Бүгінде «Ісім өнсін десең ретін тап» деген халық даналығының маңызы артқан. Осы себепті белгілі бір мамандықты тәжірибе жүзінде меңгеріп, қолынан келген істің ретін тауып, орайын келтіріп, шағын кәсібін дөңгелетіп отырған ауыл азаматтары аз емес.
Солардың бірі Бауыржан Ахметкәрімұлы Талдыбұлақ ауылында ортопедиялық матрастар шығаратын шағын цех ашып, сапалы өнімімен ел көңілінен шығып келеді. Тұтынушының кез келген талабын орындап, талғамына сай тапсырысын орындап, түрлі өлшемдегі матрастарды тігетін цех иесі барлық жұмысты серіктесі Дулат Серікұлымен бірге атқарады. Тіпті тапсырыс беріп қана қоймай, оны көзбе-көз қарап отырып жасатып алатындарға да жол ашық. Сондықтан керек өлшемдегі қажетті материалдарды кесіп-пішуден басқа, тігін машинасы мен матрасты жиектеуші құрылғыны еркін қолдана беретін шеберлердің ісіне ризашылық білдіріп, алғысын айтатын халықтың қарасы көп. Әңгіме барысында «Ақша қолдың кірі» деп ұғатын Д.Серікұлы: «Арамызда ақшаға байланысты араздық жоқ. Ол келеді, кетеді. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қаражатқа қатысты іс болған соң бизнесте ұту да, ұтылу да болып тұрады. Бірақ оған бола жоқ болса ренжіп, бар болса асып-тасып кетпейміз», – деген орамды ойды ортаға салды. Зейінің болса өзің қызыққан саланы зерттеп, зерделеп жүріп-ақ меңгеруге болатынын айтқан Бауыржан Бегалинов зор сенім бар жерде ғана істің алға басатынын айтып: «Бір істі бастарда алма піс, аузыма түс деп отырмай, әуелі тәуекелге бел буу керек. Сосын артық ақша табу үшін арыңды сатпай, істеген ісіңнің сапасына ерекше мән берген жөн. «Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыз жалғыз атын сойғызады» деген бар. Қарпып қалу үшін халықтың қалтасына көз сүзе бермей, тұтынушы талабы мен шамасына да қараған абзал», – дей келе: «Шынын айтсам, осы істі бастамас бұрын Алматыда матрас шығаратын бір цехта екі айдай жұмыс істедім. Сол жерден мол тәжірибе жинап, өзіме керектің бәрін үйрендім десем болады. Бірақ цех орналасқан жер өте суық болғандықтан денсаулықты ойлап шығып кетуге тура келді. Осы цехты ашу идеясы да сол кезде келді. Өйткені осы арқылы табыс табуға, басқа адамдарға көмектесуге болатынына көзім жетті. Сонымен жұбайыммен ақылдасып, оның машинасын сатып, ақшасына матрасты айналдыра жиектеп тігетін құрылғы мен іс машинаны, тағы ұсақ-түйек керек-жарақты дайындап алдым. Бұл жалғыз адамның қолынан келетін жеңіл-желпі іс емес болғандықтан қасыма сенімді серік пен цех ашатын жылы, ыңғайлы, таза жер керек болды. Көп адам идеяңды іске асыру үшін ақша салып қойып, бар ауыртпалықты саған арта салуға үйренген. Ал бізге бұл жұмыстың ыстық-суығына бірге төзіп, бірігіп жұмыс істей алатын адам керек еді. Бұл ретте «Жасы кіші демегін, ақылы асса аға тұт» дегендей, жас болса да білімі мен қажыр-қайраты, ақыл-парасаты үйлескен Дулаттай азаматты жолықтырдым. Бірлесе істеген ісіміздің берекесін берсін!» – деген ой түйіндеген ол цех орналасқан құрылысты ұсынып отырған Серік Әшеновтей азаматқа да шексіз алғысын білдірді. ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауы баршаға ортақ және тең болса деген кәсіпкер осы күнге дейін олардың қолдауына қол жеткізе алмай жүргенін де алға тартты. Бұл ретте жұбайы Зәмзәгүл Әубәкірованың да қолдауы ерекше болғанын тілге тиек еткен Б.Бегалинов цех өнімдерінің сапалы, әрі халыққа қол жетімді болуына баса назар аударады. Қазіргі уақытта матрасқа қажетті материалдардың да бағасы аспандап кеткеніне қарамастан, пайда табудан бұрын арын ойлайтын азамат ісіне кедергі келтіретін жағымсыз жайлардан аулақ болып, тұтынушымен барынша ашық қарым-қатынас жасауды құп көреді. Сондықтан тек аудан бойынша ғана емес, көтерме бағамен алып, Қазақстанның түкпір-түкпіріне алып кететіндер де көбейген.
