Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» мұражайында «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған «Алаштың ұлттық мінбері» атты дөңгелек үстел өтті.
Айтулы шараға филология ғылымдарының докторы, профессор «Әділет» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Ғарифолла Әнес, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамдық ұйымының бұрынғы атқарушы директоры Сәуле Қожықова, республикалық қоғамдық саяси «Қазақ» газетінің бас редакторы Жасұлан Мәуленұлы, Талғар ауданы ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева қатысты. Шара басталмас бұрын қонақтар мұражайды аралап, жазықсыз жала жабылып, жер аударылған Алаш арыстары мен олардың жұбайларының «Алжир» түрмесіндегі азапты тұрмысынан хабар беретін көрмені тамашалады. Шара аясында газеттің алғашқы және 1913-1914 жылдары басылған сандарын төте жазудан кириллицаға аударылып құрастырылған кітаптар да таныстырылды. Іс-шараны мұражай меңгерушісі Мейіржан Мусабаев жүргізді. Алғаш болып баяндама жасаған Ғарифолла Әнес: «Ахмет Байтұрсынұлының басқаруымен жарық көрген «Қазақ» газетінде сол кезеңде өмір сүрген барлық қазақ зиялыларының мақалалары жарияланып тұрды. «Алаш орда» автономиялық үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхановтың патшалық Ресейдің отаршылық саясатына қарсы тұрып, жер мәселесін көтерген сүбелі мақалалары осы газетте жарық көрді. Осылайша «Қазақ» газеті өз заманында халқымыздың рухани, мәдени тарихында үлкен орны бар беделді басылымға айналды. Бұл туралы 1923 жылы Мұхтар Әуезов: «Қазақтың еңкейген кәрісінен, еңбектеген баласына дейін түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін, кімнің екпіні еді? Ол екпін ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң «Маса» болып талай ызыңдап «оятамын» деп ұзақ бейнетті міндет қылып алған Ахаңның екпіні болатын», – деп баға берген. Санжар Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің әлеуметтік-тәрбие жұмысы бойынша департамент басшысы Жасұлан Байғараев: «Қазақ баспасөзінің тұңғыш қарлығашы «Қазақ» газетінде халқымыздың сол кезеңдегі қоғамдық және мәдени мүдде қажеттіліктерін батыл сөз еткен құнды мақалалар жиі басылды. Оның алғашқы саны шыққан жылдың соңында-ақ 3000-нан астам оқырманы болды. Патшалық Ресей отаршылары тарапынан бейресми басылым деп танылып, 1917 жылдың қыркүйек айында соңғы саны жарық көрген газеттің жабылар алдында жеке баспаханасы мен кітапханасы жұмыс істеп, таралымы 8000-ға жетті. Ахмет Байтұрсынұлы газеттің алғашқы санында халыққа арнауында: «Аталы жұртымыздың, адуынды ұлтымыздың аруақты аты деп газетіміздің есімін «Қазақ» деп қойдық. Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына күшін қосып, көмектесе қызмет ету қазақ баласына міндет. Қызмет етем десеңдер, азаматтықтың зор жолының бірі осы», – деп үндеу жасаған. Игі шара ақпанның алғашқы күні өтуінің өзіндік тарихи маңызы бар. Осыдан 110 жыл бұрын, яғни 1913 жылы ақпанның 2-сі күні халқымыздың тұңғыш газеті жарық көрді. Сондықтан бұл – қазақ баспасөз тарихындағы алтын әріппен өрнектелген айтулы күн. Сол күндерді еске алу арқылы барымызды бағалап, жоғымызды түгендейміз, ұрпағымызды тәрбиелеп, болашағымызды бағамдаймыз.
Зорагүл Әбдіқадір