«СОНАР-2023» халықаралық турнирі өтті

«СОНАР-2023» халықаралық турнирі өтті

Қазақ даласы құсбегіліктің – отаны. Егерде халқымыздың әлем этнографиясына нендей үлес қосты дегенге тоқталсақ, ұлтымыздың бекзат өнері құсбегілікті айтар едік. Өйткені көк аспанда еркін самғап жүрген қыран құстарды жерге түсіріп, оны қолға үйретіп, аңшылық кәсіпке баулыған һәм оны классикалық түрде жетілдірген жұрттың бірі – біздің бабаларымыз.

Қарашаның 2-5 күндері аралығында Іле Алатау бөктерінде олрналасқан Еңбекшіқазақ ауданы Төле би ауылының «Қыран» Дәстүрлі Аңшылық орталығында ұлттық спорт түрі құсбегіліктен «СОНАР-2023» халықаралық турнирі өтті. Аталған іс-шараға Қытай халық республикасы мен Моңғолия мемлекетінен және еліміздің облыстары мен қалаларынан 10 командадан100-ге жуық құсбегі қатысты. Азулы құстардың арасында 70 бүркіт, 18 ителгі, 24 қаршыға бар. Олардың қатарында халықаралық, әлемдік жарыстардың жеңімпаздар. Жарыста жас шектемесі болған жоқ, сегіздегі баладан сексендегі қариғаға дейін бақ сынады. Тіпті еліміздегі барлық құсбегілер әулеттері бас қосты деп айту артық болмас. Облысымызда 25-ші рет өткізіліп отырған шараның маңызы зор. Себебі өскелең ұрпақты ұлттық құндылыққа баулып, оларды ұлы даланың рухани байлығына деген мақтаныш сезімін оята білудің берері мол.
Мамыражай қоңыр күздің жанға жайлы ауа райы туристердің көптеп келуіне септігін тигізді. Жарыс бірнеше кезеңнен тұрды және бүркіт, қаршыға, ителгі өз алдыларына жекек-жеке сынға түсті. Алғашқы сатысында аңшылар қолындағы құсын басқару шеберлігін көрсетті. Қолға келу, жемге шақыру кезеңдері арқылы кіл мықтының ішінен шын мықтыны анықтады. Шараның соңы бүркіттердің қарақұйрық немесе қоянды аулауы мен аяқталды. Бұл кезеңде құстың аң аулаудағы жылдамдығы мен әсемдігі биік бағаланды. Құсбегілердің киген ұлттық кимінен тартып, құсына арналған керек-жарағы да назардан тыс қалмады. Ұлттық спорт ұлықталған шараның ашылу салтанатында Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Алтай Досымбаев қатысушыларды құттықтап: «Құсбегілік — қазақ ұлтының қанына сіңген көне дәстүр, көшпенділер өмірінен берік орын алған үлкен өнер. Оның тәлім-тәрбиесі атадан балаға қастерлі қалпымен жарасымды жалғасқан және жалғасып та келеді. Адамзат тарихындағы елеулі жаңалықтардың бірі де дәл осы құсбегілік өнер. Өнердің бұл түрі қазаққа етене жақын болғандықтан құсбегілік біздің ұлтымыздың ерекшелігін айқындап, болмысын айшықтайтындай. Оған дәлел ретінде әлемдегі бірде бір елдің мемлекеттік рәміздерінде кездеспейтін қыран бүркіттің тек Қазақстанның ғана туында көрініс тапқандығын айтуға болады. Одан бөлек жыл сайын елімізде бүркітшілер сайысы өткізіліп тұрады. Бүркітті баулып, онымен аң аулау кәсібі, саятшылық өнердің бір түрі. Бұл кәсіппен ертеде көбіне көшпелі түркі тілдес халықтар айналысқан. Ақылды ата-бабаларымыз айласын тауып, ұядағы тірнекті алып, баладай баптап қолқанаты ете білген. Аспандағы құстың тілін тапқан бабаларымыздың бегзат өнері бүгінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді», – деп атап өтті.


