«Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі – жар таңдағанда, екіншісі – мамандық таңдағанда» деп Мұқағали Мақатаев атамыз бекер айтпаса керек. Мамандық таңдау – болашағыңды таңдау деген сөз. Адам өмірде өкінбейтіндей, өз қабілеті мен бейіміне қарай кәсіп түрін таңдауы қажет. Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне сүйенуі керек.
Бұл ретте адам өз-өзіне «Мен кіммін?», «Қалай өмір сүремін?» деген сұрақ қоя отырып, жауап іздегені абзал. Мысалы, көптеген оқушылар ды ата-анасы, туыстары, мұғалімдері өзі қаламаған мамандықты таңдауға мәжбүр етеді. Ал кейбір жастар «диплом алып алайын, қалғанын көре жатармын» деп ойлайды. Дәл осылай ойлаған қаншама адам қанша уақытын жоғалтты десеңші? Өзге салада жұмыс істеп жүргендері де жетерлік. Әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты екенін ескерсек,мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдаған жөн. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы керек. Қазіргі кезде қалтасында екі немесе одан да көп дипломы бар жастардың саны артқан. Бірақ мамандығын сүймейді, сүймеген соң қиындығын жеңіп, игеріп те кете алмайды. Соңында өзі қалаған салаға кетеді. Міне, сүйікті ісіңмен қалауыңша айналысу үшін мамандық таңдаудың маңыздылығы осында жатыр. «Мамандық» сөзі латын сөзінен шыққан, «жұрт алдында сөйлеу, жариялау» дегенді білдіреді. Есте жоқ ескі заманда мамандықтың қазіргідей түр-түрі болмаған. Әр адам барлық жұмыспен өзі ғана айналысқан. Дегенмен әйелдер мен ерлерге деп бөлінетін жұмыстар болған. Ерлер аң аулап, үй тұрғызып, қару-жарақ жасаса, әйелдер жеуге жарамды өсімдіктерді жинап, тамақ пісіріп, киім-кешек тігіп, бала тәрбиелеген. Заман өзгерген сайын адам да жетіліп, нарықтық қарым-қатынас пайда болды. Қоғам дамып, түрлі жұмыстар пайда болды, сан алуан мамандықтар ашылды. «Атамекен» ҰКП жанындағы Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бисенбаев: «Мамандық бойынша жұмыс істейтіндердің үлесі «Денсаулық сақтау» бағытында 70%, «Педагогика» бағыты бойынша 51%-ды құрады. Ал «Құрылыс» бағытында бітіргендердің 34%-ы және «Ауыл шаруашылығы» бағыты бойынша тек 7%-ы мамандығы бойынша жұмыс істейтіні анықталды.
Көп жағдайда талапкерлердің кәсіби бағдарлау деңгейі жеткіліксіз болғандықтан, мамандық таңдауға келгенде қиындықтар кездеседі. Білім алушылар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі көпшілігінің мамандықты грант болғаны үшін, ата-анасының немесе достарының кеңесі бойынша таңдағанын көрсетті. Жоғары оқу орнына құжат тапсырарда сол мамандықты бітіргеннен кейін қай жерде жұмыс істей алатыны, қандай маман болып шығатыны туралы хабардар болмаған», – деген ақпар айтты. Талғар ауданының тұрғыны Гүлзада Рахымжанқызы: «Бала кезімде үлкендер «Өскенде кім боласың?» деп сұрайтын. Осы сұрақтың жауабын іздеу өзіме де қызық болды. Есейе келе гуманитарлық саланы таңдайтынымды түсіндім. Себебі санға емес, сөзге, тілге жақын болдым. Әлемде көптеген мамандық пен жұмыс бар. «Адам неге оның біреуін ғана таңдап, өмір бойы тек сол салада жүруі керек?» деген сұрақ мені жиі мазалайтын. Алғашында мұны балалық деп қабылдадық. Кейін мамандық деген мынаны көрем, ұнамаса, басқасын ала салам дейтін тауар емес екенін түсіндім. Біресе заңгер, біресе мұғалім болам дедім. Заң саласына бару үшін дүниежүзі тарихын жақсы білу керек екен. Түптеп келгенде мұғалім болдым. Таңдауыма еш өкінбеймін. Қазіргі таңда қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беремін. Қолдан келгенше қызмет етіп, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып келемін», – дейді ағынан жарылып.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сенде бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан,
– деп ұлы Абай Құнанбаев айтқандай, мамандықты дұрыс таңдау өз мақсатыңа жету жолындағы зор мүмкіндіктерге жол ашады. Бастысы өзің қалағандай жұмыс таба алатын мамандықты іздеу керек. Көп адамдар жалақысы жоғары кәсіптерді ғана қарастырады. Шындығында таңдалған мамандық жаныңа ләззат әкелуі тиіс. Уақытымыздың көп бөлігін жұмысқа арнағандықтан, ол біздің мүдделеріміз бен мүмкіндіктерімізге сәйкес келіп, қуаныш әкелгенін қалаймыз. Адам жұмысқа ақша қажеттілігі үшін емес, өз ісін ұнатқандықтан баратын болса, бұл оны бақытты етеді.Барлық мамандықтар өте маңызды, кейбіреулері математикалық қабілеттілікті, басқалары шығармашылықты, ал үшіншілері физикалық дайындықты қажет етеді. Жақсы немесе жаман мамандықтар жоқ, сізге ұнайтын немесе ұнамайтындары ғана бар. Өмірде бәрі өзара байланысты болғандықтан, дұрыс таңдалған кәсіп өмірдің барлық салаларына әсер етеді. Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған. Ол үшін мамандығыңызға деген махаббат керек. Мамандыққа деген махаббат пен карьерист болу екеуі – екі бөлек нәрсе. Шын көңілмен, махаббатпен істелген жұмыс қана нәтиже бермек. Екінші сөзбен айтқанда, мамандығыңыз сіздің сүйікті ісіңізге айналуы қажет. Бұл жағдайда адам жұмысқа ерекше құлшыныспен кірісіп, жұмысынан ләззат алады. Сондықтан мамандық таңдауда қателеспей, өз өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалауға құлшыныңыз.
Кәусар Әбдікерім