Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков Кеңдала ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында қарапайым халықтың мұң-мұқтажы тыңдалып, 2022 жылы атқарылған жұмыстарды қортындылап, 2023 жылдың даму жоспарымен бөлісті. Әкімнің ел алдында есеп беруін көптен күткен ауыл тұрғындары көкейкесті мәселелерін кезекпен жеткізуге тырысты. Аталған жиында ауыл халқы жарық, су, саяжай сынды мәселелерді алға тартты. Осыған орай Кеңдала ауылдық округіне өткен жылы бюджеттен 94 млн 634 мың теңге бөлінгені, оның ішінде көшелерді жарықтандыруға 12 млн теңге, санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге 4 млн 740 мың теңге, бау-бақшаны көгалдандыру жұмыстарына 8 млн 334 мың теңге қаражат жұмсалғаны туралы ақпар айтылды.
Әкімнің берген жылдық есебі бойынша ауылдың ойлы-шұңқыр жолдарын жөндеуге 3 млн теңге, елді мекендердің экономикалық дамуына жәрдемдесуге қатысты шараларды іске асыруға 7 млн 900 мың теңге қарастырылған. Мүлік салығы 4 млн 671 мың, жер салығы 3 млн 661 мың, жеке тұлғалардың көлік салығы 65 млн 951 мың теңгені құрайды.
Әкімшілік берген ақпарға сүйенсек, 2023 жылы Кеңдала ауылындағы Смакова көшесінде «Гурман» асханасы, «Big market» сауда кешені және «Кеңдала» қоғамдық моншасы өз жұмысын бастамақ. Жалпы қызмет көрсету саласы бойынша барлығы 38 нысан тіркелген. Онда 162-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Ал сауда обьектілерінің саны – 50. Кеңдала ауылдық округі бойынша 163 ауыл шаруашылық өндірушілері бар. Оның ішіндегі ең ірісі – «СПК Алматы». Бірнеше жеке кәсіпкер дәнді дақылдарды өсірумен айналысады. 2023 жыл бойынша ауылдық округте 36 шаруа қожалығымен 1400,96 гектар суармалы жерге келісім шарт жасалды. Ауылда 90 көше бар. Олардың жалпы ұзындығы 38,1 шақырым. Күре жолдардың 15,6 шақырымы асфальтталған. Алматы көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстарына 9 млн теңге бөлінген. Оған қоса Отырар, Береке, Райымбек көшелерін қайтадан қалпына келтіру жұмыстарына бюджеттен 45 млн-ға жуық қаражат қарастырылған. Жалпы өткен жылы 2022-нің басынан бастап ауылдық округ әкімдігіне атаулы әлеуметтік көмек алуға барлығы 720 адам өтініш білдірді. 312 отбасыға 149,0 млн.теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 2022 жылдың басынан 17 азамат 1 225 200 теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды.Жиын барысында алғашқылардың бірі болып сұрақ қойған ҚР Заң консультанттары палатасы төрағасының орынбасары Ғабит Өмірбек: «Мен кеше кешкісін Кеңдала ауылдық округіне барып қайттым. Сіздердің құжаттай көтеріп жатқан мәліметтеріңізге рақмет. Бірақ шындығында құжаттарыңыз іс жүзіндегі мәселеге сәйкес келмейді. Кеңдала саяжайының тұрғындары қарсы. Бірінші – жарық мәселесі. Ауыл тұрғындары 1 квт шамамен 30 теңге төлейді. Алайда тариф бойынша 21 теңге 85 тиыннан аспауы тиіс. Бұл қаншалықты дұрыс? Бұл сұрақтың нүктесін қоятын уақыт келді деп есептеймін. Қарапайым халықтың жағдайы өте нашар. Жарық, су жоқ газ тартылмаған. Тұрғындар әлі күнге дейін көмір жағып отыр. Көмірдің 1 тоннасы 30 мың теңгеден асып жығылады. Өкінішке қарай көптеген адамдар алаяқтардың құрбаны болып жатыр. Мен заңгер ретінде ауыл тұрғындарынан сенім хат алдым. Халықтың неге жарық үшін артық ақша төлеп отырғанын анықтайтын боламын. Екінші мәселе – саяжай статусы. Кеңдала ауылдық округінде тұратын халықтың саны 5000 адамнан асып кеткен. Саяжайларға ауыл мәртебесін беру керек деп есептеймін. Бұл мәселе әкімшілік тарапынан қарастырылып жатыр ма? Саяжай тұрғындары сізден оларға ауыл статусын беруді талап етеді», – деп халықтың көкейкесті мәселелерін көтерді. Бұл сұраққа жауап берген аудан әкімі Т. Айдарбеков: «Кеңес үкіметі кезінен бері саяжайлар елді мекенге кірмеген. Демалыс күндері қалада жұмыс істейтін тұрғындар егістік егіп, дем алып қайтатын орын болған. Жалпы Талғар ауданында 154 саяжай бар. Осы саяжайларда 180 мыңнан астам халық тұрады. Қазіргі кезде өзіңіз айтып отырғандай, халық тұрғылықты мекен етіп жатыр. Ол жерде бір қожайын ғана болады. Корперативтің өзінің төрағасы бар. Сол төраға үкіметтен бекітілген тарифпен жарық алады. Әрі қарай оның қалай сататыны туралы қадағалайтын департамент бар. Осыған шағымдануға болады.
