Қазпоштада ХҚКО қызметтері көрсетіле бастады

Газетіміздің ақпан айындағы сандарының бірінде ауылдарда орналасқан «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінде Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылатыны туралы хабарлағанбыз. Көп өтпей-ақ айтулы пилоттық жоба Алматы, Павлодар және Ақмола облыстарында іске қосылды. Нәтижесінде халық ауылдық пошта бөлімшелерінен мемлекеттік қызметтің 27 түрін ала алады. Оның ішіне мекен-жай бойынша тіркелу, мұрағаттық анықтамаларды алу, әлеуметтік жәрдемақының кейбір түрлері мен мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы қызметтерге құжаттарды рәсімдеу секілді бірқатар қызмет түрлері кіреді.

«Биыл 100-ге жуық осындай нүкте ашылады. Алдағы уақытта 2 мыңға жуық осындай нүктелерді ашу жоспарда бар», – деген ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министр Бағдат Мусиннің сөзіне сүйенсек, мұндай мемлекеттік қызмет түрлері әзірге 50 ауылдық пошта бөлімшесінде көрсетілмек.
Осыған дейін «Қазпошта» АҚ-ның басқарма төрағасы Әсел Жанасова: «Ауылдарда бүгінгі таңда «Қазпоштаның» 2 700 бөлімшесі бар. Біз бұл бөлімшелерді комьюнити орталықтар етіп, онда Халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашып жатырмыз. Онда біздің мамандар ауыл тұрғындарына 20-дан астам мемлекеттік сервис бойынша көмек көрсетеді. Сондай-ақ елімізде цифрландыру мәселесі интернерттің жұмыс істеуіне байланысты. Қазіргі таңда әр ауылда интернет бар, алайда оның жылдамдығы аз. Сондықтан біз Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, ауылдарда интернет жылдамдығын көтеру, яғни бір адамға 1м/бит емес, 100 м/бит-ке дейін жеткізуді мақсат етіп отырмыз», – деп мәлімдеп, тұрғындар тарапынан үнемі шағым түсетін интернет мәселесінің де оң шешімін табатынын жеткізген.
Сондай-ақ «Қазпошта» тарапынан әйелдерге әлеуметтік жағынан қолдау көрсету жұмыстары жүріп жатқанын айтқан сала басшысы: «Біз ауылдағы әйелдердің кәсіби тұрғыда өсуіне, әлеуметтік жағынан қорғалуына, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға ынталымыз. Осыған орай, ауылдардағы «Қазпошта» бөлімшелерінде біз әйелдер үшін телемедицина арқылы дәрігерлердің сервисін қосу, онлайн курстарды ашу жұмыстарын атқарып, электрондық даярлау орталықтарын ашып жатырмыз», – деген ақпар берген.
Айта кетейік, ХҚКО былтырдан бері дүйсенбіден жұмаға дейін үзіліссіз сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін қызмет көрсетсе, кезекші бөлімдер дүйсенбі-жұма аралығында сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін және сенбі күні 9.00-ден 13.00-ге дейін халыққа қызмет етеді.
Қажет болған жағдайда өтініштерді қабылдау және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің дайын нәтижелерін беру дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 18.00-20.00-ге дейін, ал сенбі күні сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін жүзеге асырылады.

Жанбота
Сұлтанмұратқызы