Дана халқымыз «Тәрбие – тал бесіктен» деп тегін айтпаған. Адамзаттың барлығы шыр етіп өмірге келгеннен бастап ата-ананың ыстық құшағында мейірімге бөленіп өседі. Отбасындағы береке-бірлік мықты болса, сол шаңырақтағы сәбилер өмірге құштар, алғыр, сергек болып өсетіні даусыз.
Ақ бесікте тербеліп, әлди естіп өскен бүлдіршін өнер-білімге үйір, тілі ерте шығады дейді халық даналығы.
Байырғы қазақ қоғамы бүгінде мүлде жаңаша сипатқа көшті. Осы күні отбасындағы ерлі-зайыптылардың екеуі де жұмыста жүретін болғандықтан бала туылғаннан кейін, 1-2 жасқа тола салысымен балабақшаға беру үрдіске айналған.
Бұл қаншалықты дұрыс? Бүлдіршіндер ата-ананың мейірімінен алшақтап өспей ме? Бір жағынан алып қарағанда, мемлекет тарапынан мектепке дейінгі тәрбие ісіне, балабақша жүйесіне көп қамқорлықтар жасалуда. Жамбыл ауданы бойынша балабақшамен қамтылу 96 пайызға жетті. Аудандық білім бөлімінің басшысы Светлана Алтынбекова:
–Жалпы біздің ауданда балабақша мәселесінен қиындықтар туындаған емес. Ұрпақ тәрбиесіне жіті бақылау жасап, қадағалап отырамыз. Жыл сайын тәрбиешілердің жалақысы өсуде. Биыл маусым айында Мемлекет басшысы оқу-ағарту министрін қабылдады. Сол кезде мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру салаларын дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде айтылды.
Биыл қыркүйек айынан бастап мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі педагогтардың еңбекақысы 30 пайызға өсті. Сонымен қатар еліміз бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 98 мың бала және 1-4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілетіні айтылған еді. Қазіргі таңда сол жоспар жүзеге асты.
Білім министрі Ғани Бейсембаев білім беру ұйымдарын дабыл түймелерімен, лицензиясы бар күзетпен, турникеттермен және жедел басқару орталықтарына қосылған бейнебақылау жүйелерімен жабдықтау жоспарланғанын жеткізгенін білесіздер.
Осы тұста айта кетейін, техникалық және кәсіптік білім алушы студенттердің 80 пайызы тегін оқиды. Қыркүйек айынан бастап олардың шәкіртақысы 50 пайызға өсті, ал келесі жылы 100 пайызға артады. Кәсіпорындар колледж түлектерін міндетті түрде жұмысқа орналастыру шартымен мамандарды мақсатты даярлау ісіне алғаш рет атсалысып отыр. Бұл да жақсылықтың нышаны.
Ал, балабақшадағы тәрбие ісіне біз ұдайы бақылау жасап, тәрбиешілердің өзара тәжірибе алмасуына көп көңіл бөлудеміз, – деді. Ұзынағаштағы «Ұлан» балабақшасында тәрбиеші болып жүрген Әдемі Матақбаева өзінің алғашқы жұмысқа барған күнімен бөлісті. «Мен балабақшада үш жыл еңбек етудемін, бұл жұмыстан жалыққан емеспін.Керісінше сол жұмысыма асығып тұрамын. Себебі сәбилердің қылығы, олардың шат күлкісі мені қуанышқа бөлейді.
Ұжымымның өмірінде таңғажайып қызықтар бастан өтіп жатады. Бірақ, бәрінен де жарқ етіп, есте қалғаны – біздің бірінші кездесуіміз. Балабақша есігін ашқанымда – «Бақытты балалық шақ» әлеміне түскенімді түсіндім.
