Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Талғарирригация» шаруашылық жүргізу құқығындағы су шаруашылығы мен тұрғындар арасында өзара еліспеушілік көп. Мәселенің мән-жайын білу мақсатында мекеме басшысының орынбасары Ерғалым Қасымбаев, су бақылаушысы Талғат
Жұмабаевпен бірге Талғар қаласының аяғы, Алатау ауылдық округі мен Кеңдала ауылын бөліп жатқан Талғар магистралды су арнасының дәл қазіргі аянышты қалпын көзімізбен көріп қайттық. Кеңдала тұсындағы бөлігін аралаған соң құсқымыз келіп, аяқ жағына баруға құлық та болмай қалды.
Өйткені ол жаққа бармақ түгілі, айтқанның өзінде жиіркенішті жайттарды естідік. Мынаны көрген соң оған сенбеске ләж да болмады. М. Мұқамедқалиев басқаратын 60-қа тарта қызметкері бар мекеменің өз жанайқайы бір басына жетерлік. Е. Қасымбаевтың айтуынша, көктемде су беру науқанына дайындық жасап арнаның ішін тазалағанда қоқыстан бөлек, неше түрлі жемтік те ағып келеді. Олар арна ағысын бөгегенде айналасындағы үйлерді су алатынын айтып дабыл қағуда. Ал арна ішінде жатқан жемтіктер мен қоқыстың қолқаны қапқан мүңсіген иісіне шыдау мүмкін емес.
Жыл сайын тазаланғанымен тұрғындардың жауапсыздығы салдарынан қоқысқа толып қалатын арнаның іші де, сырты да адам көрсігіз. Айнала толы күл-қоқыс, аяқ алып жүретін жер жоқ. Ал тамақ пен тұрмыстық қалдықтардан басқа, өлген ит-мысық, тауықтан бастап, ауылдың қаңғыбас иттеріне дейін осында жатыр. Тіпті бау-бақшасын отаған тұрғындар кескен бұталарымен арнаны жауып тастаған. Тірі иттің жайы белгілі, ашыққан соң тамақ қалдықтары жатқан жерден «тіске басар» іздеп жүр.
Ал аспаннан қоқыс пен жемтік жаумайтыны әмбеге аян. Жемтікке айналған тіршілік иелерін қоқысымен қоса сол маңда тұратын тұрғындардың өздері әкеп тастайтыны анық. Олардың сасыған шірік исі қазірдің өзінде маңайды алып тұр. Ертең күн ысығанда бұл иістен зәрезап болған тұрғындар арасында инфекциялық аурулардың көбейетіні де түсінікті жайт. Осыған байланысты мән-жайды білмек болып ауыл әкімдігіне де бас сұғып, тұрғындармен де тілдестік. Сұқбатқа назар салыңыз.
***
– Ерғалым Нәкенұлы, әңгімені шаруашылық мақсатта қолданатын су арнасының қайдан басталатынынан бастайықшы. Ондағы ахуалдың мәз емес екенін көзімізбен де көріп, жанымыздан түңілдік. Дегенмен кеңірек тоқталып өтсеңіз…
– Талғар магистральді арнасының басы Абай көшесінің басынан басталып, қаланың артымен айналып жоғарыдағы мешіттің басынан өтіп, жаңа құрылыс жақпен жалғасады да, осы тұстан өтіп Еңбекшіқазақ ауданына кетеді. Шаруашылық мақсатта пайдаланылатын суға бау-бақшасын суару үшін жолай қосылатындар да аз емес. Бұл арнамен 19 мамырда су жібереміз. Оған дейін барынша толық тазарту жұмыстары жүргізіледі. Бірақ қиындықтың бәрі сол кезде басталады. Тұрғын үйлерді су басып кететін жағдайлар болады. Оны ел бізден көреді. Алдын ала тазаламадыңдар деп жала да жабады. Біз жыл сайын көктемде арнаны тазалау жұмыстарын міндетті түрде жүргіземіз. Оның ішінде жоқ нәрсе жоқ, Оны толтырып тастайтындар – осы маңайдың өз тұрғындары. Құрылыс және тұрмыстық қоқыстар мен үй жануарларының өлекселерінен бастап, ірілі-ұсақты малдың жемтіктері, киім-кешек, кілем дейсің бе, қолдарындағы қолданбайтын дүниенің бәрін әкеп осында тастайды. Әйтпесе оған еш ауылдың, қаланың, ауданның әкімі-қарасы қоқыс әкеп тастамайды. Ал су жіберген уақытта тап болған қиындықтарға жұмыс істемейді деген желеумен бұл қоқысқа түк қатысы жоқ адамдар кінәлі болып шыға келеді.
