Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» 2022 жылғы 3 наурыздағы № 826 Жарлығына сәйкес Талдыбұлақ ауылына қарасты Х. Әбдіғұлов атындағы №34 мектеп-гимназиясында Белбұлақ ауылдық округінің әкімі Нұрбол Досымбаевтың Талдыбұлақ және Бірлік ауылдарының тұрғындарымен жоспарлы кездесуі өтті.
Жалпы жер көлемі 52307 га-ды құрайтын Белбұлақ ауылдық округіндегі халық саны бүгінде 22 355-ке жеткен. Оның ішінде Белбұлақ ауылында – 10198, Бірлік ауылында – 4252, Талдыбұлақ ауылында – 7905 тұрғын тіркеуде тұр. Белбұлақ ауылдық округі бойынша 2022 жылы – 65 «Алтын алқа»,73 «Күміс алқа» иесі, 481 көпбалалы отбасы, 194 мүгедек, 1709 зейнеткер, 14 жетім бала тіркелген.
Жылдың қорытынды есебі бойынша жасалған баяндама барысында округте 314 шаруа қожалығы тіркелгені, олардың көбі хал-қадірінше халықты жұмыспен қамтып отырғаны айтылды. Әкім айтқан ақпарға жүгінсек, Белбұлақ ауылдық округінде 156 көше тіркелген болса, оның 72-сіне асфальт төселген. Автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 120 шақырым 800 метрді құрайды «Белбұлақ ауылдық округінің тұрғындарын ауыз сумен «Нұра топтық су құбыры» Алатау филиалы қамтамасыз етуде. Округтің су құбыры желілерінің ұзындығы – 34,3 шақырым. Округ бойынша қолданыста 8 су тарату колонкасы, 4 су қоймасы, 5 тұндырғыш бар. Белбұлақ ауылдық округі бойынша электр желісінің жалпы ұзындығы – 140 шақырым. Оның 65%-ы жаңартылғанына қарамастан, АЖК АҚ теңгерімінде тұрған ұзындығы 120 шақырымға жуық электр желісінің 35%-ының тозығы жеткен. 2011 жылдан бастап Белбұлақ ауылдық округін газбен қамтамасыз ету мақсатында «Жетісу Газ Құбыры» ЖШС-і тұрғын үй, мекеме, шаруашылық нысандарын газдандыру жұмысымен айналысып келеді. Белбұлақ ауылы бойынша 52 500 м, Талдыбұлақ ауылы бойынша 14 360 м, Бірлік ауылы бойынша 15 370 м газ құбыры тартылған. Округте 3 966 абонент газбен қамтамасыз етілген. Оның ішінде Белбұлақ ауылында – 2247 үй, Талдыбұлақ ауылында – 875 үй, Бірлік ауылында – 744 үй көгілдір отынның қызығын көріп отыр. «Талғар топталған су тартқышының құрылысы және қайта жаңғырту» бағдарламасы аясында «Ақ жол» ЖШС-імен келісе отырып Белбұлақ ауылында 2018 жылдан бастап республикалық бюджеттен 524 млн 760 мың теңге бөлініп, жаңа су құбырларын тарту жұмыстары жүргізілді. Жұмыс барысында 51 шақырым жаңа су құбыры тартылды. Бүгінгі күні Белбұлақ ауылында абоненттерді жаңа су құбырларына қосу жұмыстары жүргізілуде. 01.10.2022-01.01.2023 жылдар аралығында Талдыбұлақ ауылында 24 шақырым, Бірлік ауылында 18 шақырым жаңа су құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстарды бас мердігер «Мелиоратор» ЖШС-і атқаруда. Округ аумағында жалпы білім беретін 4 мектеп бар. Белбұлақ ауылында №10, №32 мектеп, Талдыбұлақ ауылында №34 мектеп-гимназиясы, Бірлік ауылында №35 мектеп-гимназиясы. Аталған төрт мектепте 426 мұғалім білім беріп, 4 321 оқушы білім алуда. Талдыбұлақ ауылындағы №34 мектеп үш ауысымды болуына байланысты бас жоспар бойынша жер телімі анықталып, оған 600 орынды жаңа мектеп құрылысын жүргізу мақсатында анықталған жер телімін бағалауға өтінім берілді. Бағалау оң нәтиже алса мектеп құрылысын салу жоспарланып отыр. 2022 жылы Белбұлақ ауылдық округінің 119 отбасына 42 953 551 теңге соммасында атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Үйде оқитын мүмкіндігі шектеулі 2 балаға 64,1 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Туберкулезбен ауыратын 4 азамат 370 000 теңге жәрдемақы түрінде әлеуметтік көмек алады», – деген округ әкіміне аталған мәселелер төңірегінде халықтың қояр сұрағы да аз болмады. Ендеше сұрақ-жауапқа кезек берейік.
