Көктем – күзде жасалған қыс қамының аяқталып, қаптың түбі қағылар кез. Сүрдің соңы наурызға деп сақталатын әдемі шақ. Бірақ қыста жейміз деп қап-қап қылып жиып алған құрттың да таусылып қалатыны мен секілді құрт жегіштерге қиын тиетін еді. Бүгінде өзім де бірнеше баланың анасы болып, аналар ісін жалғастырып отырғанымды ойлап кеудені шаттық кернесе, кейде бала күнгі қылығым есіме түсіп, күлкім келеді. Аналар мерекесі қарсаңында сондай бір әсерлі сағыныштың бір парасын жазып қалдыруды жөн көрдім. Сіздің де сарытап сағынышқа айналған әдемі балалық шағыңыз еске түсер.
Нағашы апамды бізден кейінгінің бәрі тәте дейміз. Тәтем бала дегенде шығарға жаны бөлек адам. Әрқайсысымыздың жақсы көретін тәтті-тәпсегімізді дайындап жүреді. Қабырғаға орналасқан есігі құлыптанатын шкабы болатын. Қазынаның бәрі соның ішінде. Өзі сондай аңғал тәтем кейде оның кілтін есігінде ұмытып кетеді. Әншейінде жоқтан өзгеге таласып, улап-шулап жүретіндеріміз дәл осы кезде басымыз бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ым-жымымыз бір бола қалатын. Мұндай орайы келген сәтте бір-бірімізге ымдай қойып, үндемей тәтемнің кеткенін күтеміз. Тәтем кете бергенде шкафтағы тәтті-тәпсекке қырғидай тиеміз. Керегімізді алған соң:
– Кілтті ұмытып кетіпсіз ғой, – деп түк болмағандай көзіміз күліп апарып беретінбіз.
– Ойбу, қожанасырмын ғой. Ертең не жейсіңдер ал? Ай, өзімнен де бар, ұмытшақпын ғой осы… – деп күле-күле кілтін алып жататын. Бірақ қант-кәмпиттің қат кезінде қайдан алатынын білмеймін, әйтеуір сол шкафтың ішін қайта толтырып қоятын. Қыстан қалған-құтқан құрт та соның ішінде тұратын еді. Сабаққа барарда шешем тап-тұйнақтай қылып формамды кигізіп, шалғышымды шалып жібереді. Қалай сабақ бітеді, солай тәтеме тартамын. Ауам (нағашы атамды солай атайтынбыз) үйі мен мектептің және біздің үйдің арасы жап-жақын. Күзден бастап қыс біткенше күнде барып құрт жейтін әдетім еді. Үйде тұрса жемейсің ғой. Тәтем берген құрттың дәмі ерекше болып тұратын. Бірнешеуін ала кетіп, үйге жеткенше аузымның айналасы сатпақ-сатпақ боп жол бойы кеміремін. Ол кезде бәрі жақсы. Таза жүрем. Қызықтың көкесі көктем келіп, құрт біткенде басталады. Тәтем қаптың түбін қағып маған беру үшін құрттың қоқымын жинап қоятын және оны менен басқа ешкімге бермейтін. Мүмкін менен басқалары оны жемейтін де шығар, кім біледі?! Бірақ менің сүйікті асым болатын.
– Тәте, мен келдім, құрт салып беріңізші. Тез үйге кетейін! – деп айқайлай кіргенде, қасына шақырып бауырына басып, маңдайымнан сүйеді де:
– Ащылап келдің бе? Алдымен бір шыны айран ішіп ал, – деуші еді жарықтық. Қатық-айранды қант қосып ішіп бола бергенде:
– Әкел қалтаңды. Құрт бітті ғой, мұны жемесең ащылап кетерсің… Бұл біткенше құрт та шығып қалар. Барын базарлай тұр! – деп шалғыштың екі қалтасын толтырып құрттың қоқымын салып береді. Қой мың, жылқы жүз. Жәкең үйге тартады. Танертеңгі тап-таза түрден түк жоқ, ағал-жағал, алқам-салқам, қара формам ақала, ақ шалғышым қара ала болып үйге келемін. Сабақтың киімі ертең киюге келмейді. Шешем байғұс көрген жерден шыр-пыр боп:
– Көшеде осылай жүргеннен ұялмайсың ба? Сені де оқушы дейді ғой. Мұғалімнің баласы деп кім айтады? Біреу көрсе мына байғұс аш екен дейді ғой…, – деп ұрысқан болады да, үстімдегі киімнің бәрін қағып-сілкіп, жуып-шайып, мұнтаздай қылып тазалап қояды. Ертеңінде таз кейпімді қайта киемін. Кем дегенде бір ай көктемдегі бейнеті осы. Ұрысқан болып көрінгенімен, түрімді көріп күлкісі келіп тұратын. Күнде форма тазалағаннан жалыққанымен, тәтеңе барма деп маған, мынаған құрттың қоқымын бермеңіз деп тәтеме айта алмайды. Қорыққандықтан емес, ата-ана сыйлағандықтан бір ауыз қарсы сөз айтпайтын. Сатпақ түрім ауам мен әкем марқұмға қатты ұнайтын. Ауам:
– Бамбухай, қоқымыңды жеп ал (мені еркелетіп солай атайтын).
Құрттың қоқымын жеген жақсы ғой, шешеңнің таяғын қайтер екенсің? Ұрысса маған айт, – деп күлетін. Үйге сенімді келетінмін. Өйткені алдымда арқа сүйер әкем отыратын. Үнемі:
– Балаға ұрыспа, киімін қағып-қағып қоя сал, – деп айналып-толғанып, арашалап алушы еді. Көзім ғана жылтырап сатпақ-сатпақ аузымды екі жеңіме кезек сүртіп, әкемнің бауырына тығылушы едім…
Қайғысыз-қамсыз қайран балалық-ай! Сол күндердің сағынышқа айналарын кім білген десеңші!?…
Жанбота Сұлтанмұратқызы