– «Бұлақ көрсең көзін аш» дейтін аталы сөз бар еді. Арнаны қоқысқа толтырыпы тастайтын тұрғындардың ішкі мәдениеті де төмен боп тұр ғой. Жалпы қоқысты қалай болса, солай лақтырып, кез келген жерге шашып кете беру тек осы аумақта емес, барлық ауылдарда, тіпті әлем бойынша дабыл қағылып жатқан экологиялық апат. Шешімін тапқаннан гөрі шарасыздығы басым жайт…
– Дұрыс айтасыз, бірақ жаңа өзіңіз көргендей өздері қолданатын судың арнасын осылай толтырып тастау деген ақылы бар адамның миына сыятын жайт емес. Жоғарыдағы жаңа жолдан түсе салған жерде шаруашылыққа арналған судың тәуліктік көлемін реттейтін су қоймасында қоқыстарды сүзуге арналған тор бар. Қоқыстан бөлек, сол жерге үнемі небір иттердің бас-сирағы, ішек-қарны, терісі ағып келеді… Соны әлі күнге дейін дәлелдей алмай келеміз.
Абай көшесінің бас жағында орналасқан бір шаруашылық бар. 3-4 қабат қылып қора салған. Естуімізше, ол жерде ит соятын көрінеді. Жылқы ұстаймын дейді, бірақ 4 қабатқа жылқы көтерілетіні құлаққа кірмейтін әңгіме ғой. Оның етін қайда өткізіп жатқанын білмейміз. Бірақ былтыры аудандық депутатымыз бар, бәріміз үйіне де барып ескерту жасадық. Ары қарай кіргізбей қойды. Аудандық ішкі істер қызметкерлеріне жазған шағымымыздан түк шықпады. Олар ештеңе дәлелдей алмады.
– Бұдан басқа осындай келеңсіздіктердің алын алу үшін нақты қандай шараларды қарастырып отырсыздар?
– Шынын айтсақ қолымызда ешқандай құзірет жоқ. Заң бойынша шағым жасаймыз, оның арты анау… Қазір осы жағдайдың алдын алу үшін үкіметтен ақша сұрап отырмыз. Бюджеттен ақша бөлінсе, арнаның бетін түгел бетон жабынмен жауып тастамақпыз. Негізі ондай жабық жерлері де бар. Оның өзін көтеріп, арнаның бетін ашып тұрып тұрмыстық қалдықтарын тастап кетеді. Сосын су басқан уақытта жауапты мекеме қарамады, тазаламады деп шу шығарады. Бұл тек Кеңдала халқының ғана емес, осы арнаның маңайында тұратын барлық тұрғындардың бас ауруына айналды деуге болады. Еңбекші ауылы жақта үлкен тоспа бар. Бүкіл қалдықтар сол жерге жиналады. Сол кезде қияметтің көкесі басталады. Қой, сиыр, жылқының да түр-түрін сол жерден табамыз.
– Сонда бұл жердің қоқысын жинаумен айналысатын мекеме жоқ па, әлде қоқысқа ақша төлегісі келмейтін тұрғындардың тірлігі ме?
– Қоқыс жинап әкететін мекеме бар. Бірақ соған ақшасын қимайтындар көп. Ол анау айтты қымбат та емес. Адам басына 160 теңге ме, сондай ғана… Егер оны өздері жинап шығарса айына 4-5 мың теңгеге қоқыс машинасын жалдайды. Ал мынадай тиынды төлегісі келмейді. Түсіну қиын…
– Арнаны тазалау жұмыстары нақты қашан басталады?
