Инфляция ырық бермей барады

Инфляция ырық бермей барады

Ең төменгі айлық 70 000 теңгеге жетіп, зейнетақы мен жәрдемақы, мемлекеттік қызметкерлердің айлық ақысы там-тұмдап өскенімен, қос бүйірден қысқан қымбатшылықтың қамытын тартқан қара халықтың халі жақсарып жатқан жоқ. Күн санап қымбаттап жатқан азық-түлік бағасының шарықтауы да инфляцияның өсуіне зор үлес қосып, өткен жылдың қортындысы бойынша жылдық көрсеткіш 25,3%-ға жетті. Жыл сайынғы үйреншікті әдет бойынша жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері қыс маусымын айтарлықтай қымбаттайтыны анық. Бірақ биылғы қымбатшылық онсыз да тапқаны қапқанына жетпей жүрген елдің еңсесін басып барады. Бұл туралы Үкімет отырысында хабарлаған Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың сөзіне қарағанда, жылдық мәндегі жалпы инфляция деңгейі 20,3%-ға жеткен. Импорттың жоғары үлесі бар тауарлардың, атап айтқанда жеке тұтынатын гигиеналық заттар мен құрылыс материалдарының, дәрі-дәрмектердің бағасы жылдам өсіп келеді.

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Сауда және интеграция министрлігінің алқа мәжілісінде 2022 жылғы жұмыс қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспарларын талқылаған үкімет мүшелері ішкі және сыртқы сауданы дамыту, өнеркәсіп кооперациясы және логистика, Ұлттық тауар өткізу жүйесін құру, цифрландыру және шикізаттық емес экспортты дамыту мәселелерін қарады. Жиын барысында Үкімет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысқа ерекше назар аударып: «Халық үшін бұл жұмыстардың маңызы өте зор және ол Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Баға белгілеуге көптеген факторлар әсер етеді. Сондықтан делдалдық әрекеттерді анықтап, рұқсат етілген сауда үстемесінің сақталуына мониторинг жүргізу және бағаның негізсіз көтерілу фактілеріне қарсы шараларды күшейту қажет», – дей келіп, бірқатар маңызды мәліметтерді алға тартты. Мәселен:
— 2022 жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасы қалыпты өсу қарқынын сақтап қалды. Нақты өсім 3,1%-ті құрады.
— Нақты сектор (3,2%), оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларындағы оң көрсеткіштер тұрақты өсудің негізгі факторы болды.
— Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,4%-ке өсті.
— Ауыл шаруашылығында өсу қарқыны жоғары – 9%-тен асты.
— Құрылыс саласы да жоғары өсім көрсетіп, 9,4% деңгейінде өсім қалыптасты.
— 15,4 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
— Қызмет көрсету секторы 2,5%-ке өсті. Сауда 5%, көлік 4%-ке жуық, байланыс 8%-ке өскен.
— Негізгі капиталға салынған инвестициялар 7,8% нақты өсім көрсетті.
— Барлық негізгі макрокөрсеткіш бойынша Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында өсім байқалды.
— Ең төмен көрсеткіш Ұлытау, Маңғыстау, Атырау және Абай облыстарында тіркеліп отыр.
«Жалпы 2022 жыл күрделі сын-қатерлерге толы болды. Бұл әрине экономиканың дамуына өз әсерін тигізді. Әйтсе де біз осыдан белгілі-бір қорытынды шығаруымыз керек. Биыл Үкімет пен әкімдіктердің алдына бірқатар нақты міндеттер қойылып отыр. Біз Президенттің Сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бар күшімізді жұмылдыруымыз керек. Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары мен бастамалары қоғамның сұранысына және ағымдағы сын-тегеуріндерге негізделген. Осы міндеттерді орындау үшін әрбір министрлік пен өңірдің қосатын үлесі аса маңызды», — деп  түйіндеген премьер министр Ә.Смайылов ырық бермей бара жатқан инфляцияны 2 есеге төмендетуді тапсырды.

Жанбота Сұлтамұратқызы