Әр мамандықтың өз қиындығы, өз қызығы бар. Тәрбиешінің жұмысы күрделі де, қызықты да. Шынын айтсам, кейде жұмыстан соң үйге келгенде, қатты шаршағанымды сеземін. Ал қазақ елінің болашақ жастарын тәрбиелеу бізге жүктелген өте жауапты міндет. Бірақ сол өткізген күнді талдай отырып, балаларымның маған деген ықыласын, маған ұмтылған үміт толы көздерін, тәтті қылықтарын бір сәт еске түсірсем, шаршағаным ұмытылып та кетеді. Осы бір «Балалар әлемінің» теңізіне бір бойласаң, ешқашан басқа жаққа кете алмайсың деп ойлаймын. Өйткені бала – пәк, бала – тап-таза. Мөлдір бұлақтың бастауын, көзін ашып, тұнығына қану үшін қаншама қиын да, қызықты еңбек пен тер төгу керек десеңізші! Балаларды ана тілінде әдемі сөйлету, олардың ой-сезімдерін анық, еркін, көркем жеткізе алуға баулу, танымдық қабілеттерін дамыту – тәрбиешінің мақсаттарының бірі. Ұстаз – киелі мамандық. Адам тәрбиелеу, оған ғылыми негіздерінен мәлімет беру, баланы өмір сүруге үйрету – өте қиын шаруа. Бір рет отыз, қырық баламен сабақ өткізіп көрген адам ғана оны түсінеді. Тәрбиеші күн сайын ерлікке пара-пар жұмыс жасайды. Мен әрі «әсем сөз» маманы, әрі суретші, әрі әртіс, әрі баланың жан дүниесін түсіне алатын психолог ретінде балаларымды тәрбиелеуде халқымның ғасырлар бойы келе жатқан құндылықтарын бойына сіңіріп, ойына ұялатуға тырысамын. «Балаға мінез уш алуан адамнан жұғады, біріншісі ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбыларынан» — деп ұлы Абай айтқан. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде ата-ананың сұраныс деңгейі биік. Баланы жан-жақты, дені сау, үйлесімді болып өсуіне ата-анасы қаржысын аямай ден қояды. Кішкентай жастан музыка, би, шет тілдері, спорттық үйірмелерге қатыстырады. Оның барлығы, әрине, заман талабына сай, бірақ ең бастысы – адамгершілік, инабаттылық тәрбие – тәрбиенің бастамасы екендігін ұмытпағанымыз дұрыс, – деп күлімдеді Иә,балабақшадағы тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы. Тәрбиеші балаларды адам мәдениетінің әлеміне, күрделі және алуан түрлі қарым-қатынастардың әлеміне бастайтын тұлға. Жамбыл ауданында ұлттың болашағына қызмет ететін жас ұрпақты тәрбиелеу ісі жүктелген қызметкерлер өздерінің біліктілік деңгейін арттыруға байланысты шараларды жиі өткізуде. Соның бірі күні кеше Жамбыл ауданы бойынша әдістемелік орталықтың жоспарына сәйкес әдіскер Айман Қожахметованың ұйымдастыруымен өткен семинар. Қараша айының алғашқы күні Мыңбаев ауылындағы «Айжұлдыз» бөбекжайында мектепке дейінгі ұйымның әдіскерлері арасында «Мектепке дейінгі ұйымдарда ойындарды ұйымдастыру және басшылық ету әдістемесі» тақырыбында оқыту семинары өтті. Семинарға 32 әдіскер қатысты.
Семинар әдіскерлерге әдістемелік қолдау көрсету, кәсіби білімін жетілдіруге ықпал ету мақсатында ұйымдастырылды.
Семинарда аталған балабақшаның тәрбиешілері практикалық алаңда А.Кариева «Пішіндер әлемі», Б.Бестерекбаева «1-10-ға дейінгі сандарды тура және кері санау », Б.Тәжиева «Көңілді доп», Г.Шажабаева «Жеміс жидек» тақырыбында өздерінің ұйымдастырылған іс әрекеттерін көрсетті.
Сонымен қатар, әдіскерлер өз жұмыстарын ұсынды. «Мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне ойын аймақтарын ұйымдастыру мен оқу ресурстарын таңдауда әдістемелік көмек беру» Шаримбаева Э. («Айгөлек» бөбекжайы), «Мектеп жасына дейінгі балалардың ойын әрекетін әдістемелік сүйемелдеу» К.Джумаходжаева ( «Жазира» »бөбекжайы), «Жеке тұлғаның бойында креативтілікті дамытудың тиімді жолдары» А.Бектібаева «Айжұлдыз» бөбекжай-бақшасы, «Жаңғыртылған білім беру жағдайында ойын түрлерін қолдану ерекшеліктері» С.Қалдарбекова «Бәйтерек» бөбекжайы, «Балабақшада жас ерекшелігіне байланысты жүргізілетін ойын түрлері» И.Ахметова(«Бөбек»бөбекжайы) тақырыптарында шебер сыныптар көрсетіп, өзара тәжірибе алмасты.
Семинар соңында «Еркін микрофон» әдісі арқылы кері байланыс алынды.
Ерлан Қайыртайұлы