Абай облысы Үржар ауданынан келген, 40 жыл бойы құсбегілікпен айналысқан Нұғын Қайдарұлы бұл жолы Мұзбалақ атты қыранының бабы келмегенін айтады. Жолаушылап кетіп,
Мұзбалақтың өкепе тынысын толық ашып үлгермепті. Тарбағатай тауының биік шыңындағы ұясынан алған бүркіті биыл жеті жаста екен. Жылдамдығы жағынан сыр алдырған қыранның осыған дейін талайлаған додада топ жарған кезі аз емес дейді ақсақал. Өз балалары ғана емес, өзгенің балаларына құсбегіліктің қыр-сырын үйретіп келе жатқан атамыз қыран құсты қырандай жігіт қана қайырады деген аталы сөздің астарына үңілді. Себебі бабын таба білген құс қана көздегенін алмай қоймайды екен. Жаз бойы семіз малдың етімен тойынған құс қауырсынын тастап түлеп, күш-қуатын арттырады. Күз, қыс айларында томағасын сыпырып, аңға салар шақта оның азығы да өзгеше болады. Яғни бұл мезгілде тым тояттамауы керек дейді құсбегі.
Алматы облысының құсбегіліктен аға жаттықтырушы Елтай Муптекин ата-бабамыздан келе жатқан асыл мұра ұлттық салт-дәстүріміздің айғағы екенін атап өтті. Мынау жаһандану дәуірінде болмысымызды бөлектеп, тарихы терең ұлт екенімізді айшықтап тұратын осындай дәсүріміз екенін алға тартты. Бағызы бабаларымыздан қалған сара жол ғана саналы ұрпақты тәрбиелей алатынын жеткізді. Ал «Қыран федерациясы» қоғамдық қорының директоры Бағдат Нүптекин жарыс төрешілерінің қатарынан көрініп, бәсекенің әділ өтуіне қырандай қырағылық танытты. Бұл жолы турнирге қылықты қыздарда қатысты. Ақылына көркі сай арулар ептілігі мен қатар тектілігін де байқатты. Азаматтың ғана емес аң мен құстың тілін таба алатын нәзік жандылар батыр аналар салған сара жолдың жалғаушылары екендерін да байқатты.
Төрт күнге созылған сайыс қортындысы бүркіттердің бәсекесі бойынша, бірінші орынды Атырау облысынан келген Арман Қошқаровтың Нарын есімді бүркіті иеледі. 2-ші орын Жамбыл облысынан келген Серікбосын Жалғасұлының Жанқияр атты құсына бұйырды. 3-ші орынды Алматы облысының қос бірдей спортшысы Мақұтбек
Қамбарбаевтың Ақбалақ, Сұлтанғазы Жандостың Мұзбұлақ атты құстарына тиесілі болды. Ал қаршығалар арасынан суырылып Астана қаласынан келген Ерасыл Серікбектің Қаракөз атты серігі алға шығып, бірінші орынды еншіледі.


2-ші орын Қарағанды облысынан келген Таңат Оспанқұловтың Бұлбұл атты құсына бұйырды. 3-ші орын Түркістан облысының спортшысы Аршын Дәуреннің Қаракөзінің еншісінде.
Ителгі сайысы бойынша, 1-ші орынға Жамбыл облысынан келген Бабажан Берікболсынның Қоймас атты құсы тұрақтаса, 2-ші орын Түркістан облысының аңшысы Паң Төлемырзаның Шипок атты ителгісіне тиесілі болды. 3 орынды Алматы облысының спортшысы Жапар Абылайдың кокжендет атты құсы еншіледі. тағы бір 3-ші орын Алматы облысы бала құсбегі Бекмұханбет Айдардың Тұмар атты құсына тиесілі болды. Жеңімпаздар грамоталар мен, медальдарға және ақшалай сертификатқа ие болды. Ата-бабасынан қалған есті өнерді жаңғыртып, жалғастырып келе жатқан спортшылар қандай мақтан мен марапатқа болса лайықты.
Айтулы шара аясында «СОНАР -2023» халықаралық турнирін жоғары деңгейде ұйымдастырған және өңірдегі спорттың пен туризмнің дамуына қосқан үлесі үшін Еңбекшіқазақ ауданы спорт бөлімінің бас маманы Азамат Әділханұлы бастаған бір қатар азаматтарды Алғыс хатпен марапатталды.
Ұлттық өнерімізді ұлқтап, табиғатымыздан қырандай еркін де, қырағы екенімізді танытқан шара өз мәресіне жетті. Алыс жақыннан келген саяхатшыларды да тәнті еткен шара халқымыз үшін жай ғана шара емес үлкен рухани азыққа айналды. Көшпенді халықтың мәдениеті мен дәстүрінен сыр шертіп, есте жоқ ескі заманның құндылықтарын жаңғыртып жадымызға салып кетті.

Зорагүл Әбдіқадір