Бесағаш ауылындағы №29 жалпы білім беретін орта мектептің үшінші сынып оқушысы Нигара Абдрахманованың арманы асқақ, талабы таудай. Сегіз жасар шынышақтай шымыр қыз жыл басында Қарағанды қаласында өткен Nomad MMA Азия Чемпионатына қатысып, жеңіс тұғырында көк байрағымызды желбіретті. Өз салмағындағы қарсыластарын ойсырата ұтып Азия чемпионы атанған ол ауылы мен ауданымыздың ғана емес, еліміздің де абыройын асқақтатты. Жеңіс туын желбіреткен құйтақандай құлыншақты қуана қарсы алған Бесағаш ауылдық округінің әкімі Ернар Ниетбайұлы балапанды қуанышымен құттықтап, алдағы уақытта барынша қолдау көрсететінін жеткізді. «Менің ауылымның алтын асықтай баласы Азия чемпионы атанды!», – деп хабарласқан ауыл әкімінің өз аты бәйгеден келгендей қуанып тұрғанына куә болдық. «Болар елдің баласы бірін-бірі батырым дейді» деген бар емес пе! Ендеше талантты жастың талабын ұштап, қолдау көрсеткен азаматтығына тәнті болып, мұндай қуанышқа ортақтасқанымызға біз де шын қуандық. Дана қазақ «Қуанышты бөліссе көбейеді» деген ғой, сол қуанышты сіздермен де бөлісуді жөн көрдік.
«Қазан айында Қарағанды қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысуға ҚР Жекпе жек федерациясының әрі Семей қаласы «Nomad MMA» федерациясының жаттықтырушысы Мейрам Мұратбекұлынан ұсыныс түсті. Ол «Nomad MMA» Азия Чемпионаты өтетінін хабарлады. Жаттықтырушысы мен баламның тынымсыз еңбегі өз жемісін беріп, жеңіспен оралды. Нигара – өте еңбкқор, қамқор, бауырмал, талапшыл бала. Сыныптастарымен жақсы сыйласып, араласып жүреді. Қазақ тілі, орыс тілі, математика сабақтарын сүйіп оқиды. Сабағына кедергі келмеген соң оның бокспен айналысуына да қарсы болмадық. Боксқа ғана емес, түрлі марафондарға, айтулы боксшылардың мастер класстарына қатыстырып тұрамыз. Жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Мысалы, былтыры Алматыда болып өткен «Медеу баспалдақтарын басып өтеміз» марафонында 100 баспалдақты 25 секунтта басып өтіп, 1 орын алды», – деп балапаны туралы ой бөліскен анасы әлеуметтік желілерде Нигараның жеке парақшасы бар екенін, оны талапты қыздың өзі жүргізетінін де айтып қалды. Бүгінде ҚР әйелдер бокс құрамасының фонатына айналған Нигара Назым Қызайбай, Алуа Балкибекова, Фируза Шарипова, Ангелина Лукас сияқты азуы алты қарыс атақты боксшыларды өзіне үлгі тұтып, олармен жүзбе-жүз кездесіп, кеңестерін де тыңдаған көрінеді. Құймақұлақ қаршадай қыздың бар арманы бокстан Қазақстанның ғана емес, күллі әлемнің чемпионы болғысы келеді. Ал Олимпиада чемпионы болу – басты арманы. Тіпті жаттықтырушы болып өзі секілді чемпиондар тәрбиелеуді де мақсат тұтады. Жеті жасында «Quality boxing» бокс жаттығу залының есігін қуана ашқан қаршадай қызды қамқорлығына алып, балапандай баулып жүрген Абай Куанышұлы шәкіртін көзден таса қылмайды. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген қазақы тәмсілді басты мақсатым деп білетін А. Қуанышұлы төккен тер мен еткен еңбегінің зая кетпейтініне сенімді. Талай шәкірттері жетістікке жетіп, ел абыройын аспандатып жүрген ол Нигараның да нағыз чемпион болатынына бек сенімді. Сондықтан белгілі бокс клубтарының арасында өткен талай байрақты бәсекелерде тұлымы желбіреп бәйгенің алдында келген Нигараның да бағын ашып, бабын тауып, үмітін үкілеп жүр. Қарапайым ғана отбасында дүниеге келген жас чемпионның әкесі жай ғана жұмысшы, ал анасы балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Үйдің үлкені болған соң өзінен кейінгі үш сіңлісіне де қамқор болып, үй шаруасына да қарайласып жүретін елгезек құлыншақ футбол мен жүгіруді, жүзуді де жақсы көреді. Өжет қыз Нигараның спортқа деген ерекше құлшынысын ерте байқаған ата-анасы оның талантын тап басып танып, қанатын қатайтып келеді. «Баласы атқа мінсе, шешесі үйде отырып тақымын қысады» дегендей, Нигарасын жарысқа шығарып салып тұрғанда оның жеңісінен бұрын амандығын тілейтін ата-ана жүрегі балапандары ұясына аман-сау оралғанша бір тыншымайды. Өйткені қыз бала үшін ауырлау келетін спорт түрін таңдаған баласының талабын қанша қолдағанымен, желкілдеп өсіп келе жатқан бүлдіршінінің амандығы бәрінен қымбат екенін жақсы біледі.
Әжесі қойған әдемі есімін мақтан тұтатын Нигараның аты «ең әдемі, ең көркем, хас сұлу» деген мағынаны білдіретінін білесіз бе? Түркі халықтарына ортақ көркем есімді иеленген көгершіннің барлық арманы орындалып, қанаты талмай самғай берсін деген ізгі тілектеміз. Ауданымыздың атын асқақтатқан жүректі, білекті ботақанның алар асуы биік, жетер жеңісі көп болсын!
Жанбота Сұлтанмұратқызы