Күн жылынып, көктем жақындап келеді. Алда жуын-шашын молайып, су тасу қаупі артатын кезең тұр. Талғар ауданы таудың етегінде орналасқандықтан елді мекендерді су алу қаупі жоғары. Синоптиктердің болжамынша, биылғы маусымда Алматы маңайында жауын-шашын мөлшері орташа деңгейден 13%-ға жоғары және Алматы облысына көктем бұрынғыдан ерте келеді. Наурыздың бірінші онкүндігінде ауа температурасы +2 +7 градусқа дейін, күндіз +10 +15 градусқа дейін көтеріледі деп күтілуде.
Еліміз бойынша 127 мыңнан астам үй су басу қаупі бар аймақта орналасқанын айтқан төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин ел бойынша көктемгі тасқынға дайын емес екендігін жеткізді. Әне-міне дегенше көктем де келеді. Күн жылыған кезде су тасқыны салдарынан кейбір аймақтар жылда әбігерге түседі. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, қардағы су қорының мөлшерін, топырақтың күзгі ылғалдылығын, оның қату тереңдігін талдай отырып, Ақмола, Абай, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс
Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Жетісу облыстары су тасқынының қаупі бар өңірлерге жатқызылған. Бүгінгі таңда су басу қаупі жоғары 255 елді мекен, су жайылуға бейім 482 автомобиль және 600-ден астам теміржол учаскелері, су қорғау белдеулерінде 309 елді мекен бар. «Ақтөбе және Алматы облыстарында қазірдің өзінде кейбір елді мекендерді су басып жатқаны туралы фактілер бар. Ауа райының алдағы күндердегі болжамына зер сасақ, ақпан айында оңтүстікте ауа температурасы мен жауын-шашын нормадан жоғары болуы мүмкін. Бұл – «айтып келетін апаттың» нағыз өзі. Сондықтан оңтүстік өңір әкімдіктері осы бастан су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейтулері керек», – деді Әлихан Смайылов. Премьер-министр барлық өңір әкімдері қарды, әсіресе ауылды елді мекендерде уақтылы шығаруды қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты су тасқыны кезеңіне дайындық және жедел шаралар қабылдау мәселелері және осы бағытта істеліп жатқан жұмыстар бойынша Талғар аудан әкімі Таңат Айдарбеков шұғыл штабтың жиналысын өткізді. Қалың қар мен мұздың еруінен су жиналып, өзендерде су деңгейінің айтарлықтай көтерілуі мүмкін. Сондықтан жауапты мамандар мен мекемелерге осы бағыттағы жұмыстарды күшейту тапсырылды. Осы орайда Талғар ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Еркебұлан Тергеусізовті сөзге тарттық. «Талғар ауданы көктемгі су тасқыны кезеңінің алдын алу бойынша бізде облыс көлемінде 1 ақпаннан бастап 10 наурыз аралығында су тасқыны кезеңінің алдын алу айлығы өтеді. 30 қаңтарда Талғар ауданының төтенше жағдайларды алдын алу және зардапты жою комиссиясының 2023 жылға жоспарланған отырысы өтті. Талғар қаласының әкімі және ауылдық округ әкімдеріне су тасқынының алдын алу, арық желілерін тазалау бойынша тапсырмалар берілді. Сонымен қатар инертті материалдар, су сорғыш құралдарын жарамды күйде ұстау қажет. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жергілікті ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, аудан аумағындағы су тасқыны болуы мүмкін 10 қауіпті аймақты анықтап, арнайы актілер жасалды. Аудан бойынша су тасқыны болуы мүмкін деп саналатын қауіпті аймақтарға Белбұлақ, Бесағаш, Тұздыбастау ауылдық округтары жатады. Тұрғындарды хабарландыру үшін 28 құлақтандыру электродабылдар жүйесі іске қосылған. Сондай-ақ 10 гидротехникалық тоған әлі де суға толған жоқ. Бұл тоғандар «Талғар ирригацияның» қолында. Аталған тоғандарда бүгінге дейін су ағу немесе су толу жағдайы болған жоқ. Талғар өзеніндегі платинада бір гидробөгет жұмыс істейді. Бұл бөгет күнделікті су деңгейі бойынша мәлімет жіберіп отырады. Анықталған 10 аймақта су тасқынын алдын алу мақсатында қалалық әкімдік және ауылдық окугтер арықтарды тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл көктемде су басу кезеңі біткенге дейін жалғасады. Апаттық жағдайдың алдын алу үшін 11 техника, 93 маман қажетті құралдарымен сақадай сай тұр. Сондай-ақ әрбір округте 5 500 дана құм толтырылған қап дайын. Ал тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуациялауға 11 ауылдық округтегі 32 мектеп дайын. Сонымен қатар төтенше жағдай орын алғанда халықты азық-түлік қорымен қамтамасыз етуге аудан әкімдігінің аппараты 5 кәсіпкермен келісім-шарт жасасқан», – деген мәлімет берді. Жауапты мамандар мол суды тасқын болдырмай аудан аумағынан жоспарлы түрде өткізіп жіберуге дайын екендіктерін айтады. Алайда апат айтып келмейтіні тағы бар. Қалай десек те қауіпті аймақтар барлық сақтық шараларын қолданып, көктемгі тасқыннан тұрғындар зардап шекпейтіндей дайын болғаны жөн.Талғар ауданының тұрғындары су тасқынының алдын алу штабына 2-00-47, 2956672 немесе 101 телефон нөмірлері арқылы хабарласа алады.
Кәусар Әбдікерім