223 мәслихатқа 3415 депутат сайланады

223 мәслихатқа 3415 депутат сайланады


18 ақпанда Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі және мәслихаттың депутат­тарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарларына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарды тіркеу кезеңі аяқталатынын хабарлады.

Орталық сайлау комиссиясының 1999 жылғы 13 шілдедегі № 15/214 қаулысымен сайлау бюллетеніне саяси партиялар атауларын енгізу туралы ережесі бойын­ша жеребе өткізіліп, әр саяси партияның сайлау бюллетеніне енгізілетін нөмірі анықталды. Жеребе қорытындысы бойынша орындар төмендегідей бөлінді: 1. «AMANAT» партиясы; 2. «Ауыл» партиясы;        3. «Respublica» партиясы; 4. Қазақстан Халық партиясы; 5. «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы;  6. «Ақ Жол» партиясы; 7. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия. Бюллетеннің соңында «бәріне қарсымын» графасы орналасқан.Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес 19 нау­рызда өтетін мәжілістің кезектен тыс сайлауымен қатар сол күні жергілікті мәслихат­тардың депутаттары да сайланатын болады.

Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша 1447 кандидаттың 118 партиялық тізімі тіркелді. «Ақ жол» ҚДП-сынан барлық 20 өңірде 199 кандидат, «AMANAT» партиясынан барлық 20 өңірде 692 кандидат, «Ауыл» ХДПП –сынан 20 өңірден 136 кандидат, «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан» 18 өңірден (Қостанай облысы мен Жетісу облысынан басқа) 89 кандидат, Қазақстан Халық партиясынан барлығы 20 өңірден 172, «Respubliсa» партиясынан 20 өңірден 159 кандидат тіркелген. ЖСДП-сы өңірлер бойынша партиялық тізім ұсынбаған. Кандидаттардың орташа жасы — 43,8 жас, 29 жасқа дейінгі — 182 , 434 -әйел (30%), 1013 — ер адам. Орталық Сайлау комиссиясы.

Ал Талғар аудандық мәслихаттың депутаттығына бірмандаттық аудандық сайлау округтері бойынша үміткерлердің тіркелуі туралы ресми ақпаратқа сүйенсек, аудан бойынша 25 ауылдық округке берілген 25 мандатқа барлығы 62 үміткер тіркелген. Оның 23-ін «Аманат партиясы» ұсынса, өзін-өзі ұсынғандар саны 33, «Халық» партиясынан 3, «Ауыл» партиясынан 3 үміткер ұсынылған. Осыған қатысты Талғар аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхит Дүйсебаев: «Аудандық мәслихатқа 62 үміткер сайлауға түседі. Үміткерлерді тіркеу барысында 8 адам өтініштерін өз еркімен қайтарып алды. Округтік сайлау комиссиялары құжатының толық болмауына байланысты 5 үміткерді тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылдады. Осы тіркелген үміткерлер өздері және жұбайлары үшін мүліктік декларация тапсырған. Біз оларды салық комитетіне өткіздік. Олар да өз тарапынан тексеру жұмыстарын жүргізеді. Активтері дұрыс көрсетілмеген, декларациясы нақты тапсырылмаған үміткерлер заңды түрде тізімнен шығарылатын болады», – деп атап өтті. Жастар ерекше атсалысып, үгіт-насихат жұмысы қызу жүріп жатқан бұл сайлаудың бұрынғыдан өзгерек болатын түрі бар. Өйткені алдағы сайлау туралы сан алуан пікір айтылып, халық көкейде жүрген көп сұрағының шешімін тапқысы келеді. Осы орайда Мәжіліс пен мәслихат сайлауына қатысты пікір білдірген саясаттанушы  Данияр Әшімбаев: «Бірмандатты округтерді қайтару моделінің өзі – үлкен басымдық, енді біз сайлау комиссиясының қалай өтетінін және партиялар бізге не ұсынатынын көреміз. Бір жыл кеш, не ерте өтуі мүмкін еді. Бірақ мәселе мынада: бізге Үкіметке бақылаудағы тиімді жұмыс істейтін әкімдіктер қажет. Бұл тұрғыда мәслихаттар атқарушы билікке тым адал болып шығады. Сонымен қатар олар толығымен партиялық тізімдер бойын­ша сайланған кезде және басқарушы партияларды әкімдер мен депутаттық құрам басқарғанда атқарушы биліктің айтуымен құрылды. Енді тәуелсіз депутаттар үшін алшақтық пайда болды. «AMANAT» атқарушы биліктен алыстап кетті және менің ойымша, партияның тәжірибесі бар екенін ескере отырып, жеңіске жету мүмкіндігі зор», – дегенді алға тартты. Сондай-ақ ол: «Жаңа партиялардың ішінен «Respublica» осы уақытқа дейін бірде-бір филиал ашқан жоқ. «Байтақтың» 20 өңірде үш филиалы ғана бар. Бұл ұйымдастырушылық жұмыстың үлкен сәтсіздігі. Имидж­дік іс-шаралар жақсы, бірақ үлкен мәлімдемелерден басқа, қарапайым жұмыс қажет», – деп атап өтті. Бұл туралы Azattyq Ruhy сайты хабарлады. Пікір алуандығының болуы заңдылық десек те, дауыс беруде жіберетін олқылықтардың орынын толтыруға, келеңсіздіктердің жолын кесуге болады деп есептейтін РR мамандардың пікіріне сүйенсек, дауыс беруді толығымен электронды форматқа көшіру арқылы бұл мәселені оңтайлы шешуге болады. Мәселен, сайлау сайын оның 100% әділ өткеніне күдікпен қарайтын халықтың күмәнін сейілту үшін дауыс беруді толықтай цифрландыру керек деген белгілі PR маман Ербол Азанбек: «Нағыз әділ сайлау өткізу керек болса, дауыс беруді цифрландыру керек. Мұны жасау қиын емес. Әр адам даусын сайлау өткен соң да қадағалай алады. Тіпті дауыс берген адамы депутат болса, оның мәжілістегі жұмысын да бақылай алатын, сұрақ қойып, белсенділігіне дауыс беріп отыратын, тіпті дауысын қайтарып алатын да мүмкіндігі бар қосымша жасауға болады. Берілген дауыстың 20 немесе 30%-ы қайтып алынса, депутаттық мандаттан автоматты түрде айырылады. Бұл техникалық тұрғыда мүмкін. Бірақ… Мүмкін 10 жылдан кейін?» – деген пікір білдірді. Ал осы сайлаудан халықтың күтері көп екенін ескерсек, бұл ретте филология ғылымдарының докторы, профессор Анар Бек мынадай маңызды 7 факторды атап көрсетті: 1993 жылғы Ата заңды қайтару, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын институттарды дамыту, тіл заңын қайта қарау, қазақ тіліне өзге тілді қосарлауды қою, қазақ тілі – мемлекеттік және ұлтаралық қатынас тілі болғандықтан өзге тілдерге бөлек мәртебе беруге болмайды, бала бақшаны толық мемлекеттік тілге көшіру, бұл – әлемдік тәжірибе, кеңсе тілі толық мемлекеттік тілге көшуі, ғылым тілі – қазақ тілі болу үшін, шетелдік басылымға басымдық беру тоқтатылып, республикалық журналдардың мәртебесін көтеру, рухани жаңғыру идеясын іс жүзінде жүргізу». Бұл ретте әлеуметтік желі беттерінде осыған ұқсас пікірлердің, оның ішінде қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатындағы жазбалардың көбейгенін көруге болады. Көпшіліктің пікіріне көз жүгіртсек, ҚР Конституциясының 7-бабы, 2-тармағында жазылған және Қазақстан Республикасы «Тiл туралы заңының 5-бабындағы: «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген мәтінді алып тастауды талап етуде. Олардың ойынша, қазақ елі аумағында тек қазақ тілі мемлекеттік және ресми тіл болуға тиіс.

