Ақдала ауылының мәселесі интернет қана емес…

Ақдала ауылының мәселесі интернет қана емес…

Толғауы тоқсан тіршілікте түйіні тарқамаған мәселе көп. Ауылды жерлердегі ахуал жыл санап жақсарып келеді дегенімізбен, мұнда түйіткілді мәселелер жетерлік. Ит арқасы қиянда дерліктей алыста болса бір сәрі, ауданның тап іргесінде тұрып өркениет көшіне ілесе алмай отырған ауылдар бар. Солардың бірі – Кеңдала ауылдық округіне қарас­ты Ақдала ауылы.

Бүгінде бұл ауылда 2900-ден астам халық тұрады. Урбанизация үрдісі тоқтаусыз жүріп жатқан аймақ ретінде ауыл жыл сайын кеңейіп, жаңа құрылыс аумағы да жылдам бой көтеруде. Демек жаңадан салынған тұрғын үйлер кезекті әлеуметтік мәселенің туындауына арқау болары анық. Оның ішінде жол, ауыз су, жарық, интернет, көгілдір отынмен қамту мәселесі өте өткір. Ауылдың бірнеше көшесі мүлдем жөнделмегендіктен тұрғындар көктем мен күз айларында тізеден балшық кешіп жүреді. Бұл жағдайдан жергілікті биліктің бұрыннан хабардар екенін айтқан жұрт, нақты шешім қабылдауға келгенде тиісті орындардың құлықсыздық танытатынына наразы. Қарапайым халықтың айтуынша, бүтін бір алқапқа шашырай орналасқан жұрт интернет былай тұрсын, қарапайым ұялы байланысқа зәру.
Алайда атқамінерлердің сөзіне сүйенсек, бүгінде еліміз 97% ғаламтормен қамтылған. Қазіргі кезде елімізде 117 қала мен 3324 ауылда кең жолақты интернет қол жетімді. Ол әр түрлі технологиялармен қамтамасыз етілген, солардың ішінде талшықты-оптикалық желі, 3G және 4G желілері. 2018 жылы Қазақстан әлемдік рейтингте ұялы байланыс абоненттері бойынша 21-ші орынға ие болған деген ақпар бар. Ал мына ауылдың оған еш қатысы жоқтай көрінеді. Редакциямызға әлеуметтік желі арқылы хабарласқан Ақдала ауылының тұрғыны Арай Байжанова Жаңақұрылыс көшесінде ұялы байланыс желісі мүлдем ұстамайтынын алға тартып: «Ақдала ауылында интернет жоқ. Талғардың түбінде отырып не интернетіміз, не асфальтталған жолымыз жоқ. Бұл сұмдық қой!», – деп ашынды. Ал көпбалалы ана Залина Жұмашева: «Бізде негізі мәселе интернет қана емес. Жолымыз көктем болса аяқ алып жүргісіз. WhatsApp-та келген хабарларымыз 5 сағат ойланып барып ашылады. Beeline-ның өзі зорға ұстайды. Оның өзінде ары-бері жүріп, ыңғайлы жер іздеп туыс-туғандарымызбен әупірімдеп әрең хабарласамыз. Ауыл тұрғындары болып Tele2 операторына хабарласып, мән-жайды түсіндірдік. Бір айдан кейін орнатып береміз деп уәде беріп, олар да жоқ болып кетті. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанды. Балаларыма қосымша сабақ ретінде онлайн оқу-әдістемелік бағдарлама сатып алып едім. Бірақ интернет дұрыс ұстамағандықтан оны оқи алмай отыр. Төлеген ақшам бекер күйіп кетті», – деген жанайқайын жеткізді. «Бізде интернет, wi-fi байланыс атымен жоқ. Бұған қоса жолымызға тіпті қиыршық тас та төселмеген. Құрғақ уәдеге тойған Жаңақұрылыс көшесі тұрғындарының жанайқайына құлақ түріп, түйткілді мәселенің түйінін шешуге қол ұшын берсеңіздер, газет оқырманы ретінде қуанып қалар едік. Бұл көше «лай-батпақ» көшесі атанғанына талай жыл болды. Себебі айрандай езілген көшеде аяқ басар жер жоқ. Әсіресе балаларымызды мектепке апару қиынға түсіп отыр. Облыс, аудан әкімінің сайтына қанша жазғанымызбен, құрғақ уәдеден басқа жауап естімей келеміз. Сондықтан ауылымызға келіп, қалыптасқан жағдайды өз көздеріңізбен көріп, халықтың жанайқайын тиісті орындарға жеткізулеріңізді сұраймыз», – дейді ауыл тұрғыны Мадина Сқақова.