Енді ауыл статусын беруге келсек, оның өзіндік бір талаптары бар. Көшенің ені, арық, тротуар т.б. белгіленген талаптарға сай келсе ғана ауыл мәртебесі беріледі. Аталған саяжайларға ауыл статусын беру жұмыстары 3 жыл бұрын басталды. Мәселелер өте көп. Миллиардтаған қаржы кетеді. Бұл сұрақты ауданның деңгейінде шеше алмаймыз. Арнайы карталарын жасап облысқа жібергенбіз. Үкімет көшелерді кеңейту үшін кейбіреулердің үйлерін сатып алады. Қазір бұл бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бас жоспар жасалады. Облыс тарапынан қандай шешім қабылданады, әрі қарай сол арқылы жұмыс істейтін боламыз», – деп жауап берді. Бұл ретте заңгер Ғ. Өмірбек: «Мен заңгер ретінде айтайын, ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 179-бабының талаптарына сәйкес ұжымдық арыз міндетті түрде қылмыстық іске тіркелуі тиіс. Демек халық ұжымдық арыз жазса тіркеліп, жан-жақты қаралуы керек. Алайда бұл кісілер жазып жатқан арыздар бүгінгі күнге дейін қараусыз қалып келеді. Егер ҚК 189 бабымен қылмыстық іс тіркелсе, аталған іс обьективті түрде зерттеліп, аудиттік сараптама тағайындалып, қарапайым халықтың ақшасы қайда кетіп жатқандығы белгілі болады. Сіз әкім болғандықтан халықтың хал-жағдайын білуіңіз керек. Осы айтылған мәселелерді жеке қадағалауыңызға алуды сұраймын!» – деп талап етті.
Аталған ауылдың тұрғыны әрі қоғам белсендісі Клара Хасанова: «Біздегі басты мәселе – жарық және оның қымбаттығы. Сонымен қатар саяжайлардың ауыл мәртебесін алуы. 2016 жылдан бастап осы және басқа мәселелер бойынша баспаған тауым, тоздырмаған табалдырығым жоқ. Талғар ауданында тұрып, Еңбекшіқазақ РЭҚ төлейміз, сол жерден жарық аламыз. Олар бізде жарықтың қанша рет сөнгеніне мән бермейді. Талғар АЭЖ-ның мәліметінше олар жарықпен қамтамасыз ете алмайды, қуат көзі жеткіліксіз. Мұнымен қоса біз әлі күнге дейін от жағып, күл шығарамыз. Бізге қашан көгілдір отын қосылады?» – деп түйіткілді мәселелерді тілге тиек етті.
Ақдала ауылының тұрғыны Гүлмайра Рахымжанқызы көшелерінің батпақ болып жататынын, көктемде қар еріп, жаңбыр жауса аяқ алып жүру мүмкін болмайтынын айтып: «Сабаққа кеткен балалардың үсті-басы батпақ болып, үйге әрең келеді. Балалар емес, өзіміз де қарыс жердегі дүкенге әупіремдеп зорға барып келеміз. Жолдың мәселесі қашан шешіледі? Аяғымызға целлофан байлап жүруден шаршадық!» – деп налыды. Ауыл тұрғынының жанайқайына құлақ асқан Кеңдала ауылдық округінің әкімі Алмас Нұрдәулетұлы: «Ақдала ауылындағы жолдың жай-жапсарын бес саусақтай білемін. Өткен жылы облыс әкімінің қабылдауында болғанда бұл мәселені ашып айтып, шұғыл шешілуі тиіс мәселелер қатарына кіргіздік. Кеңдала ауылдық округіне қарасты 4 ауылда 112 көше болса, оның 27-сі Ақдала ауылында. Өкініштісі мұнда тек 3 көшеге ғана асфальт төселсе, 16 көшеге қиыршық тас төгілген. 8 көше батпақ күйінде жатыр. Қалған көшелерді тұрғындар өздері тегістеп, тас төсеп, қолдарынан келгенше жасап алды. Осы жылы бөлінген қаржыға қарай орталық көшеден бастап жасайтын боламыз» – деп уәде етті. Кездесу соңында аудан әкімі Т. Айдарбеков әрбір тұрғынның талап-тілектері ескерілетінін, шешімін таппаған мәселелер бюджетке байланысты кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
Кәусар Әбдікерім