– Сәуірдің бірінен жұмыс басталуы керек. Биыл ол күн демалысқа тура келгендіктен үшінен жұмыс басталады. Маусымдық жұмыс болғандықтан тазалаушы жұмыскерлердің бәрі ақысыз демалыста. Бәріне ескертілді. Мамырдың 15-нен ары су беріледі. Оған дейін тазалау, жөндеу, жамау-жасқау жұмыстарымен айналысамыз. Олардың да денсаулығы, отбасы, бала-шағасы бар ғой. Мынадай жұмысқа шыдау да қиын. Амал жоқ істейді. Бірақ сол адамдардың еңбегім еш болып, тазалап қойған жерді ертеңінде-ақ қоқысқа толтырып кетеді ғой…
– Бұл суды кеңдалалықтардан басқа, қай ауылдар, тағы қандай мақсатта пайдаланады?
– Еңбекшіқазақ ауданы, Медеу, Алатау, Іле, Талғар аудандарының тауар өндірушілері мен суармалы жерлерді суаруға пайдаланады. Сосын көктемде, күзде күн жылт еткенде тау басындағы қар еріп, өзге арналарға тиесілі судың бәрі осы арнаға түседі. Сосын Тұздыбастау, Белбұлақ, Қызыл Қайрат тұрғындары су алды деп шағымданады. Оған да біз кінәлі боламыз. Ал біз қазан айының 15-інде су беруді толық тоқтатамыз.
– Ауыл әкімі Алмас Нұрдәулетұлы бұл жайдан хабарсыз емес шығар?…
– Әрине, бәрін біледі. Бірақ ол да шарасыздық танытып отыр. Қайсыбірін күндіз-түні аңди алсын? Өз жұмысы да аз емес дегендей. Бірақ арнайы адамдарға тапсырып, «құлақ» қылып қойса, бұл мәселені біршама реттеуге де болар еді… Бұл маңда бейнекамера да қойылмаған. Ол бар бол да біраз нәрсеге себі тиер еді…
Мысалы, кезінде Албания,
Түркия сияқты елдерде болдым. Оларда қоқыстың өзін арнайы жәшіктерге сұрыптап тастайды. Дем алатын жерлерінде бір де бір қоқыс жоқ. Халық осыған үйренген. Өте мәдениетті. Ал біздегінің түрі мынау. Қоқысқа қызыл тиын төлегісі келмейді де, көрінген жерге лақтырып кетеді.
– Бізде ондай қоқыс жәшіктері жоқ қой…
– Ондайды қойса, сөз жоқ, сол күні металға өткізетіндер қиып әкетеді. Білмеймін, неге осындай мәдениетсізбіз? Айтылмай жатыр, айтпай жатыр демеймін, бірақ үйде ата-ана, мектепте мұғалімдер балалардың құлағына құйып отырса, мүмкін осындай болмас па еді?! – деп тарыққан Е. Қасымбаевтың сөзінің жаны жоқ дей алмайсың…
***
Осы тұста өзін су қадағалаушысымын деп таныстырған Талғат Мұсабаев: «Су кодексі бойынша бізде ешқандай құзірет жоқ. Ешқандай айыппұл да сала алмаймыз. Әкімшілікке айтамыз, заң орындарына шағымданамыз. Бірақ нәтиже жоқ. Басқасы басқа, бұл жерлер Құрбан айтта сасыған мал өнімдерінің астында қалады. Тері-терсек, бас-сирақ, ішек-қарынның түр-түрін осы жерден табуға болады. Сосын оның сасығаны өз алдына, қаңғыбас ит қаптап, жаяу жүргіншілер өміріне де қауіп төнеді. Өйтіп шалған құрбанның не мәні, қандай қасиеті қалады? Түсінбейсің… Қоқысын тастап жатқандарды да ұстап, тапсырған кездеріміз болды. Иттің өлексесін әкеп тастағандарды да тиісті орынға өткіздік. Ешқандай шара қолданған жоқ», – деп налыды.
