Түркияда болған соңғы 100 жылдағы жойқын жер сілкінісі салдарынан Газиантеп, Хатай, Османие, Адана, Малатия қатарлы 10 ірі қалада ғимараттар қирандыға айналып, мыңдаған адам қаза тапты. Баспанасыз қалғандардың жайы тіптен ауыр. Бұл жағдай тек түрік елінің ұйқысын бұзған жоқ, әлем халқын алаңдатты. Жан-жақтан қол ұшын созып, көмек көрсетуге әлем халқы атсалысып жатыр.
Әдетте көпбалалы аналар туралы сөз болса отбасы-ошақ қасынан, балаларының қамынан қолы босамайтын жандар көз алдымызға келдеді. Алайда ағайын басына іс түскенде ауданымыздың көпбалалы аналары да сауапты істен қағыс қалмады. «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген осы болса керек. Гүлзада Бегімбетова бастаған ауданымыздың көпбалалы аналары түрік емханаларында және баспанасыз қалған адамдарға қажетті көрпе-жастықтың жетіспейтінін ескеріп, қиыншылық қыспағында қалған бауырларымызға арнап өз қолдарымен көрпе тігуге кіріскен. «Алтын алқалы» ана бұл шаруаны қолға алуға не себеп болғанын түсіндіріп: «Ана жүрегі махаббатқа, мейірімге толы. Аналарды өз отбасы, балалары ғана толғандырмайды. Олар барша адамзат баласы жыламаса екен деп тілейді. Меніңше, ұрпақ өсіріп отырған бар ананың қалауы осы. Түрік елінде болған жағдай бізді де бейжай қалдырмады. Әлеуметтік парақшалар арқылы қирандының астынан құтқарылып жатқан балаларды көргенде көз жасымызға ерік бердік. Отбасынан айырылған аналардың ботасын іздеген боз інгендей боздаған дауысы құлағымнан кетпейді. Үйіндінің астында қаншама жан құтқарушыларды сарыла күтіп жатып жан тапсырды? Ойласам жүрегім сыздап кетеді. Бала қайғысының қаншалықты ауыр екенін жақсы білемін. Осыдан біраз жыл бұрын көлік апатынан 14 жастағы қызымнан қапияда айырылып қалдым. Сол күннің жаныма салған жарасы әлі жазылған жоқ. Жаратушымыз баланы анамен, ананы баламен сынамасын. Мұндайда бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымыз керек. Жасаған қайыр-садақа келе жатқан бәле-жаланың алдын алады демей ме?! Осындай қиын жағдай ешкімнің басына келмесін. Еліміз аман, жеріміз тыныш болса, балапандарымыздың болашағы да нұрлы болады!» – деді жанарынан тамған мөлдір тамшыларды сүртіп. Көпбалалы ана осындай игі іске қол ұшын беруге қайнысы Шыңғыс Токкулов себеп болған айтады. Алматы қаласында «Ем-дом» атты жеке емханасы бар азамат қаржылай демеуші болған. Осыған дейін де «Аманат» партиясымен бірлесе отырып тұрмысқа қажетті керек-жарақтар жіберген. Көпбалалы аналардың сауапты ісін қуана қостаған Найля Бейсенбайқызы да өзінің кәсіп үйренушілерге арналған шеберханасын тегін беріп, үлкен қолдау көрсеткен. Тігін машинасының тілін білетін Гүлнұр Шабданова Қайнар ауылдық округіне қарасты Жалғамыс ауылынан келген. Жолдың алыстығын айтпағанда, жолақысына күніне 2000 теңге жұмсайды. Бұл іс шаршатпайтынын, керісінше жаны тынышталатынын айтқан ол: ««Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген бар. Келіп көмектесуге мүмкіндігі жоқ аналар шама-шарқынша қаржылай көмек берді. Демеушінің берген қаржысы жетпей, өз қалтамыздан шығарып, кем-кетігімізді толтырдық. Бауырлас халқымыз қиналып жатқанда қалай тыныш ұйықтаймыз? Бас аман болса, дүние табылады», – дейді. Алты баланың анасы, «Күміс алқа» иесі Шолпан Әдишова енді ғана екі жасқа толған кішкентай қызын өзімен бірге ерте келіп, кешке дейін жұмыс істеген. Қаржылай көмек беруге шамасы болмаған ана осылай үлесін қосқанына риза. Аналар тіккен көрпелерінің көп кешікпей мұқтаж жандарға жететініне қуанышты. Бар жұмысты аптаға жеткізбей еңсерген шебер аналар енді матрас тігіп беруге де келісіп отыр. Бұл жолы да жылдам әрі сапалы дүние жасаймыз деген олар: «Барлығы тек Алла разылығы үшін. Ешкімнен ештеңе дәметпейміз. «Бүлінгеннен бүлдірге алма» деген бар. Түскі ас әкеліп беріп, еңбегімізді бағалап жатқандар да баршылық. Көпбалалы аналар мемлекеттен көмек алуды ғана емес, көмек беруді де біледі. Балалар мен ересектерге арнап тігілген 100 жұп көрпе-жастық осы аптадан қалмай мақсатты жеріне жетеді. Жалғасты көмек беруден де жалықпаймыз», – деген ойын жеткізді. Алтын құрсақты аналардың игі ісінің мән-жайын білуге барғанымызда «Жасаған жақсылығымызға жарнаманың керегі жоқ», – деп сұқбат беруден бас тартты. Ия, халқымызда «Оң қолыңмен бергенді сол қолың көрмесін» деген сөз бар. Алайда шын пейілмен жасалған жақсылықтың жалғасы болсын деген ниетпен аналар атқарған игі істің мән-жайын жазып отырмыз.
Зорагүл Әбдіқадір