Қызыл Қайрат ауылдық мәдениет үйінінің дәстүрлі әнші-әдіскері әрі көркемдік жетекшісі, халықаралық сыйлықтың лауреаты Надыхан Манайұлымен сұқбат
– Надыхан, әуелі өзің туралы айтып өтсең. Халқы саф өнермен сусындаған, тамашасы әсте таусылмаған Талғарға қалай тап болдың?
– Алдымен аналарымызды алда келе жатқан 8-наурыз халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтап қояйын. Мерекелеріңіз құтты болсын! Барлық анаға амандық тілеп, балалары бақытты болсын дегім келеді!
Атамекенге 2008 жылы ата-бабамның – сақ пен ғұнның сан ғасырлық тарихы жатқан, жартастарда бүгінге дейін жалғасқан қолтаңбасы қалған қазақтың өр өлкесі – Алтайдың арғы жағындағы Хобда бетінде орналасқан Баян-Өлгий аймағынан оралдым. Тағдыр тауқыметін тартып, әр тарапқа тарап кеткен қазақтар Көк Байрағын көкке көтерген шақта – тәуелсіздік алған тұста ел бақыты баянды болсын деп атажұртқа ағылған ағайынның жалғасымын. Ол жақта өнер институтын бітіргенмін. Алатау баурайындағы табиғаты тамылжыған Талғардың киелі топырағына табан тіреп, елге еңбегіміз сіңсін деген мақсатпен қазақ өнерінің қарашаңырағына тамшыдай болса да үлес қосып жүрген жайымыз бар.
– Құпия болмаса, қазір қай жерде, қандай қызмет атқарасың?
– Қазіргі уақытта Қызыл Қайрат ауылының Мәдениет үйінде дәстүрлі әнші-әдіскер, көркемдік жетекші болып қызмет атқарамын. Қанмен келген өнер болған соң анау айтты бірдеңе тындырып тастамасам да, Алланың берген кәсібін нәсіп етіп келе жатырмын.
– Жалпы сахнадан сән кетті ме, әйтеуір өнер адамының көбі қазір той жағалап, түрлі желілік сауданың жарнамасын жасап жайына кетті. Әннен де мән кеткендей… Осы туралы ой қозғасаң…
– Сахнадан сән кеткен жоқ, әнімізден мән кетті. Абайша айтсақ, «Әннің де естісі бар, есері бар…» екені рас. Бірақ бүгінде есті әннің азайғаны – шындық. Сахнаның сәнін келтіріп, халықтың құлақ құрышын қандыратын, тәрбиелік мәні зор әндеріміз көп болса ұлт руханиятының да бір тірегі нығая түсер еді. Жасыратыны жоқ, желікпе-елікпе әндер тым көбейіп, әнші біткен той жағалап, тойхана аралап кетті. «Талғамға талас жоқ» қой. Бірақ кейде тыңдарманның да таңдауы, талғамы сол шығар деген ойға қаламын. Дегенмен көпке топырақ шаша алмаймын, өйткені «өнерге әркімнің де бар таласы» деген бар. Тек ән қайда айтылса да, тәрбелі-тәлімді болса ойлаймын. Қалай десек те әркім өз пұшпағын иелегені жөн болар еді. Тойдың әншісі онсыз да аз емес, ал сахнаның әншілері киелі сахнаны сатқандай болмауы керек деп есептеймін. Сондықтан қазақ қазынасының бір бөлшегі болған дәстүрлі әндерді хал-қадірімше дәріптеп келемін. Қазақ өнерінің қаймағы бұзылмаса, ұрпақтан-ұрпаққа саф қалпында жетсе қандай ғанибет болар еді!…
– Бүгінгі эстраданың мақтауынан даттауы көп. Тойдың «топалаң» әндері алға шықты деген пікір бар. Ал дәстүрлі әндер мен әншілер тыңдарман талғамынан қаншалықты шығып жүр? Жалпы бұл өнердің тыңдарманы көп пе?
– Дәстүрлі әннің тыңдаушысы аз деп айта алмаймын. Қара домбыраны қасиет тұтатын қаны қазақтың бәрі дәстүрлі өнерді жан-тәнімен сүйеді. Рас, бір кездері кенжелеп қалған кезі болды. Қазір қайта түлеген қырандай қанатын кеңге жайып келеді. Халық та күмбір күйін, дәстүрлі әнін ерекше ілтипатпен іздей бастады. Кешегі Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Сегіз сері, Мұхит Естай, Жаяу Мұсадан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі әннің бүгінгі дәруішіне айналған аға буынның басында Қайрат Байбосынов тұрса, одан бері де Рамазан Стамғазиев, Ерлан Стамғазиев, Тілеулес
Құрманғали, Ерлан Рысқали, Нұржан Жанпейіс секілді арқалы әншілеріміз бар.
– Өнер қанмен келіп, сүйекпен кететін қасиет екені ақиқат. Ата-анаң, ұстазың туралы айта кетсең…
– Бұл өнер маған қанмен келген. Отбасымызда әкемнің анасы азулы ақын кісі болған. Әрине өнерімді өрбіткен алтын құрсақ анам мен сал-сері болған асқар тауым – әкем еді. Сосын туған ағам Қадыхан, баян-өлгийлік атақты әнші Шерікбай Ұнатұлы секілді асыл жандар өнердегі бет түзеген құбылама айналды. Дәстүрлі өнердің қайнарынан қанып ішуіме себепкер болған адамдардың мен үшін орны бөлек. Ал ұстазым – Ерлан Стамғазиев ағам. Ол кісі екеуіміз Қызыл Қайрат мәдениет үйінде қатар қызмет атқардық. Көрген-білгенімізді кейінгі ұрпаққа үйретіп, шәкірт тәрбиелеп жүрген де жайымыз бар. Қазақтың әуелеген ән-күйін домбыраның құдіретімен ұқтырып, ұмытпай, ұлықтай білетін ұрпақтан күтер үміт те көп. Ұмытылып бара жатқан халық әндерін қайта жандандырып, ұлт қазынасын қаз қалпында өзіне қайтарсақ деген ой бар. Осы мақсатта бар күш-жігерімізді жұмсап, шама-шарқымызша атсалысып жатырмыз.
