Қаңтар 17-сі күні «Аманат» партиясы Талғар аудандық филиалы «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Жастарға кеңес» тақырыбында іс-шара өткізілді. Талғар сауда үйінде бастау алған шара апта сайын ауданымызға қарасты ауылдық округтерде жалғасын табатын болады. Игі шараның мақсаты – Ауыл жастарын толғандырған мәселелерді анықтай отырып бірлесе шешу, олардың сұрақтарына жауап беру және жұмыспен қамту, тұрғын үй, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау мәселелері бойынша тегін консультативті кеңес беру. Аталған кездесуге «Аманат» партиясы Талғар аудандық филиалы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Олжас Батырханов, Алматы облысы мәслихатының депутаты Әсел Төлепбергенова, Талғар аудандық мәслихат депутаты Жасұлан Айтқалиев, Талғар ауданы «Атамекен» палатасының менеджер-кеңесшісі Салтанат Масимбаева, отбасы банк өкілі Жансая Сәрсенбаева және кәсіпкерлер қатысты.
Айтулы шараға жиналған жастардың бірі жұмыс жайын қарастырса, енді бірі табыс төріне шыққан кәсіпкерлерден кеңес алды. Баспаналы болғысы келетіндерге банк өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Отбасы банк өкілі: «Өткен жылы Алматы облысында жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Алатау жастары» бағдарламасы іске қосылды. Осы бағытта әкімдік «Отбасы банкпен» бірлесе отырып, облыс көлемінде алғашқы жарнасыз 60 пәтер сатып алу мақсатында 600 млн теңге қаржы қарастырған. Яғни 60 жас отбасы осындай тиімді жолмен баспаналы болды. Осы тың жобаға 1374 адам өтініш берген. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Сол себепті биыл 200 жас отбасы осы жоба аясында баспаналы бола алады. Алайда бұл үйлерге қол жеткізудің мынандай алғы шарттары бар:
-35 жасқа дейінгі Алматы облысында кем дегенде бір жылдық жұмыс өтілі мен зейнетақы жарналарының тұрақты түсімі болуы керек;
— бағдарламаға қатысушының және отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда аттарына тіркелген жылжымайтын мүлік болмауы тиіс.
Сондай-ақ некеде болған жылдар саны, балаларының болуы, жұмыс тәжірибесі мен қызмет саласы негізге алынады. Төлем жасауға қабілеттігі анықталған қатысушы банк берген несиені 20-25 жылға бөліп төлейді. Бұл жобаға қатысуға қажетті өтінімді облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы қабылдайды. Әкімдіктен арнайы құрылған комиссия іріктеу өткізу арқылы кімнің пәтерлі болатынын анықтайды», – деп жағымды жаңалығымен бөлісті. Отбасы банк өкілінің кеңесін алған Қастер Әкизаұлы: «Жүрегімде үміт оты оянды. Мен оқытушы болып жұмыс істеймін. Жалақым да жаман емес. 10 жылдық жұмыс өтілім бар. Қойған талаптарына менің шартым сәйкес келеді. «Үйсіз адам – күйсіз» демекші, баспанаң болғанға не жетсін! Десе де қымбатшылық қысып тұрған заманда қысқа жіп күрмеуге келмейді. Бұл бағдарлама жастар үшін өте қолжетімді екен. Осы жолы үмітім зор», – деп қуанышын жасырмады. Шараға қатысқан «GLotweII» ЖШС тігін фабрикасының басшысы Майра Әуелбекова 20 адамға жұмыс бере алатынын айтты. Түрлі мамандық иелерін арайы киім-кешекпен қамдайтын бұл мекеменің жұмысшылары айына 180 мың теңге төңірегінде айлық алады екен. Істеген еңбегіне қарай жалақы төленетін мекемеде жұмыс күші тапшы болғандықтан табыс тапқысы келетін азаматтарға қашан да есігі ашық. Қойылатын жалғыз талап – тігін тіге алса болғаны. Кәсіпкерлерден табысқа жетудің қыр-сырын меңгеру үшін келген Д. А. Қонаев атындағы университет колледжінің студенті Дастан Қанатұлы: «Талғардағы кірпіш зауыты бастығының орынбасары мен әңгімелескеннен кейін адамның бойында табандылық пен ізденіс болса табысқа жетуге болатынын білдім. Болашақта ресторан, кафе ашқым келеді. Өзім осы салада жұмыс істеп жүрмін. Күніне 20-25 мыңға дейін табыс табамын. Ата-анамнан ақша сұрамаймын. «Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» деген бар емес пе? Мол ақшам, бай таныс-туысым болмағанымен, менде үлкен мұрат, және табандылық бар. Сол себепті өзімді болашақта кәсіпкер ретінде көремін», – деп алдағы жоспарымен бөлісті. Бұл игі іс жұмыс істегісі келетін жастарға да, жұмыс күші жетіспейтін мекемелер үшін де үлкен мүмкіндік болды. Бірі еңбек күшіне ие болса, енді бірі екі қолға бір күрек тапты. Апта сайын жалғасын табатын бастаманың нәтижесінде жұмыс беруші мен жұмысқа тұрушы арасындағы көптеген олқылықтардың орны толарына сеніміміз кәміл.
Зорагүл Әбдіқадір