Ауданымыздың Нұра ауылдық округіне қарасты Өстемір ауылындағы мектеп жасына дейінгі шағын орталығы бар №14 жалпы білім беретін орта мектептің іргетасы 1979 жылы қаланған. Оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп ауласының айналасына 4 жарықтандыру құрылғысы қойылып, 10 бейнекамера орнатылған. Ертеректе салынған екі қабатты мектепте бар болғаны 20 оқу кабинеті және ұстаздар мен өзге де қызметкерлерге арналған 8 жұмыс кабинеті, спорт залы, мәжіліс залы және асхана қарастырылған. 280-320 орынға есептелген аядай ғана оқу орнында бүгінде 509 бала 2 ауысыммен білім алуда. Тар жерді тамаша қылып отырған олардың 205-і бастауыш сынып оқушылары болса, 298-і жоғары сынып түлектері. Ауыл халқының жыл санап көбеюіне байланысты оқушылар саны да жедел артып келеді. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 50%-ға көбейген.
Ұрпақ аманатын арқалап отырған алтын ұяда 64 ұстаз қызмет етеді. Мектеп құрылысының тым ескі және тарлығына қарамастан түлектерінің терең білім алуына барын салатын ұжымда берілген білімнің нәтижелі болуы басты назарда. Мәселен, 2021-2022 оқу жылында білім сапасы 58% болса, 2022-2023 оқу жылының І жарты жылдық қорытындысы бойынша 61%-ға жеткен. Жалпы мектептердің білім саласындағы басты жетістіктері ҰБТ нәтижесі арқылы көрінетіндігін ескерсек, бұл ретте де мектеп ұжымының еңбегі елеулі. Мысалы, 2021-2022 оқу жылын жалпы орта білім алушылардың ішінен 15 оқушы үздік аттестатпен аяқтаса, бітіруші түлектердің ҰБТ нәтижесі 65%-ды көрсеткен. Шәкірттеріне өмірлік азық болар білім мен тағылымды тәрбие беріп отырған мектептің былтырғы түлектері түгел мемлекеттік гранттар бойынша жоғарғы оқу орындарында оқуын жалғастырып келеді. Мұнда тек тәрбие саласы бойынша 8 бағытта тұрақты жұмыс жүргізіледі. Оның ішінде «Өзін-өзі басқару» ұйымы да жұмыс істейді. Оқушылар мектептегі іс-шараларға белсене қатысып, реті келгенде ауыл қарттары мен көпбалалы отбасыларына да қол көмектерін көрсетіп, үй шаруаларына қолғабыс етіп тұрады. Соңғы он жылда аталған мектептің директоры қызметін атқарып келе жатқан Кенжегүл Мұхаметжанова – аудан аумағындағы әріптестеріне жаңашыл жетістіктерімен танылған айтулы маман. білім министрлігі мен облыстық, аудандық деңгейдегі көптеген марапаттар мен білім беру саласындағы түрлі ұйымдардың маңызды сертификаттарының иесі. 2022 жылы «Мұғалімнің кәсіби дамуы – білім сапасының негізі» атты облыстық мұғалімдер іс-тәжірибесінен кітап құрастырған К. Мұхаметжанова 2019 жылы №14 орта мектептің 40 жылдығына арналған «Өткен күндер жеңісі – бүгінгінің жемісі» атты жинақтың жарық көруіне де мұрындық болды. Онда «Өткен күн, кеше – тарих, ал бүгінгі күн – үлкен сый!» және «Білім беру ұйымдарында мұғалімнің кәсіби шеберлігін жетілдіру» атты мақалалары жарық көрді. Қай уақытта болмасын өзінен бұрын шәкірттерінің жетістіктерін мақтан ететін ұстаздардың ұстамы мықты оқушылары да аз емес. Бұл ретте облыстық ғылыми жобалар конкурсында биология секциясы бойынша білім биігінен көрінген Дильназ Тұрғалиева, «Қолтаңба Star» Республикалық өнер орталығының дипломымен марапатталған Шыңғыс Аманбаев, «Bilgen alaman» халықаралық олимпиадасын сертификатының иегері Мөлдір Алғабекқызы, Райымбек Жаленов, «Зияткерлік олимпиада – 2019» Республикалық олимпиадасының жүлдегері Әсем Елібай секілді оқушыларын мақтан тұтады. «Биылғы жаңа оқу жылының басында Талғар аудандық білім беру бөлімінің қолдауымен жалпыға білім беру қорының тарапынан қамқорлық акциясы бойынша жартылай жетім және көпбалалы, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасылардан шыққан 74 оқушыға 37 500 тг қаржылай көмек керсетіліп, кеңсе тауарлары мен спорттық киімдер, оқу құралдарымен жабдықталған арнайы сөмкелер таратылды. Өз мектебіміздегі мұғалімдер тарапынан да мұндай оқушыларға айтарлықтай көмектер көрсетіледі. Бүгінде 1-7 сынып аралығындағы 90 бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген, ал 5 баланы асхана иесі өз есебінен тамақтандырып отыр. Наурыз ауйынан бастап мұндай балалар кезек-кезегімен еліміздегі түрлі лагерлерге 7-10 күннен дем алып келеді. Бұл ретте «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы…» деген ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының аталы сөзін басты бағыт деп білемін.