– Отбасы демекші, жалпы қанша ағайынсыңдар? Олар да өнерден алыс емес шығар?
– Отбасымызда әкемнен тараған он баламыз. Барлығымыз өнерліміз. Бірақ мәдениет салсасында, өнер өлкесінде жүргеніміз үшеу. Алдымдағы ағам Қадыхан, кенжеміз Ғылымқыл және мен. Ғылымқыл қазақ радиосында диктор болған. Қазір осы саладағы білімін Түркияда жетілдіріп, оқу оқып жатыр. Қара домбырамыздың қасиеті тұрғанда қара тұяғымыздан хал кеткенше осы өнердің өріндеміз.
– Менің түсінігімде, өнер де болсын, жалпы қай салада болмасын, бірінші тазалықтың, сосын кәсібиліктің бағасы биік. Кімдердің аттарын атап, өнерін жоғары бағалайсың?
– Рас, «Лақ сойса да қасапшы сойсын» деген ұлы сөз бар қазақта. Бұл тұрғыдан алғанда әсіресе ән әлемінде адасқан «бөтен қой» көбейгенін ашық айтуымыз керек. Алайда көңілге қуаныш ұялататыны, бұл үрдіс дәстүрлі ән өнерінде емес. Ал дәстүрлі өнерде жүрген аға-апа, іні-қарындастарымыз бұл өнердің қадірін жете түсінеді. Сондықтан бәріміздің илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы болғандықтан анау анадай, мынау мынадай деп бөліп-жарып баға бере алмаймын. Оның үстіне өзімді де сондай жоғары деңгейдегі кәсіби әнші деп санамаймын. Қазір біреуін айтсам, біреуі ұмыт қалып ренжіп жүрер. Толық аты-жөндері де жөпелдемеде еске түсе қалмайды ғой. Дәстүрлі әннің бір ерекшелігі өңірлік өзгешелікке толы екенін білесіздер. Әр мектептің қалыптасу тарихы мен орындалу тәсілі, қалыптасқан тәмсілі, айтулы әншісі бар дегендей. Бәрін тізіп айтып тауыса алмаспын. Бірақ дәстүрлі ән өнерінде өз қолтаңбасы қалыптасқан Сәулежан, Қайрат, Жасұлан сияқты әншілерді айта кеткен жөн.
– Осы салада жүргендердің басты мәселесі қандай? Оны шешу жолдары туралы ұсынысың бар ма?
– салада жүргендердің басты мәселесі – қазақтың салт-дәстүрі сіңген саф өнердің қаймағын бұзбай кейінгі ұрпаққа дәріптеу. Осы арқылы қазақтың бар болмысын сақтап қалу. Бүкіл қазақы тәрбие мен тәлімнің бастауы осы әндерде жатыр. Киелі домбырамен өрелі өнерді дәріптеп жүргендердің бұдан өзге басты мәселесі жоқ деп есептеймін.
– Жақында ғана Райымбек ауданында өткен келелі жиыннан оралдың. Мұқағалидай ақиық ақын елінің жаңалығымен де бөлісе кетсең.
– Иә, жақында Хантәңірінің мұзбалағына айналған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ұйымдастырылған әдемі, әсерлі кештің куәсі болдық. Ақын мұражайы мен Қарасаз мәдениет үйінде көптеген өнерпаздармен жолығып, өзара тәжірибе алмастық. Атақты Қарасаздың дастарханынан дәм татып, елін аралап, жерін көріп, төрінде аунап-қунап, сый-сыяпатын алып
қайттық. Алыс-жақыннан барғандардың барлығын марапаттап, ынталандыру сыйлықтарын табыс етті.
– Жастар үшін аға буын өкіліне айналдың. Оларға да айтарың бар шығар…
– Қазақ жастары қай уақытта болса да алғы буынды, аға буынды үлгі тұтып, ұлттық өнер мен салт-дәстүрімізді ұмытпауы керек. Қазақы қалыптан айнымай, келер ұрпаққа ата-баба аманатын жеткізу бүгінгі біздің де, ертеңгі бала буынның да басты парызы деп білемін. Өнер өлкесіндегі қазақ қолтаңбасының қуатын айқындап, ұмытпай, ұлықтай жүру ләзім. Біздің де бар арман-мақсат осы мүддеге тоғысқан. Сондықтан табысымыз еселенбесе де, талабымызды ұштап, аманатқа адал
болу үшін қолдан келгенше атсалысып келеміз. Алдымыздағы аға буынды жаға тұтып, өнеге алсақ, кейінгі бауыр буынға үлгі болуға тырысамыз. Ел ертеңі – көкөрімдей көгершін жастар. Ендеше олардың да өнер өлкесіндегі сапарларына сәттілік тілеймін! Ел аман, жұрт тыныш болсын!
– Әсерлі әңгіме болды, рақмет. Өнерде өрлеп, өмірде биіктей бер!
Сұқбаттасқан
Жанбота Сұлтанмұратқызы