Ақпанның 12 жұлдызында Тұздыбастау ауылдық округі әкімінің сайлауы өтті. Талғар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының ұйғаруымен округ әкімі лауазымына екі азамат үміткер болды. Оның бірі 1987 жылы туған Қазақ құрылыс академиясынан «құрылысшы» және Ұлттық аграрлық университетінің «Жерге орналастыру» маманы Шыңғыс Толымбеков болса, екіншісі – 1990 жылы Алматы қаласында өмірге келген Д. А. Қонаев атындағы көлік және құқық гуманитарлық университетінің «Қаржы» мамандығы бойынша білім алған, Белбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Абзал Сабалиев. №31, №13 мектепке орналасқан 6 сайлау учаскесі таңғы 7.00-ден бастап дауыс берушілерді қабылдады.
Қазақ, ұйғыр, орыс, түрік сынды әр ұлт өкілдерінің құтты қонысы болған Тұздыбастау ауылында 22 500 тұрғын мекендейді. №856 сайлау учаскесі төрағасының айтуынша, осы сайлау учаскесіне қарасты 28 көшеде 2748 сайлаушы бар. Сағат 11.30-ға дейін 552 азамат өз таңдауын жасады. Таңғы 07.15-те келген алғашқы дауыс беруші Фархатжан Наурызов таңдау жасау арқылы туған ауылын, өз өмірін жақсы жағына өзгерте алатынына сенімді. Сайлау учаскесіне келе алмайтын мүмкіндігі шектеулі 4 азамат үй жағдайында дауыс беру мүмкіндігін пайдаланды. 5 сағат ішінде келушілердің саны айтарлықтай жоғары болғанын айтқан сайлау учаскесінің төрағасы Сәуле Құрманбаева: «Мектеп ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген кезде азаматтық белсенділік танытуын сұрадық. Осыған дейін ешқандай тәртіп бұзушылық орын алған жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарынан келген тілшілер мен үміткерлердің сенімді өкілдері сайлау барысының әділ өтіп жатқанына куә. Өз әкімін таңдауға, ауылының гүлденіп-көркеюіне ықпал ету әр азаматтың борышы», – деп атап өтті. Сайлаушы Аслан Рығынбаева Шыңғыс Толымбековке дауыс бергенін жасырмады. Құлқынның емес, ұлтының қамын ойлайтын ұл келсе деген кейуана сөзін былай деп сабақтады: «Ауылымыздың жағдайын өздеріңіз білесіздер. Айсұлу ықшам ауданының ауыз су мәселесінің жайын жаздыңыздар. Өзгерген ештеңе жоқ. «Баяғы жартас – сол жартас». Жас баладай жаутаңдаған халықтың жаңа келген әкімнен күтері көп. Ауыл халқы бір ауыздан Шыңғысқа дауыс береміз деп келісті. Себебі ол сайлауалды бағдарламасын таныстыра келгенде ауылдың жағдайынан хабардар екенін көрсетті. Ауыз су мәселесін шешіп беруге уәде берді. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» деген бар. Әкім болып жатса, сөзінде тұрады деген ойдамыз. Десе де ауыл болған соң кем-кетігі болмай тұрмайды. Бізге жаңа мектеп, балабақша керек. Жасалуға тиісті жолдар да аз емес. Мұның бәрі кезегімен шешімін табады деп сенемін». №13 мектепке орналасқан 2 197 сайлаушысы бар №861 сайлау учаскесі 12.00-ге дейін тек 88 сайлаушыны қабылдаған. Сайлау учаскесінің төрағасы Раушан Қабылованың айтуынша, жастарға қарағанда егде жастағылардың белсенділігі жоғары. Немерелері №13 жалпы білім беретін мектепте оқитын Роза Еңсебаева бұл ауылға жаңа мектеп керек екенін айтып: «Бүгінгі таңда 950 балаға арналған білім ордасында 2 480 оқушы білім алуда. Балалар сабақтан кеш қайтады. Жол батпақ, ит көп. Мектептің алдындағы бір бағыттағы Қазыбек би көшесі ертелі-кеш кептелістен көз ашпайды. Ауысым аралығында балалар тар көшеге сыймай кетеді. Жол жиегіндегі жаяу жүргіншілерге арналған жолдың қары қыста күрелмейді. Оқушылар амалсыздан көлікпен қатарласып жүруге мәжбүр. Бұл – аса қауіпті. Өткен жылы күз айында осы жолда бір баланы жеңіл көлік қағып кетті. Алда мұндай жағдайдың тағы қайталанбайтынына еш кепілдік жоқ. Жазда жаңбыр жауса жол жиегіндегі балалар жүйткіген машиналар шашыратқан батпақ судан қашарға жер таппайды. Мектеп оқушылар үшін ең қауіпсіз орта болуы тиіс. Жаңа басшымыз жақсылықтар әкеліп, жаңа бастамалар мен тың идеяларды жүзеге асырады деп үміттенеміз», – деген ойын жеткізді. Сайлау учаскелері төрағаларының мәліметінше, сағат 20.00-ге дейін жалғасқан сайлау науқанында №856 сайлау учаскесінде дауыс бергендер арасында 18 жасқа толған бір ғана сайлаушы болса, дауыс берушілердің көбі 60-85 жас аралығындағы қарттар болған. Саяси науқанға белсене қатысқан 1 725 адамның 208-і Абзал Сабалиевқа үміт артса, Шыңғыс Толымбековке 1415 адам дауыс берген. Ал №861 сайлау учаскесінде дауыс берген 1344 сайлаушының 60 пайыз дауысын иеленген Шыңғыс Толымбеков Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігінің қолдауына ие болған жаңа әкім берген уәдесінде тұрып, ел үшін ерінбей еңбек етеді деп сенеміз!
Зорагүл Әбдіқаддір