Талдыбұлақ тұрғыны Несібелі Қоңырбаева: «Жаңа мектеп саламыз деген жаңалық тіптен керемет екен. №5 автобустың қайта оралғанына да қуаныштымыз. Бірақ енді ойлы-қырлы болып жатқан жол ретке келтірілсе, қар жауған соң жол тазаланып тұрса жақсы болар еді. Су құбырын тартып жатқандар жұмысты қалай болса, солай істемесе екен. Қармен араласқан балшықтан мезі болдық. Тас-құм төгіп өзіміз жасап едік, оның да түкке себі болмады. Біздің ауылдық амбулатория екі жыл болды күре жолдың арғы жағына көшіп кетті. Оның ақшасын жеп қойған ба, амбулаторияның жөндеу жұмыстары сол беті тоқтап қалды. Ана жаққа барып-келу біз секілді үлкен кісілерге қиын болып кетті. Оның үстіне онда барсаң кезек көп. Дәрігер де жетіспейді. Ол жақтан ренжіп қайтасың… Сосын қаңғыбас иттер деген бәле болды. Оларды енді аулауға болмайды деп жатыр екен. Сонда ертелі-кеш сабаққа, жұмысқа қатынайтын бала-шаға қайтпек? Ауылда трансформатор жетпей ме, жарық көп өшеді. Салдарынан газ пеш те өшіп, үй суып жатыр», – деп көптің көкейіндегі бірқатар маңызды мәселені алға тартты. Бұл ретте «2022 жылы округ бойынша «Талғар ауданы ветеринариялық станциясының» көмегімен 229 ит ауланды» деген ақпар айтқан ауыл әкімі: «Ауылдың басты көшелері жоспарға сай тазаланып жатыр. Қар жауған күні, шынын айтқанда, бізде ұйқы жоқ. Жолды кеңейту жұмысы да қолға алынады. Онымен «Жүсіпов» ЖК айналысады.
2022 жылға арналған жоспар бойынша 156 млн 783 мың теңге бөлініп, барлығы дерлік сала бойынша игерілгенін жеткізген әкімнің сөзіне сүйенсек, оның ең көп бөлігі, яғни 72 млн 179 мың теңгесі әкім аппаратын ұстап тұруға жұмсалған. Ал елді мекендерді жарықтандыруға 29 млн теңге, санитарлық қамтамасыз етуге 9 млн 549 мың теңге, абаттандыру жұмыстарына 19 млн 992 мың теңге, автомобиль жолдарын ұстап тұруға 6 млн 500 мың теңге, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 13 млн 840 мың теңге жұмсалған.
Олар келісім бойынша 24 көшені жауапкершілігіне алған. Жол және су мәселесіне келетін болсақ, бұл қиындықтар уақытша. Сондықтан сабырлық пен шыдамдылық танытуларыңызды сұраймын. Жұмыс барысында кейбір көшелер уақытша жабылуы да мүмкін. Жылға жалғасатын бұл жұмыстың соңында олар барлық көшені қалпына келтіреді. Талдыбұлақ амбулаториясының жөндеу жұмыстары 80%-ға бітіп тұр. Бірақ сол жұмысты ұтып алған 4 мердігер өзара бір-бірімен соттасып, жұмыс аяқсыз қалды. Енді тағы 2 мердігер алдағы мамыр айына дейін жұмысты аяқтайтын болады. Ал аудан бойынша ит аулайтын 3 адамы бар бір ғана бригада бар. Олар ауданға қарасты 48 ауылға 1 «Нива» машинасымен қызмет көрсетеді. Мәселе осында жатыр. Олар барлығына дер кезінде үлгермейді. Сосын сол иттердің көбі жабайы емес. Иелері бос жібергендіктен көшеде жүрген иттер. Кейбір ата-аналар да иттерін мектепке дейін ілестіріп келеді. Бұл турасында да түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бірақ нәтиже жоқ. Тұрғындар да жауапкершілік танытып, өз итіне ие болса мұндай мәселені шешу де оңай болар еді», – деген уәжді алға тартты. Осыған байланысты «Талғар ауданы ветеринариялық станциясы» мекемесінің дәрігері Жандос Рысмендиев: «Иттің иелеріне ескертіліп, айыппұл салынып жатса да мәселенің басы ашық күйде қалып отыр. Сондықтан тұрғындар мұндай жағдайға тап болса заңды түрде құзырлы орындарға шағымдануына болады», – деп кеңес берді. Қызды-қыздымен «көшедегі шөптерді неге орып тұрмайсыңдар, есігіміздің алдын да өзіміз тазалаймыз» деп орынсыз талап қойған тұрғынға: «Әркім өз ауласын өзі тазалауы керек. Оған әкімдік жауапты емес», – деген орынды және қысқа-нұсқа жауап берілді. Расында көшесін қойып, есігінің алдын тазаламай, қоқысқа толтырып қоятын тұрғындар аз емес екенін көзімізбен көріп жүрміз. Әркім өз ауласы мен есігінің алдын тазаласа өзіне пайда, өзгеге үлгі болар еді ғой деген ойға қалдық.
