«Аққу» ықшам ауданына жылдап күткен көгілдір отынның келіп, ауыл тұрғындары көмір тасып, от жағып, күл шығару м ашақатынан құтылды. Дәл осы күні Талғар ауданына қарасты Ақдала, Ақтас, Жалғамыс ауылдарының тұрғындарының да қолы газға жетіп, бір марқайып қалды. Елді мекендерге газ құбырын жүргізген «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының басшысы Айвар Малиевтің айтуынша, бұл ауылдарға 72 шақырымнан астам газ құбыры жүргізілген.
Тұрғын үйлердің барлығы газға қосылғанда 7 мыңнан астам адам және жалпы саны 44 әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар көгілдір отынды тұрақты тұтынатын болады. Осы күнге дейін 400-ге жуық тұрғыннан техникалық шарт жасасуға өтініш түскен. Нәтижесінде 250 тұтынушы газға қосылды. 3 елді мекенге «Талғар» және «Төңкеріс» автоматты станциялары арқылы табиғи газ беріледі. Қазіргі таңда газға қосылудың алғашқы төлемі 150-180 мың теңге аралығында. Үй иелері аталған мекемемен келісе отырып, қосылу құнын бірнеше айға бөліп төлеуге мүмкіндіктері бар. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бекіткен тариф бойынша 1 текше метр газ үшін тұрғындар 31,8 теңге төлейтінін айтқан Айвар Малиев: «Осы уақытқа дейін біздің филиал Алматы және Жетісу облысын қоса есептегенде барлығы 2 000 шақырымға жуық газ құбырын жүргізді. Қазіргі уақытта көгілдір отынды 61 мыңнан астам абонентке жеткізіп отыр», – деп атап өтті. Аққу ықшам ауданында 40 жылдан бері тұратын Лиза Қайырбекқызы компания басшыларына, құрылыс жұмысын атқарған мекеме қызметкерлеріне алғысын жаудырды.
«Талғар ауданы бойынша 48 елді мекен бар. Оның 31 ауылы газбен қамтылған. Осы күні Еламан, Қайнар және Көктал ауылдарында құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Жыл аяғына дейін ол ауылдарға да газ қосылады. Тағы 9 ауылдың жобалық-сметалық құжаты дайындалуда. Қалған 5 ауылға қаражат сұрастырылып жатыр. Қаржы бөлінсе жобалық-сметалық құжат дайындалып, келер жылдың жоспарына қосылып қалар деген үміттеміз. Сондықтан алдағы бір-екі жыл көлемінде Талғар ауданы толық газбен қамтылуы тиіс», – деді Алматы облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Айдар Бағашарұлы. Сонымен қатар табиғи газды үйді жылыту, тамақ дайындау және басқа да тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланған кезде тұрғындардың тұрмыстық шығындары азаяды. Экологиялық жағынан таза отын ретінде зиянды қалдықтар көлемін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Кәусар Әбдікерім