Аудан әкімі Таңат Айдарбековтің Тұздыбастау ауылы тұрғындарымен кездесуіне ауылдық округтің әкімі Шыңғыс Толымбеков, аудан әкімінің орынбасары Оразхан Қаспақбаев және Талғар аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары қатысты. Жиналған қауым алдында Шыңғыс Толымбеков өткен жылы жасалған істердің есебін беріп, биылғы атқарылар жұмыстардың жоспарымен бөлісті.
Әкімнің ел алдында есеп беруін көптен күткен тұрғындар барлық мұң-мұң мұқтажын, ауыл мәселесін жеткізуге асықты. Солардың бірі Гүлжаһан Кәрібаева: «1996 жылдан бері осы ауылда тұрамын. Содан бері мен тұратын Сұлтан Бейбарыс көшесі құжат жүзінде асфальтты болғанымен, осы уақытқа дейін онда не асфальт төселмеген, не жарық жүргізілмеген. Мектепке барар жолда белшемізден батпақ кешіп, зорға жетеміз. Балаларымыздың кейпін көрген ұстаздары таза жүрмейсіңдер деп ұрсады екен. Қолында құзіреті бар қанша адамның есігін қаққанымызбен ештеңе өзгерген жоқ. Құрғақ уәдемен шығарып салады. Халықтың жанайқайын тыңдайтын адам бар ма?» – деп іштегі базынасын жеткізді. Сөзінің жаны бар екенін айтқан әкім «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегенді алға тартып, аталған мәселені осы жылы ауыл ақсақалдарымен және белсенді азаматтарымен кеңесе отырып, шешім қабылдайтынын жеткізді. Қарапайым халықты ең көп мазалайтын сұрақтар – көшелерге асфальт төсеу және жарықтандыру, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Ескірген электр бағаналарын жаңартып, жоғары кернеулі электр қуатына қол жеткізу. Бұл – жағдай тек Тұздыбастау ауылында ғана емес, ауданымызға қарасты барлық ауылдық округтердің басты мәселесі екені ескерсек, бір жиынмен шешілетін мәселе емес екені де анық. Аудан әкімі келді деген соң шағымын айта келген Айжарық ықшам ауданының тұрғыны Тілебалды Серіков: «Айжарықтағы жалғыз жолда жаяу жүргіншіге арналған жол мүлде жоқ. Халық көлікпен қабаттасып жүр. Бұл жағдай тынымсыз ойын балалары үшін аса қауіпті. Тар жолда көлікпен жарысқан балалар бірін-бірі итеріп, қуалап ойнайды. Оқушы балаларымыз сабақтан оралғанша жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Республикалық маңызы бар Алатау тас жолында да жол жиегі жасалмаған. Осы жолда жол белгілері де қойылмаған. Өткен жылдың 20 қазанда үлкен апат орын алып, салдарынан екі адам қаза тапты. Сол оқиға болған күні ғана жолдың жағасын жасап, қажетті бергілерін қойды. Бұл жағдай біздің ауылда да орын алуы мүмкін. Сонда адам шығыны болмай ештеңе жасалмай ма? Біздің ықшам ауданға автобус керек деп сұрап келе жатқанымызға да көп болды. Халықтың бәрінде бірдей көлік бар деп кім айтты? Балаларымызды жетелеп жаяу-жалпы орталық көшеге әрең жетеміз. Біздің ықшам ауданда ешқандай жағдай жасалмаған…», – деп сұрақты төтесінен қойды. Аталған сұрақ бойынша жауап берген Ш. Толымбеков дәл осындай мәселелердің ауылдастар арасында ашық талқыланып, әділ шешілетінін жеткізді. Ал көлік мәселесі бойынша сұраныстар бергенін, алда халықтың бұл тілегі жерде қалмайтынын айтты. Айтылған пікірдің аса орынды екенін жеткізген аудан әкімі Таңат Айдарбеков жауапты тұлғалар мен құзырлы орындарға нақты тапсырмалар жүктеп, көпке созылған шаруаны жуық арада шешуді тапсырды. Ауылдарына жаңа сайланған жас әкімнің жұмыстарына табыс тілеп, елеулі өзгерістерге жасайтынынан үміт еткендер де болды. Маңызды мәселелердің шешімі қарастырылған айтулы жиында әл-Фараби көшесінде тұратын Күлайша Рахимова: «әл-Фараби көшесінде асфальт жоқ. Өз қаржымызға су тартып, тас төсетіп, өз қотырымызды өзіміз қасып келеміз. 30 жылға таяу уақыт болды. Әлі күнге дейін дені түзу жолға жарымадық. «Пара бергенше бара бер» дегендей, жағдайымызды айтып бармаған жер, баспаған тауымыз қалмады. Өткен ғасырдың ортасында бой көтерген мекеме ауыл халқы үшін тым шағын. Жылдан-жылға кеңейіп бара жатқан елді мекенге емханамен қатар мектеп те керек. Жалпы білім беретін №13 мектеп 950 балаға шақталғанымен, онда 2480 оқушы білім алуда. Мектептің алдындағы Қазыбек би көшесі ертелі-кеш кептелістен көз ашпайды. Ауысым аралығында балалар тар көшеге сыймай кетеді. Сейдахмет көшесінің де екі жанында жаяу жүргіншілерге арналған жол жоқ. Оқушылар амалсыз көліктің жолымен жүреді. Балапандарымыздың өмірі үшін алаңдаулымыз. Кімнің есігін қақсақ та, ақшаның жоқтығын сылтауратып, аузын қу шөппен сүртіп шығарып салады. Жазда жаңбыр жауса, жол жиегіндегі жүйткіген машиналар шашыратқан судан қашарға жер таба алмаймыз», – деп налыды. Сондай-ақ жол жасау мәселесінде ауыл тұрғындарымен ақылдасып шешім қабылдаймыз деген әкімнің уәдесіне күмән келтірген кейуана дәл осындай уәде берген әкім-қаралардың жеме-жемге келгенде басын таудай, аяғын қылдай қылып кететінінен жалыққандарын да жасырмады. Айсұлулық Аслан Рығынбаева халықтың наразылық шарасына шығуына себеп болған су мәселесінің әлі де еш өзгеріссіз тұрғанына наразы. «Талғар су» мекемесінің қарамағына өтетіні туралы айтылғанымен, жабулы қазанның жабулы күйде қалғанын айтып, мәселенің не себепті ескерусіз қалғанына сұрау салды. Бұл сұраққа жауап берген Таңат Есенкелдіұлы «Таласбаева» ЖШС-ның құжаттарындағы шикіліктің себебінен бұл шаруа тоқтап тұрғанын атап өтті. Сондай-ақ қажетті құжаттар қалпына келтіріле салысымен аталған мәселенің оң шешімін табатынын да тілге тиек етіп, қатаң қадағалауға алатынын ескертті. «Құрғақ қасық ауыз жыртады» дегендей, осы күнге дейін талай уәденің дәмін татқанмен, шешімін көрмеген көп мәселені көтерген тұрғындар аудан әкіміне ауыл мәселесінің мән-жайын барынша жеткізуге тырысты. Ал атқамінерлер болса қордаланған мәселелердің біртіндеп шешілетінін алға тартып, тұрғындарды сабырлыққа шақырды. Демек айтылған ауыл мәселелерінің қашан, қалай шешілетіні уақыт еншісінде деген сөз.
Зорагүл Әбдіқадір