Ал ауыл тұрғыны Күләш Нақышбаева: «Көшіп келгенімізге екі ай болды. Бұл жердің адамдары сұмдық тегі. Қоқыстарын көрінген жерге лақтырп кете береді. Күн ысыса мына иіс тіпті күшейеді. Келінім иттің жемтігін әкеп тастағандарға неге тастайсыңдар десе, олар ештеңе етпейді, кейін сумен ағып кетеді деп жайына кетіпті. Әкімшілікке де айттық. Құлағына іліп отырған ешікм жоқ. Бізде тіпті қоқысты да уақытында әкетпейді. Сәрсенбі күні алып кетуі керек екен, міне, әлі жоқ. Біріне-бірі қосылып сасып жатыр. Бар қоқысымызды қапқа салып қойып тосып отырмыз. Балаларымыз ауырып қала ма деп қорқамыз. Осыдан былай тұмау-сұмау да көбейеді екен… Мынадан төмен қарай жүріңдерші. Неше түрлі ит жатыр бұл арнаның ішінде. Соны көмуге ерінеді ғой. Оның үстіне тазалайтын адамдар бар деп әбден сеніп алған», – деп шарасыздық танытты.
***
Осыдан соң Кеңдала ауылдық округінің әкімдігіне бас сұғып, округ әкімінің орынбасары Әйгерім
Сайлаужанқызымен сұқбаттастық.
– Ауылдың тұрғын үйлерге тиесілі қоқысын шығару қандай компанияға жүктелген?
– Бұл жақтың қоқысын «Алуа и К» компаниясы шығарады. Ақтас та солардың жауапкершілігінде. Негізі сәрсенбі, сенбі күндері жинауы керек. Ылғи техникасы сынып, жұмысшысы жоқ болып жатады. Мұндай арам әрі қиын жұмысқа 150 000-200 000 теңгеге бола ешкім келгісі келмейді. Солар ел ақшасын төлемесе де, көшеге шығарып қойса кез келген қоқысты тастамай алып кетеді. Тұрғындардың оған да құлқы жоқ. Айына төлейтін адам басына 200 теңгеге қиналады. Зардабын өздері тартады. Ақша төлеген халыққа тіптен обал. 400 теңгеге көтереміз дегенде бәрі шулап шықты, қымбат деп. Кейбір ақшасын төлегендер міндетсіп бүкіл құрылыс қалдықтарын да соларға шығартқысы келеді. Тіпті элита саналатын ортаның да мәдениеті жоғары дей алмаймын. Көзімізбен көрген жайттар аз емес. Дәу-дәу машина мінгендер терезесін ашады да қоқыстарын лақтырып кетеді. Сонда элита деп жүрген олар осыны істесе, басқалардан не сұрауға болады? Арна ішіндегі қоқыстар саяжай жаққа жиналып, тоспаға барғанда судың екпінімен кәдімгі жарылыс болады. Қанша техникамен қоқыс шығарылып жатса, сондай қоқыс ағып келіп жатады. Айналып келгенде халықтың мәдениет дейгейі көтерілмеген. Бұл турасында басқа ештеңе айта алмаймын.
– Мәселеге қатысты нақты қандай шараларды қолға алдыңыздар?
– Көктемде түсіндіру жұмыстары да уақтылы жүргізіледі. Мысалы, міне, мына түбіртектер сол түсіндірме жұмыстарынікі. Үйлеріне барып қоқыс шығару үшін келісімшарт жасаңыз десек, бізде қоқыс жоқ деп бедірейіп тұрады ғой. Қазір ел бойынша екі айлық сенбілік уақыты басталды. Алдын ала айтқанымызбен ұяты бар бірнешеуі болмаса, оған өз еркімен шығатын адам болмайды. Мысалы, «Кендала ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ, «Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 35-бабына сәйкес, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыратындығын ескертеді.