Қалай болса, солай тартылған электр желілерінің мәселесін көтерген Меруерт Анабаева: «Әркім өз білгенімен электр желісін тартып алған. Салбырап-салақтап тұрған сымдардың биіктігі менің бойымнан сәл-ақ асады. Қоршалмаған транформаторлар балалар өміріне қауіп төндіруде. Осы мәселені қолға алсаңыз», – деген өтінішін білдірді. Әкім Нұрбол Досымбаев: «Оның барлығын білеміз. Жаңа құрылысқа үй салғанда әркім шамасы келгенше қолында қандай мүмкіндік бар, соны пайдаланып электр сымдарын тартып алды. Оларға да оны бірден алып таста дей алмаймыз. Бұл мәселе бойынша да жобалық-сметалық құжат дайындап, қаражат сұрап отырмыз. Егер ол бөлінсе сондай көшедегі желілерді рет-ретімен ауыстыратын боламыз», – деп жауап берді. Талдыбұлақтағы Ладушкин көшесіндегі арықтың үстінен су құбырын тартып тастағанын айтқан тұрғын Назгүл Бөлекова: «Мердігер компанияның жұмысшыларына түсіндіріп айтқаныммен құлақ аспады. Қазірдің өзінде ауламды су басып жатыр. Көктемде үйімді су баса ма деп қорқамын. Осы мәселені шешіп берсеңіз», – деп шағымданды. Оған алдағы уақытта арық та қалпына келтірілетінін, су құбыры да жоба бойынша тартылып жатқанын айтқан Н.Досымбаевқа ауыл тұрғыны Гуля Көмекова: «Сіз әкім болған кезде де айтқанмын. Өзіңіз менің көршімсіз. Неге 200 метрге де толмайтын Наурызбай көшесіне асфальт жетпейді? Көшеде жарық та жоқ. Оны жақсы білесіз. Бұрыш-бұрышта алқаш көбейді. Бала-шағаның қауіпсіздігі үшін қорқамыз», – деген базынасын жеткізді. Өзі тұрған көшеден бұрын ауылдың өзге көшелерінің мәселесі маңызды екенін атап өткен әкім: «Қауіпсіздік мәселесін қолға алатын боламыз. Ол – бақылаудағы жағдай. Ал біздің көшенің жарығы мен жолы бүгін-ертең жасалмайды. Өзге көшелердің шаруасы аяқталған кезде ғана өзіміздің көшенің кезегі келеді», – деп қысқа қайырды. «Кешкі уақытта аялдама маңайы мен бұрылыстарда топтасып жүрген үлкен балалар кіші сыныптың оқушыларына әлімжеттік жасап, автобусқа беретін 100 теңгесін тартып алады екен. Ұрып-соғып, қорқытады екен. Тіпті баламның киімі де жыртылып келді», – деп шетін мәселені көтерген Еркеайым Түменбаева ең болмаса балалар сабақтан тараған уақытта мұғалімдерді кезекшілікке қойып, болмаса арнайы инспектордың бақылауын сұрады. Гүлзира Досатова: «Ауылдың жарығы жиі өшеді. Транформатор жетіспей ме? Бар жарықтың өзі өлеусіреп зорға тұрады. Талай тұрмыстық техникамыз күйді. Кім жауап береді?», – деп налыды. Ауылдық округіне қарасты 300 трансформатордың электр тоғын тарататынын атап өткен әкім кешкі уақытта барлық тұрғындардың тұрмыстық техникаларды жаппай қолдануы салдарынан жарықтың азаюы қалыпты жағдай деген түсініктеме берді. Бір қарағанда орынды жауап болғанымен, ХХІ ғасырда дамыған 30 елдің қатарына кіруден үмітті елдің жай ғана электр жарығына жарымай отырғанына қарап әлеуеті жоғары 30-дықтың ауылы әлі алыс екен-ау деген ойға қалдық… Жиын барысында айтылған тағы бір қуанышты жаңалық – Белбұлақ ауылдық округінде мәдениет үйінің салынатыны. Оның құрылысын жүргізу мақсатында 1,1732 га жер телімі бөлініп, мемлекеттік актісі де дайын болған көрінеді. Қаражат бөлінсе мәдениет үйінің құрылысы басталатынын жеткізген округ әкімінің атқарып жатқан ісіне жалпы халықтың өкпесі жоқ екеніне көз жеткіздік. Кез келген уақытта әкімнің жеке нөміріне хабарласып, хат жаза алатын тұрғындар алдағы уақытта да талай істі бірге тындыратыны анық. Ендеше елге амандық пен бірлік, әкімге істе ірілік тілейміз!
Жанбота Сұлтанмұратқызы
1 Пікір
Сапақова Ақмарал Жумабаевна 05.10.2023 at 15:58
Белбұлақ ауылына мәдениет үйі өте қажет.Себебі Белбұлақ округінде бір де бір мәдениет ошағы жоқ. Өздеріңізге мәлім егер мәдениет үйі болса халыққа және де жастарға пайдасын тигізер еді. Түрлі іс шаралар , үйірмелер,спорттық ойындар ұйымдастырылар еді. Бұл халықтың игілігі үшін іс болар еді. Мәдениетімізбен өркендеп өсуімізге үлес қосар едік.