ОБЛЫС БАСШЫСЫ ЖАМБЫЛДЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

ОБЛЫС БАСШЫСЫ  ЖАМБЫЛДЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Жамбыл ауданына жасаған іссапарында аймақтың денсаулық сақтау саласының жай-күйін біліп, аудан орталығында жұмысын бастаған бірегей өндіріс орнының жұмысымен танысты.

Облыс басшысы алдымен Ұзынағаш ауылындағы бір ауысымда 100 адам қабылдайтын әйелдер консультациясы бар 100 орындық перзентханаға барды. Денсаулық сақтау мекемесінің жұмысымен облыс басшысын Жамбыл ауданының орталық ауруханасының директоры Дамир Сұраужанов таныстырды.
Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламаны іске асыратын мекеменің ғимараты заманауи үлгіде салынған. Жалпы көлемі 13 145,3 мың шаршы метр болатын нысан 2020 жылдың қаңтарында пайдалануға берілген. Жобаның құны 4,9 млрд. теңге. Құрылысты «ЛИДЕР-НК» ЖШС мердігер ұйымы жүргізген. Ауысымына 100 келушіге арналған әйелдер кеңесі бар 100 төсектік перзентханаға арналған ғимарат үш қабатты. Жаңа ғимаратта сонымен қатар аудандық орталық аурухана орналасқан.
Өңір басшысы емдеу орнындағы бірнеше бөлімді аралап, ем алып жатқандардың денсаулық жағдайын сұрап білді. Мекеменің қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуін көрді. Компьютерлік томография кабинетінде жұмыс істейтін дәрігер Сапура Нуруллаева науқастарды «КТ» аппаратына жоспарлы түрде және қандай жағдайларда жоспардан тыс сараптамадан өткізудің тәртібін түсіндірді. Осында жұмыс істейтін үш дәрігер арнайы оқыту курстарынан өткен. Әкім медицина мекемесінде еңбек ететін жас мамандармен де тілдесті. Солардың бірі – Асқар Райымқұлов өзінің Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық университетін бітіріп келіп, мұнда қалай жұмысқа орналасқанын айтты. Ол аталған жоғары оқу орнында жүргенінде-ақ болашақ жұмыс орны ретінде Жамбыл ауданын таңдағанын, мұнда зайыбы екеуі бірге қызмет істейтінін жеткізді. Олар ауылдық жерге еңбек етуге келген жас маман ретінде қарастырылған жеңілдіктерді пайдалануда. Ақерке екеуіне мемлекеттік бағдарлама бойынша көтермеақы төленіп, олар үй сатып алуға жеңілдетілген несие алу үшін тиісті уәкілетті органға құжаттарын өткізген. Облыс басшысы қазір ауылдық жерлерде дәрігер мамандардың тапшы екенін еске салып, аудан басшысы мен сала жетекшілеріне жас мамандардың көптеп келулеріне жағдай жасауды тапсырды.
Облыс әкімі бұдан соң Ұзынағаштағы «Алатау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тігін цехына барып, өндіріс үрдісін көрді. Онымен кәсіпорын құрылтайшысы Айбек Бектұрғанов пен «Казлекпром Алматы» фабрикасының директоры Олжас Өсербайұлы таныстырды. 2022 жылдың қазан айында жұмысын бастаған кәсіпорында бүгінде 120-ға жуық адам жұмыспен қамтылған. Солардың бірі Ынтымақ ауылының тұрғыны Гүлбақыт Түсіпқанқызымен тілдесіп, одан жұмысының өзіне ұнайтынын, еңбекақыны уақытылы алатынын сұрап білді. Аталған серіктестік Алматы қаласындағы киім тігетін «Казлекпром Алматы» атты жеңіл өнеркәсіп фабрикасының бөлімшесі саналады. Цехта негізінен мемлекеттік тапсырысты орындайды. Қазір мұнда еліміздің қарулы күштерінің қызметкерлеріне арналған әскери киімдер тігілуде. Кәсіпорында жылына 50 мың дана шамасында киім жиынтығы дайындалады. Алдағы уақытта аяқ киім өндірісін жолға қою жоспарда бар.
Бұдан кейін облыс жетекшісі аудан әкімдігінің ғимаратында осы аймақтағы зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Серік САТЫБАЛДИЕВ