Иә, талайдан бері елдің ығырын шығарып, жолаушыларды қыстырып-қымтырып тасып жүрген №207 маршруттың ұзындығы бар-жоғы 7,5 метрлік ескі автобустары Алматы-Талғар тас жолынан алынып, оның орнына 01 сәуір күні 11.5 метрлік су жаңа 20 автобус 7 минут аралығымен жолаушы тасымалдауға шықты. Осы уақытқа дейін тар автобусты «тамаша» қылып келген халықтың да арқасы кеңіп, автобусқа еркін мініп-түсіп жатыр. Халық игілігіне берілген жаңа автобусқа отырған жұрттың әрқайсысы жеке көлік алғандай қуанып, бірін-бірі құттықтап, игі істі қуана құптап, өзара қауқылдасып мәз. Бұрын «ары тұр, бері тұр» деп ренжісіп жататын жұрттың жанарындағы қуаныш пен ризашылықты көру де бір ғанибет.
Тар және лас автобустан ығыры шыққан халықтың мұңын тыңдап, өзіміз де сол автобуспен қатынайтын болғандықтан мәселенің анық-қанығын айтып, газетіміздің өткен сандарының бірінде «Не аялдамасы жоқ, не аялдағысы жоқ 207» деген мақала да жазғанбыз. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дегендей, жаңа автобус алыныпты, жолға дайындалып нөмірлерін де алыпты дегенді жаңалықты естігенімізге де көп болған жоқ еді. Енді, міне, «Көппен көрген ұлы тойдың» куәсі болдық. Ел қуанышына ортақтасып, ауданымызда жақсы жаңалықтар көп болсын деген тілектеміз! Бұл ретте әлеуметтік желіде: «Алматы қаласынан қатынайтын №207 автобус маршртуттарына отыратын адамдардың көптігінен күнделікті кептеліс уақытта автобустарға сыймай қалатын тұрғындар тарапынан көптеген наразылықтар туындаған болатын. Бұл мәселені шешу мақсатында біздің тарапымыздан Алматы қалалық мобилдік басқармасына автобустың сыйымдылығын ұлғайту бойынша келісім берілді. Тасымалдаушы «Думан-Транс» ЖШС-і 22 бірлік автобустар алды. Бүгіннен бастап «Алматы-Талғар» бағытымен жүретін №207 автобус маршрутына (барлығы 20 автобус жұмыс атқарады, 2-еуі резервте, жүру интервалы 7 минут.) сыймдылығы 30 орындық (80 адамға дейін), ұзындығы 11,5 м автобустар жіберілді. Бұрынғы ескі автостанцияға сыймағандықтан жүру схемасына өзгеріс енгізіліп, Қонаев көшесі мен Рысқұлов көшесінің қиылысына соңғы аялдама белгіленді. Болашақта барлық жағдайы жасалған жаңа автостанция салу жоспарлануда. Сонымен қатар жаңа автобустарда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған түсіп-шығу құрылғылары бар.
Талғар ауданы әкімінің қолдауымен Талғар ауданының ТҮКШ, ЖК, АЖ және ТҮИ бөлімі», – деп жазба жариялаған аудандық әкімдік алдағы уақытта салынатын жаңа автостанцияның нақты жоспарымен де бөлісті. Бұл туралы пікір білдірген автожол бөлімінің бас маманы Асхат Досжанов: «Бүгін, яғни 1 сәуір күні жолаушы тасымалдауға № 207 мартшрут бойынша жаңадан автобустар шықты. Бұрын 7 метрлік қысқа автобустар жүрсе, енді халық 11,5 метрлік жаңа автобустармен қатынайтын болады. Бұл маршрутқа «Думан Трансkz» жауапты. Ары қарай ауыл арасына қатынайтын автобустарды жаңарту жоспарда бар. Онымен «Тұлпар Экспресс» айналысады. Жақында 10 автобус жолға шығады. Талғар ауданының бас жоспары бойынша «Көлсай» ресторанының қасында жаңа автостанция ғимараты салынады. Оған қажетті жер телімі дайын. Ол жерде дәріхана, диспетчерлік орталық пен полиция бөлімі халыққа қызмет көрсететін болады», – деп тағы бір жақсы жаңалықпен бөлісті. Желіге салынған жазбаға пікір жазған халықтың біраз бөлігі «әлі ешкім мінбеген, жаңа автобус. 11 метрлік автобусқа жеттік-ау!» деп жақсы жаңалықты қуана құптап, жар салып жатса, біразы өзге ауыл арасына қатынайтын автобустардың да мәселесі өткір екенін айтуда. Мәселен, Шаймерден Сайлыбаев деген желі қолданушысы: «Бұл не? Сонда 203 маршрутта жүретіндер тоқалдың баласының күнін көреміз бе? Бір де бір автобус не Алматыға, не Талғарға жетпей, жолда қаламыз. Қашанға дейін осылай болады? Болмаса бір жолата тоқтатсын. Қашанғы халықтың қалтасын тонай береді? Ақшасын төлеп жолда қаламыз, ары қарай таксилетіп жетеміз. Кейінгі автобусты тоссақ сыймаймыз. Толып келеді. Аудан әкімдігі бізге де көңіл бөлсе екен!» – деген жанайқайын жеткізді.
Ал Гүлбаршын Көпесбаева болса: «Қашан Еламан, Жалғамыс-Саяхат автобусы шығады? Қайтарыңдар автобус маршрутын. Қалаға жұмыс, оқуымызға, дәрігерге жете алмаймыз. Көк базарға дейін шықса тіпті жақсы. Тосудан шаршадық…», – деп ашулы. Шешілмеген мәселесі шаш етектен халыққа барлық мәселе бір күнде емес, біртіндеп шешіледі деп жұбату айтуға да болар еді. Бірақ талай дүниелер айтылғанымен, аяғына жетпей сиырқұймышақтанып кететінін білетін жұрттың шенеуніктер уәдесіне барлық кезде күмәнмен қарауы қазір қалыпты жағдайға айналған. Өйткені «Аузы күйген үрлеп ішеді». Сондықтан айтылған сөз айтылған жерде қалмай, «Уәде – құдай сөзі» дегендей, атқамінерлердің айтқаны уақтылы іске асса құба-құп. Сонда «өгіз де өлмес еді, арба да сынбас еді». Елмен етене араласып жүрген біз үшін жақсы жаңалықтың жаршысы болу да жарты бақыт екенін біреу білсе, біреу білмес.
Жанбота Сұлтанмұратқызы