Цех иесімен сұқбаттасып тұрғанда онымен оңай әрі тез табысып, атқарылып жатқан істің сапасына риза болған тұтынушылар тілегі де толассыз келіп жатты.
Реті келгенде Зәмзәгүл ханым да әңгімеге араласты. Сөз ауанынан байқағанымыздай жасаған жақсылығын жария қылғанды жөн көрмейтін жұптың жағдайы төмен отбасыларына азық-түлік жеткізіп, көмір түсіріп бергенінен бөлек, жетім-жесірің басынан сипап, бауырына баса алатын адамдық қасиетіне дән риза боласың. «Біз бұл жұмысты табыс табу мақсатында ғана емес, қарапайым халыққа қолымыздан келгенше көмек қылу үшін де аштық десем артық айтқандық емес. Тапқан табысымызды қанағат етіп, өзімізден артылғанын жағдайы төмен, қалтасы жұқа ағайынға да бөліп береміз. Шама-шарқымызға қарай жетім балалар мен әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларына да көмек қолын созып отыруды парыз санаймыз. Осы орайда Тұяқ Қазкенқызымен бірлесіп біршама жұмыстар атқардық. «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деген халқымыздың даналығын естен шығармаймыз. Бала тәрбиесінде де осыны басты ұстаным деп білеміз. Әйел ретінде жоқтан өзгеге жылтырақтың бәріне қызығып, алтын тағып, құндыз киіп, машина мініп жүремін десем де жолдасым жоқ демес еді. Бірақ өмірдің мәні жылтырап киініп, ысыраптап тамақтану емес ол емес екенін ерте ұққандықтан, ең алдымен балаларымызды дұрыс тәрбиелеп, солардың ой-өрісін дамытып, терең білім беру – негізгі мақсатымыз деп білеміз. Мына аласапыран қоғамда бала-шағамыздың аман-сау болып, өз орнын табуы бәрінен де маңызды. Сондықтан қандай шаруаға қатысты не мәселе болса да әрдайым бірге ақылдасып, бір-бірімізге қолдау білдіріп, барлық істі бірге тындыруға тырысамыз. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген бар. Ендеше балапандарымызға үлгі болу – әуелгі міндет!» – деп ағынан жарылған З. Әубәкірованың жарына деген қолдауы мен тұтынушыларға деген жылы сөзіне тәнті болдық. «Жақсы сөз жан семіртеді» емес пе! Алақандай жерде ауыз толтырып айтарлықтай іс тындырып отырған кәсіпкерлер күніне кем дегенде 10 матрас тігеді. Ортопедиялық матрасқа негізінен ресейлік шикізатты қолданатын бұл цехтың өнімдері нарықтық бәсекеде өзгелерден артық болмаса, кем емес. Алайда халықтың қалтасын қаққаннан гөрі, қарапайым тұтынушыға да қолдау білдіргенді жөн көретін кәсіпкерлер араны ашылып ақша үшін арын да, барын да сата салатын кейбір «әріптестерінің» өрескел қылығына наразы. Қол жетімді бағада жасап-ақ табыс табуға болатын кәсіпте аспандағы бағаны айтып, айды аспаннан бірақ шығаратындардың қатары көп екеніне налиды. «Мәселен біз 60 000 теңгеге істеп беретін матрастарды олар 80-160 мың теңге аралығында сатады. Ал оған қолданған материалдарын көрсең кейде өзің ұяласың. Ішін толтыру үшін қалдық маталардың қиығынан бастап, паралондардың ұсақ қиқымына дейін салып жібереді. Ондайлар осы қылығымен өзгелерге де, өзіне де кедергі келтіретінін ойламайды. Әйтеуір ақша тапсам болды деп арын саудаға салуға бар», – іштегі ренішін де айтып салған кәсіпкер жоқтан бар жасап жатпаса да, қолындағы барын базарлап, кәсібінің нәсібін көріп отыр. Алдымен ішкен асының адал болуына қадағалайтын ақ ниетті жандарға істеріңіз ілгері болсын деген ізгі тілектен басқа айтарымыз жоқ.
Жанбота Сұлтанмұратқызы