Республика бойынша білім беру саласында аяғынан ақсап тұрған басты шаруаның бірі – үш ауысымды мектеп мәселесі. Кезек күттірмейтін өзекті мәселеге айналған осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында еліміз бойынша 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу жоспарланғаны белгілі. Алматы облысында да бұл бағыттағы жұмыстар қызу жүргізілуде. Әсіресе алып мегаполис іргесінде орналасқан аудандарда мектеп құрылыстарын салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Мәселен, Іле ауданы Боралдай ауылында орналасқан бес мектептің үшеуінде оқушылар 3 ауысым бойынша білім алады. Өткен жылы осы кенттегі бұл мәселені шешу үшін 1500 балаға арналған жаңа мектеп құрылысы басталған. Қазіргі уақытта басым бөлігі аяқталған құрылыстың ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Жергілікті атқамінерлердің айтуынша осы жылдың екінші жартысында қолданысқа берілетін мектеп құрылысын салуға 4,5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл ретте «Жетісу» арнасының тілшісіне берген сұқбатында аталған құрылыстың бас инженері Ернұр Қыдыров: «Мектеп құрылысында негізгі 3 оқу блогы және 3 әкімшілік блок қарастырылған. 4 және 5 блок әкімшіліктікі болса, 6 блок – үлкен спорт зал. Қазіргі таңда ішкі өңдеу-жөндеу жұмыстары толық жүргізіліп жатыр. Ауа райының қолайсыздығына байланысты сыртқы жұмыстар әзірге тоқтап тұр. Ақпан айының соңында оны да қолға алатын боламыз», – деп сендірді. Боралдайда қарқынды жүріп жатқан жұмыс тек мектеп құрылысы ғана емес. Сонымен қатар жаңадан кәріз жүйесін тарту жұмыстары да тоқтаусыз жүріп жатыр. Бұл мақсаттағы жұмысты толық жүзеге асыру үшін 550 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, екі кезеңнен тұратын құрылыс жұмысының біріншісінде кәріз жүйелері негізгі магистраль бойынша жүргізіледі. Маусым айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған шаруаның атқарылмаған тұсы қыруар болса да учаске бастығы Айдар Рақымжанов: «Жоба 9,5 шақырымды қамтиды. Бұл ретте 170-ке жуық тұрғын үй мен 100 нысанға кәріз жүйесі жүргізілетін болады. Қазір Ломоносов көшесінде жұмыс қарқыны айтарлықтай жоғары. Жалпы кәріз жүйелерін орнатуды өткен жылдың қазан айында бастағанбыз. Осы жаздың соңына қарай бітіреміз деген ойдамыз», – деп атап өтті. Ауылдағы басты көшелерді абаттандыру мен балаларға арналған ойын алаңқайларын салуға және басқа да құрылыс жұмыстарына қомақты қаржы бөлінгенін алға тартқан Боралдай ауылдық округінің әкімі Данияр Қоңырбаев: «Елді мекендерді абаттандару бағдарламасы аясында көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелер ретімен шешіліп жатыр. Футбол алаңы бұрын жекеменшіктің қолында болған. Былтырғы жылы келісім шарт жасасып, әкімшіліктің теңгеріміне өткіздік. Аталған алаңның құрылысын жүзеге асыру үшін 39 миллион теңге қаражат бөлінетін болды. Бұйыртса, футбол алаңы толығымен жаңартылып, ел игілігіне берілетін болады. Сонымен бірге ұзындығы 300 метрге жуық аллея жасалатын болады. Оған 55 миллион теңге бөлінді», – деп бірнеше жақсы жаңалықпен бөлісті. Ел игілігі үшін қандай игі жұмыс атқарылса да артық болмасы анық. Осы орайда Боралдай кентінде атқарылып жатқан шаруалар легі көңіл қуантады. Тек арты сиырқұймышақтанып созылып кетпей, жоспарланған уақытында ел игілігіне тапсырылса деген тілек бар.
Жанбота Сұлтанмұратқызы