын!» – деген ойын ортаға салды.
Шара барысында қатысушылар арасында «Алғыс – жүректің естелігі» атты тренинг жүргізілді. Шаттық шеңберін құрған олар өзара жылы амандасып, күлімсірей қарап, құшақтасты. Мұндай ізгі қасиетті бойына сіңірген әр баланың алар асуы, шығар биігі көп болатынына сенген оқушылар татулық, бірлік жарасымдылық барда алынбас қамал болмайтынын атап өтті. Зейнеткер Зарина Мустаевна: «Осындай қасиетті күнде мен қонақжай, кеңпейіл, мейірбан қазақ халқына алғыс айтқым келеді. Сонау қыйын-қыстау заманда өзін паналаған әр ұлт қалқын далаға тастамай, дархан пейілін көрсетті. Барымен бөлісті.
Қазақстан — біздің Отанымыз, ортақ үйіміз. Осы құтты шаңырақта бүгінгі күні 130-дан астам ұлттың өкілдері тату-тәтті, бірлікте, ынтымақта тіршілік етіп жатыр. Керегеміз кең, берекеміз бекем бола берсін деп тілеймін!» – деп ағынан жарылды.
Жылы сөз, қайрымды іс, жақсы ой, кіршіксіз сезімдеріңізді ешкімнен ешқашан аямаңыздар, «Рахмет» деген қасиетті сөзді жиі айтыңыздар. Адам алғыс пен ризашылықты естіген сайын, жақсылық жасағысы келіп тұратынын естеріңізде сақтаңыздар. Өмірдің әрбір сәтін бағалай біліп, жақын адамдарға қайырымдылығы мен риясыз махаббаты үшін алғыс айтуды ұмытпағанымыз абзал!

Зорагүл Әбдіқадір