Жалпы сырт көзге Ақдала ауылының жаңа қоныс аумағында басы артық мәселе жоқтай көрінеді. Үйлерде жарық бар, орталық су құбыры тартылған. Алайда тұрғындар бұл жетістікке өз күштерімен қол жеткізгенін айтады. Өйткені жарыққа қосылу, су құбырын үйге тарту және газ құбырын жүргізу үшін әр үй қомақты қаржы жинаған. Мәселен, бұл маңның тұрғындары жарық үшін 200-300 000 теңге, су құбыры үшін 100 -180 000 теңге көлемінде ақша жұмсаған. Ал көшені жөндеуге қарапайым адамдардың күші жетпейтіні анық. Бұл ретте көптің көкейінде жүрген маңызды мәселені жеткізген ауыл тұрғыны Айжан Бұхара: «Біз де қарап жатпай, өзіміз тұратын ауыл болғасын қолдан келген шаруаны атқарып жатырмыз. Үй-үй болып есік алдына, ортақ көшеге тас төсеуге тырысып-ақ келеміз. Бірақ біз төккен тас пен құм жерге сіңіп, жол болып жарытпай тұр. Көктемде жаяу жүру қиямет. Көліктер де жиі батып қалады. Оқушыларды үлкен жолға дейін жетелеп апарып, аяқ киімдерін ауыстырып кигіземіз. Балаларымызға аяқ-киімді 4-5-тен жұптан алып береміз. Тек аралықта қалаға өтетін үлкен жол бар. Сол тұстан балалар өтетін жаяу жүргінші жолағын салып беруді сұраған едік, әкім былтырғы есеп беруінде уәде еткен, әлі орындалған жоқ», – дегенді ашып айтты. Ал Мақпал Әділбекқызының айтуынша, көктем шықса қыз-келіншектер сәнденіп көшеге шығудан қалады. Аяқ киімдерін қос-қостан целлофанға орап көтеріп жүруге мәжбүр. Бұл ауылдағы ең өтімді тауар да осы. Лайдан қажыған жұрт бар болса резеңке етік киіп алғанды жөн көреді.
Тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдағаннан кейін Кеңдала ауылдық округінің әкімі Алмас Өмірзақовпен тілдестік. «Мен қай жерде, қандай мәселе бар екенін білемін. Бюджет қаражаты жеткенше жасалып жатыр. Осы жылға ұсыныс жібергенмін. Егерде қаражат жеткіліксіз болса, кейінгі жылдарға қалады. Кеңдала ауылына қарасты 112 көше бар. Барлық көшелерді біртіндеп жөндеп келеміз. Ал интернетке келетін болсақ, оған «Қазақтелеком» АҚ жауапты», – дегенді алға тартты.
Мұң-мұқтажын арқалаған қалың жұрт сәуірдің 4-і күні аудан әкімі Таңат Айдарбековтің жеке қабылдауына жазылғандарын да жеткізді. Ал тұрғындар билік өкілінің уәжіне тоқтап, уәдесіне сенген кейіп танытқанымен, жағдайдың жақын арада шешімін табатынына бәрібір күмәнмен қарайды. Сол себептен ауылға қатысты мәселені аудандық газет назарда ұстаса екен деген тілек білдірді. Сондықтан реті келгенше елге болысып, ауыл мәселелерін алдағы уақытта да баспасөз бетінде жариялап отыратын боламыз.

Кәусар Әбдікерім