Кеңдала ауылдық округінің елді мекендері аумағының ластануын, сондай-ақ аулаларды су басуын және басқа да төтенше жағдайларды болдырмау үшін сіз өзіңіздің жер теліміңіздің тазалығын және қоршау шетінен іргелес жатқан аумақты бақылауыңыз қажет (объектінің қасбеттік бөлігін тиісті қалыпқа келтіру және нысанға кіру бөлігін асфальттау, сондай-ақ қоқысты, түскен жапырақтарды жинау, қарды жинау, қоршауларды бояу, шөп шабу, арық жүйесіндегі тазалықты бақылау).
Кері жағдайда, сіздің әрекеттеріңіз ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабын бұзу – «қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қала мен елді мекендердің инфрақұрылым объектілерін бұзу, жасыл желектерін жою және бүлдіру» ретінде қаралатын болады. Бұл өз кезегінде қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын, сондай-ақ қалалар мен елді мекендердің инфрақұрылым
объектілерін бұзу, жасыл желектерін жою және бүлдіру – ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады» деген хабарлама барлық тұрғын үйлерге таратылады. Сонысен қатар аталған хабарлама округке қатысты барлық ауылдың Whatsapp чаттарына, әлеуметтік желілерге де салынды.
Қазір бір айлық есептік көрсеткіш 3450 теңгені құрайды. Жеке тұлғаларға салынатын айыппұл көлемі 20х3450, яғни 69 000 (алпыс тоғыз мың) теңге. Заңды тұлғаларға 30х3450, яғни 103 500 (бір жүз үш мың бес жүз) теңге. Еті өлліп кеткен тұрғындар осыған да пысқырмайды. Сәуір, мамыр айларында, сосын қыркүйек, қазан айларында міндетті түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады… Бірақ нәтиже жоқ… Әкімшілік құқық бұзушылықтың 505-бабы бойынша айыппұл салуға болады. Бірақ қолмен ұстап алған жағдайда. Ал қоқыс тастайтындар әдетте түнгі уақытта, ел ұйқыда жатқанда ойларына келгенді істеп кетеді.
– Тұрғындар тарапынан болатын тағы қандай құқықбұзушылықтар бар?
– Айта берсең көп қой. Мысалы, үйіне жақын жерден өтетін арықтар мен арналарға үйінен шығатын ыдыс, кір, беті-қол жуған, дәретхананың арам суларының құбырын қосып тастағандар бар. Сосын желмен бірге сасық иісі келсе шуылдап бізге келетіндер де жетерлік. Оларды анықтап, айыппұл салған кездеріміз болды. Ақдала ауылының қоқысын
«Арыстан» деген компания шығарады. Тіпті айтарға сөзің таусылып, күлкің келеді. Әкімнің есеп беру жиынында кез келген ауыл осы мәселені көтеріп жатады. 3-4 жыл болды, ақдалалықтар ондай мәселе көтерген емес. Олардың техникалары да мықты. Соларды жаңа құрылыс жаққа кіргізейік деп едік, өзара бәсекелестіктің кесірінен ана компания оған мүмкіндік бермеді. Бізге кім тазаласа да бәбір, таза тұрса болды. Бірақ олардың арасындағы әңгімеге тағы араласа алмаймыз.
– Ашық сұқбаттарыңыз үшін рақмет. Істеріңіз ілгері болсын!
P.S.: Естір құлақ пен көрер көз болса біраз мәселенің беті ашылды. Жетеге жетердей талай ащы шындықтар да айтылды. Ендігі жерде тұрғындар да әкімшіліктің жағасына орынсыз жармаса бергеннен гөрі, өздері тудырған мәселенің салдарына өзгелерді кінәламай, қоқыс тастау мәдениетін үйренсе құба-құп болар еді. Бүгін өз елімізді, өз жерімізді қоқысқа толтырып тастасақ, ертеңгі ұрпағымыздың болашағын кім ойлайды? Оларға таза жерін кім береді? Бір сәт сәп салып ойланып көріңізші!
Сұқбаттасқан
Жанбота Сұлтанмұратқызы