Жуырда өткен дүние жүзілік Азаматтық қорғаныс күніне орай Жамбыл ауданының барлық мекемелерінде қауіпсіздіктің алдын алу іс-шаралар өткізілді. Жамбыл аудандық Білім беру мекемелерінде Төтенше жағдайлар гарнизоны және аудандық әкімшілік және білім бөлімі қызметкерлерін жұмылдыра отырып, Ұзынағаш ауылындағы Ұзынағаш орта мектебінде сейсмикалық оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілді. Оқу-жаттығу барысында дабыл бойынша адамдарды ғимараттан қауіпсіз жерге эвакуациялау, жарақат алған адамдарға алғашқы медициналық жәрдем көрсету және жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік ережелері мен іс-қимылы түсіндірілді.
Іс-шараға арнайы қатысқан Жамбыл аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Ерсін Жағыпаров: — Құрметті мектеп ұжымы және оқушылар! Бұл жаттығуды өткізудің өзіндік мәні бар. Өздеріңіз білесіздер алыс-жақын мемлекеттерде сан түрлі табиғи апаттар мен зіл-зала орын алды. Қаншама адамзат одан зардап шекті. Апат айтып келмейді. Сақтықта қорлық жоқ. Біз кез келген табиғи апаттарға дайын болғанымыз абзал. Бүгінгі жаттығуда сіздер ғимараттан қалай қауіпсіз сыртқа шығу керектігін, апат болған жағдайда ең алдымен не істеу керек, осы және өзге сұрақтарға жауап алдыңыздар, — деп табиғи апат бола қалған жағдайда қандай шараларды қабылдау керек екенін атап өтті. Тек Ұзынағаш орта мектебінде ғана емес, ауданның жалпы білім беретін әр елді мекендегі нысандарында да дәл осындай жер сілкінісі және төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдар бойынша алдын ала брифингтер жүргізіліп, сейсмикалық жаттығулар пысықталды. Ал бейсенбі күні Ынтымақ ауылында «Көктем-2023» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар өтті. Ондағы мақсат – көктемгі су тасқынының алдын алу, төтенше жағдайларға дайын болу, сақтық шараларын күшейту. Аталған оқу-жаттығуға аудан әкімі Нұрлан Ертас, Алматы облысы ТЖД бастығының орынбасары Данияр Қасымов, облыстық және аудандық азаматтық қорғау қызметтері, №28237 әскери бөлімі, облыс аудандары мен қалаларының жергілікті атқарушы органдары, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары, жергілікті полиция қызметкерлері, еріктілер ұйымдары, сондай-ақ ТЖ департаментінің аумақтық бөлімшелері қатысты. Шара барысында Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылы мен Ынтымақ ауылындағы үш негізгі учаске бойынша, су тасқынына жол бермеу мақсатында алдын алу іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде 60 текше қатты-тұрмыстық қалдықтар шығарылды, 1,5 шақырым бұрма арналарды жырту, арық желісін кеңейту және тереңдету бойынша жұмыстар атқарылды. Осы өткізілген іс-шаралардың арқасында аудан орталығындағы 150-ден астам нысан су басу қатерінен арылды.
Ерлан Төлегенов
Жамбыл ауданы