Еліміздің Парламент Мәжілісі депутаттарының мандатына үміткер саяси партиялардың 7 тізіміне 281 кандидат енгізілді. Әрбір саяси партия әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар адамдардың қажетті өкілдігін сақтайды. Жалпы барлық партиялық тізімдер бойынша бұл санаттар 38,1% құрайды. Кандидаттардың орташа жасы 45,7. Депутаттыққа кандидаттар арасында 29 жасқа дейінгі 19 адам бар. 80 әйел (28,5%), 201 ер адам тіркелді. Саяси партиялар тізімге 12 этностың өкілін енгізді. Республика бойынша 223 мәслихатқа сайланатын 3415 депутаттың 668-і облыстық мәслихаттарға, 617-сі қалалық мәслихаттарға, 2130-ы аудандық мәслихаттарға сайланатын болады. Ал облыстық мәслихаттарға сайланатын 668 депутаттың 334-і партиялық тізімдер бойынша өтеді.

Халықаралық байқау институты ашылғаннан бері 9 шет мемлекеттен және 3 халықаралық ұйымнан 79 байқаушы аккредиттелгенін мәлімдеген ОСК хатшысы Мұхтар Ерман: «Сыртқы істер министрлігі тағы үш мемлекеттен жеті бақылаушыны тіркеуді ұсынды. Ал ОСК шақыруы бойынша Қазақстанға Армения Республикасынан 2, Грузиядан 2, Франция Республикасынан 3 бақылаушы келеді», – деп атап өтті. ОСК өз кезегінде ұсынылған бақылаушыларды тіркеу туралы қаулы қабылдаған. Сондай-ақ ОСК баспасөз қызметі Мәжіліс сайлауында үгіт-насихат жұмыстарын әлеуметтік желіде заң талаптарын сақтамай жүргізген азаматтарға әкімшілік жаза қолданылатынын хабарлады. ОСК атап көрсеткендей, сайлауалды үгіт-насихат материалдарын әлеуметтік желі парақшаларында жариялау үшін парақша иесі БАҚ сияқты 14 ақпанға дейін Орталық сайлау комисиясына, аймақтық сайлау комиссияларына ақпараттық хабарлама прайсын жіберіп, сайттарына тіркелуі тиіс. Сонымен қатар егер қолданушы кез келген әлеуметтік желіде қандай да бір үміткер туралы ақпарат жазса, үміткер сайлаудан шеттетілмейді, тек жазбаның авторына әкімшілік жаза қолданылады. Осыған байланысты ведомство тарапы: «Автор тек өзінің пікірін жаза алады. Егер материал өз пікірі есебінде жазылса, ол кезде жауапкершілік қарастырылмайды. Ал егер кандидаттың тапсыруымен берілген материал болса ол кезде жаза қолданылады», – деген пікір білдіріп, қаржыландыру мәселесі де болмауы қажет екенін атап көрсетті. Онда: «Мысалы, видеороликтер немесе үгіт жүргізетін материалдарға қаржы бөлінсе, ол кезде де жаза қарастырылады. Кандидатпен келісімшарт бойынша жұмыс істегісі келген адам өз ұсынысын ОСК-ға жіберуі тиіс», – делінген.

Жанбота Сұлтанмұратқызы