Еңбекшіқазақ ауданы Тұманбай Молдағалиев атындағы мәдениет үйінде «Ұлы әнімсің, жұмағымсың – анашым!» атты 8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесіне арналған мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты шараға түрлі салада қажырлы еңбек етіп, ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің шыңына көтерілген, мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуінде парасаты мен пайымын, күш-жігерін арнаған нәзікжандылар мен көпбалалы аналар қатысты.
Мерейлі мерекемен құттықтаған аудан әкімі Алтай Мәшікұлы барлық әйел затын шуақты көктемге теңеп, тіршіліктің бастауына балап: «Ақ жаулықты аналар, әдемі арулар, баршаңызды 8 наурыз — халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әйел –Ана! Тіршіліктің күре тамыры, ыстық ықылас пен ыждаһаттың, мейір-махаббаттың қайнары. Осы бір тамаша көктем мерекесі әйелге тән әдемілік пен нәзіктіктің мәңгі белгісі сияқты. «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, енді бір қолымен әлемді тербетеді» деп жатамыз. Қазіргі таңда әйел тек отбасының берекесі ғана емес, мемлекеттік және саяси мәселелерге араласатын қоғамның белсенді мүшесі. Сондықтан елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыру айрықша маңызды. Күш-жігерлеріңіз сарқылмасын!» – деп ақ жарма тілегін арнады. Ынтымағы жарасқан Еңбекшіқазақ ауданында 40-тан астам ұлт өкілі тұрады. Олар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып дамудың даңғыл жолына қадам басып келеді. Бұл мерекеде де әр ұлттың өнерпаз жастары аналар мен ару қыздарға арналған жырдан шашу шашты. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Роза Исабаева барша аналарды мерекесімен құттықтап, құшақтарын гүлге толтырған берекелі-бейбіт өмірге шүкірлік етіп, халқымыздың қаракөздеріне ортаймас бақыт тіледі. Әйелдер – әлемге мейірім мен жаңа өмір сыйлаушы нәзік жан иелері. Әрбір шаңырақтың шаттығын жарастырып отырған аяулы жандарға зор құрмет көрсету – қай ұрпақтың да перзенттік парызы. «Ер елдің иесі, әйел – үйдің киесі» дегендей, отбасындағы береке-бірлікке, өмірдегі әсемдік пен нәзіктікке жолбасшы бола жүріп, айналасына инабаттылықтың нұрын сепкен аналарымыз қашанда құрметке лайық. Қазіргі таңда ұрпақ тәрбиелеуде ғана емес, билік пен бизнесте, саяси-экономикалық және әлеуметтік ахуалды ер азаматтарымен иық тірестіре жүрген қыз-келіншектер – бүгінде ел мақтанышы.
Зорагүл Әбдіқадір