8-наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Талғар ауданындағы «Аяла» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында үлкен және кіші топ балаларымен «Қуанса, балалар қуансын!» атты қайырымдылық шарасы өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараның басты мақсаты – даму мүмкіндігі шектеулі балғындар мен олардың аналарына қуаныш сыйлау. Айтулы шараны аудандық жастар ресурстық орталығы мен «Кәусар бұлақ» мүгедек балалар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Мерекелік шара қонақтарының бірі Нұргүл Сейдахметқызы 14 жасар Мәншүгін ерте келіпті. Туғанынан сал ауруына шалдыққан балапанын алақанына салып аялап отырған ол аналық парызын жауапкершілікпен атқаруда. «Мен қызымды үйде өзім оқытамын. Әрине қиындықтар бар. Біз сияқты ата-аналарға балалары үшін әрі психолог, әрі педагог, әрі логопед болуларына тура келеді. Кейде үміт үзіп, еңсеміз түсетін уақыттар да болады. Бірақ барлығы жақсы болатынына сенеміз. Балалар барлығын сезеді. Сондықтан біз олар үшін мықты болуымыз керек», – дейді ол. Ал 6 жасар Мединаның анасы Мақсатты да ала келіпті. Медина кішкентай болса да ерекше балаларды тәрбиелеу өте қиын екендігін түсінеді. Сондықтан үнемі анасына көмектесіп, үй шаруасына қолғабыс етуге тырысады. «Менің інім 4 жаста. Есімі – Мақсат. Біз онымен дойбы, шахмат секілді үстел ойындарын ойнағанды жақсы көреміз. Бауырым екеуіміз театрға барып, саябақта серуендегенді ұнатамыз», – дейді бала жүрек балапан. Шара соңы мерекелік концертке ұласып, «Кәусар бұлақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Айдос Аукен мен жастар ресурстық орталығының жетекшісі Мөлдір Абатайқызы орталықтағы 35 балаға сый-сияпат табыс етті. Қамқорлық т анытқан азаматтарға орталық ұжымы алғысын білдіріп, ризашылық танытты.
Кәусар Әбдікерім