Қаңтардың 15-і күні аудан әкімі Таңат Айдарбеков Ақтас ауылындағы өртенген көпқабатты үйдің тұрғындарымен кездесті. Күннің суығына қарамастан жиналған халық аудан әкіміне қыс бойы көретін қорлықтарын жарыса айтып жатты. Көпқабатты үй болса да не жылу жүйесіне, не көгілдір отын қосылмаған бұл нысанды тұрғындар шама-шарқынша өздері жылытуға мәжбүр. Бірі баллондағы газ арқылы жылынса, енді бірі сұйық отынды пайдаланады. Төртінші қабатқа көмір тасып жағатындар да бар екен. Сол себепті 20-24 қаңтар күндері бұл нысанда қатарынан екі рет газ пеші жарылып, арты өртке ұласты.
Кеңес кезінен келе жатқан бұл нысандар осындағы жүйке аурулары емханасына тиесілі болған. 2008 жылы жеке меншік иесіне берілген соң аурухананың орталық жылу жүйесінен ажыратылған. Содан бері тұрғындар өз қотырын өздері қасып келеді. Оқиға куәгері Мұрат Дәлеханұлының айтуынша, жақын маңдағы қатып қалған су құбырын жасап жатқанда жоғарғы қабаттағы үйге өрт болып жатыр деген хабар келген. Істеп жатқан жұмысын тастай салып жүгіріп жеткенде қызыл жалын бірталай жерді шарпып үлгергенін айтқан ол: «Бұл жердегі үйлердің көбі газ баллонын қолданады. Олар жарылса апаттың салдарын айтып тауысу мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті. Мұндай кезде ойланып тұруға мұрша болмайды екен. Бірден жоғарғы қабатқа көтерілдік. Подьезд көк түтінге толып кетіпті. Әр пәтердің есігін қағып, адамдарды далаға шығара бастадық. Өртеніп жатқан үйге бет алғанымда іркіліп тұрған бірнеше азамат артымнан ере бастады. Көрші үйдегі жас баласымен отырған келіншек қорыққанынан жатын бөлмесіне тығылып қалыпты. Түтінге тұншығып, қорқып қалған ана мен баланы далаға зорға шығарды. Қою түтінге қақала жүріп адамдарды оңашалаған соң, газ баллондарын далаға тасыдық. Шамамен он шақтысын төменге түсірдік. Өз бетімше лаулап жатқан өртті тоқтатуға тырысқаныммен, шамам келмеді. Төбеден құлаған от ұшқындары бірінші қабаттағы балконды да шарпи бастағанда өшіріп үлгірдім. Тілсіз жау төбедегі шатырға ілінсе, қурап тұрған ағаштар әп-сәтте күлге айналар еді. Өрт сөндірушілер де кешікпей жетіп, лаулаған өртті уақытында ауыздықтады», – деп көзімен көрген жағдайды баяндады. Ал 24 қаңтарда тағы да осы көпқабатты үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, үй иесі Анатолий Михайловтың басы мен денесін ІІ деңгейлі күйік шалған. Қазір ол емханада дәрігерлердің жіті бақылауында. Көңілге медет болары сол, екі реткі апатты жағдайда адам шығыны болмаған. Әкім-қаралардың құрғақ уәдесінен шаршаған халық бұл жолы да «талап-тілегіміз жерде қала ма?» деп алаңдаулы. Мәселе бойынша түсініктеме берген Кеңдала ауылдық округінің әкімі Алмас Нұрдәулетұлы бұл кезең-кезеңімен іске асатынын, бірден шешіле қоймайтын шаруа екенін баяндай келе, 2024 жылы ғана көгілдір отынға қол жеткізуі мүмкін екенін ашып айтты. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» демей ме? Бірақ осыған халықтың шыдамы жете ме? Тұрғын үйлерде тоқтаусыз болып жатқан апатты жағдайлардың алдын алу мәселесі қашан, қалай шешіледі?.. Бұл басы ашық сұрақ күйінде қалып отыр. 2020 жылы Талғар ауданының әкімі болған Жолан Омаровтың бастамасымен тартылған газ үйлердің іргесіне тиіп тұр. Қол созым жердегі дүниеге қолы жетпей қор болған халықтың мұңын біз де тыңдадық. Ауыл тұрғыны Сәуле Айтбаева: «Біз атом бомбаның үстінде отырмыз. Қашан жарылып кетер екен деп қорқумен күн кешіп келеміз. Бес мың теңге тұратын бір баллон газ қатты аязда екі күнге зорға жетеді. Сонда айына шамамен 50-60 мың теңге жұмсап жатырмын. Кейде керек дәрі-дәрмекке ақша болмай қалады. Бар тапқан-тергенімізді жылу үшін жұмсап жатырмыз», – деп мұңын шақты. Бұл ретте наразы халыққа нанымды уәде берген аудан әкімі Таңат Айдарбеков наурыз айында тендер арқылы анықталған мердігер мекеме жұмысқа шындап кірісетінін, ешқандай қаржы тапшылығы туындамайтынын жеткізді. Сондай-ақ жұмыс барысын өзі қадағалап, еш шашау шықпасына кепілдік те берді. Жаңа келген әкімнің сөзіне сенер сенбесін білмеген халық, берілген уәде құрғақ сөз ретінде қалар болса, ештеңеден аянып қалмайтындарын ашып айтты. Көңілі күпті болған тұрғындар Таңат Есенкелдіұлын тыңдағаннан кейін сабырға келіп, үміттері оянғандай болды. Біз де жанын шүберекке түйіп жүрген хандардың тілегі орындалып, түйткілді мәселесі шешілсе екен деген тілектеміз.
Зорагүл Әбдіқадір