Бүгінде елімізде кәсіпкерлікпен айналысам деген жандар үшін барлық жағдай жасалған. Еңбектенген адамның екі қолына бір күрек қайдан да табылады. Осы бағытта үкімет тарапынан жасалып жатқан сан түрлі бағдарламалар да тиімділігін көрсетуде.
Өз кезегінде берілген мүмкіндікті пайдаланып, игілігін көріп жатқан жандар да баршылық. Соңғы уақытта Талғар ауданында мемлекеттік бағдарламаның қыр-сырына қанығып, көмек алып жатқан көптің қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – Жанерке Ерболатқызы. 32 жастағы көпбалалы ананың мамандығы – есепші. Көпбалалы ана – Талғар қаласының тұрғыны. Кішкентайынан тігіншілікке әуестенген ол шешесіне көмектесе жүріп осы өнердің құпиясын меңгерген. Қазір өз ісінің нағыз шеберіне айналған. Жанерке жасаған бұйымдарды тамашалаған жұрт тарапынан түскен тапсырыстар саны да артқан. Жұмысын жандандыру үшін аудандық жұмыспен қамту орталығына жүгінген Жанерке өз ісін 2020 жылы пандемия басталған кезде бетперде тігуден бастаған. Бірнеше жыл үйінде жұмыссыз отырған келіншек тігіншілік өнерін жеке кәсіпке айналдырып, бизнесін ашуды ойластырады. Осы мақсатта алдыңғы жылы мемлекеттік қайтарымсыз гранттан 1 225 200 теңгені ұтып алады. «Ісім өнсін десең, ретін тап» дегенді басты қағидасы деп білетін кәсіпкер: Жұмыс жоқ деуге болмайды. Қолымда бар тігін машинасымен көрші-қолаң, таныстардан тапсырыс алып, үйден тігін тігуді бастағанмын. 21 күн бойы онлайн курстан өттім. Кейін бизнес жоспарымды дайындап, сертификат алдым. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау бизнес» жобасы бойынша арнайы курсқа қатыстым. Жобамды сәтті қорғап, 1 225 200 теңге қайтарымсыз грантқа ие болдым. Бөлінген қаражатқа 3 тігін машинасын және қажетті технологиялық жабдықтарды сатып алдым. Осылайша шағын тігін цехымды аштым. Осының арқасында ісім ілгері басты. Ең бастысы ешкімге алақан жаймай, бұйырған несібемді тауып жүрмін. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген бар», – деп жұмысының жай-жапсарымен бөлісті. Оның қолынан шыққан көрпе-жастық, перде, қамзолдар сияқты қажетті бұйымдар өзіндік ерекшелігімен көз тартады. Үйінің ішінен ашқан шағын кәсібін ұлғайтып, тігін цехын ашқан Жанерке алдағы уақытта оның жұмыс көлемін арттырып, қомақты табыс көзіне айналдырамын деген жоспарымен де бөлісті.
Кәусар Әбдікәрім