Сондықтан осы мектептегі білімді, білікті ұстаздардың да еңбегін ерекше атап өту керек», – деген мектеп директоры: «Оқушыларды өнер мен спортқа тәрбиелеуде айырықша еңбек етіп, ерекше тер төгіп жүрген Досжан Әлібаев мен Дархан Идришев секілді шебер мұғалімдердің шәкірттері қай жарысқа барса да жүлдесіз оралған емес. Жанерке Байзолда, Інжу Мұратбек, Жансая Бақбергенова, Айша Дүнгенбай, Әмина Қуанышбек, Айкерім Инырбай, Ақниет Тұрғали сынды оқушылары облыстық және республикалық еркін күрестен жасөспірім қыздар арасында өткен Алматы біріншілігінде алдыңғы орыннан көрініп, мектеп абыройын асқақтатты. Сондай-ақ 16 желтоқсан күніне орай «Жасөспірімдер мен балалар шығармашылығын қолдау» қоғамдық қоры ұйымдастырған байқауда сурет және қолөнер бағыты бойынша Мейірбек Бейсембек І орын иеленсе, Темирлан және Еркебулан Кендербаевтар, Айзат Шаттықбек ІІ орын алып, арнайы дипломмен марапатталды. 2022-2023 оқу жылында бар күш-жігерін шәкіртіне арнайтын география пәнінің мұғалімі Жеткер Төребаевтың шәкірті – 11 «А» сынып оқушысы Ханбек Кендербаев Дарын ғылыми конференциясында 3 орын иеленді», – деп қуанышын да жасырмады. Сондай-ақ тәжірбиелі маман, педагог-сарапшы санатты бастауыш сынып мұғалімі Надежда Поважнинанының еңбегін жоғары бағалап: «Ол – сабақ барысында білім беру саласындағы жаңа технологияларды пайдаланып, заман талабына сай шығармашылыққа жете мән беріп, талап үдесінен шығып жүрген ұстаздарымыздың бірі. Ол өз тәжірбиесін ғаламтор беттеріне үнемі жариялап тұрады. Шәкірттері биік межелерден көрініп, жеңімпаз атанып жүр. Атап айтар болсақ, «Дарын» Қазақстан Республикасы, ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыратын «Кенгуру – математика» интеллектуалдық ойын-конкурсында Илья Трофимов топ жарса, Халықаралық «Русский медвежонок» және «Кенгуренок» олимпиадасында Матвей Петров дүниетану пәнінің жеңімпазы атанып, Анеля Шоқан I дәрежелі дипломға ие болды», – деп атап өтті. Мұның бәрі аядай мектеп үшін ауыз толтырып айтарлықтай үлкен жетістік. Ұжымының ұйымшылдығымен мақтанатын мектеп директорының айтуынша, қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Галия Ходжанованың шәкірті Меруерт Асқарбекова 2021-2022 оқу жылында Бірлік ауылындағы №35 орта мектеп гимназиясы ұйымдастырған Б. Момышұлы оқуларына қатысып, І орын иеленіп, жыл бойы төленетін 25 000 теңге шәкіртақыға қол жеткізген. Мұның бәрі – аядай мектеп үшін ауыз толтырып айтарлықтай үлкен жетістік. Ал аялаған балапандарын алысқа жібермей, ескі болса да есті мектепте оқытып отырған тұрғындардың жалғыз өтініші ауылымызға заман талабына сай жабдықталған, кең, жаңа мектеп салынса дегенге саяды. Ең болмаса ескі мектептің қолайлы тұсына қосымша құрылыс жұмыстарын жүргізіп, кеңейтіп берсе деген тілегі бар. Мұны тұрғындардың ғана емес, осында білім алатын оқушылар мен қызмет қылатын ұстаздар қауымының да тілегі деп ұққан жөн. Ендеше Мұхтар Әуезовтің «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім» деген қанатты сөзін басты қағида деп білетін білікті мамандардан білім алып отырған оқушылардың алар асуы биік боларына сенім мол.
Жанбота Сұлтанмұратқызы