Журналист мәртебесі жоғарылайды

Журналист мәртебесі жоғарылайды

Жуырда журналистердің құқын қорғайтын заң қылмыстық кодекстен әкімшілік кодекске көшірілмек. Көптің көкейінде жүрген бұл мәселені көтерген «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының экс-басшысы Тамара Калеева «Масс-медиа» туралы заң әлі де жетілдіруді талап етеді деп есептейді.

Заң жобасын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дайындап жатқанын жеткізген ол жобада журналистерді қорғайтын бірден-бір заң – Қылмыстық кодекстегі 158 бапты министрлік әкімшілік кодекске көшіруді көздеп отыр деген ақпарға сүйеніп: «Министрлік аталған бап бойынша іс өте сирек қозғалатынын айтып, осындай қадамға барып отыр. Ал бұл бап неге қылмыссыздандырылуы керек? Осы бап бойынша 2005 жылы бір ғана іс қозғалып, үкім шыққан», – дегенді алға тартты. Бұл ретте Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Астанадағы «Қазмедиа» орталы­ғын­да онлайн түрде алқа отырысын өткізіп, жыл қорытындысын жасады. Оған Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгінов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, сондай-ақ Ассамблея, БАҚ, қоғамдық кеңес, түрлі саладағы басқармалар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Жиында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі  Дархан Қыдырәлі БАҚ туралы заңнаманы жетілдіру, талқыға салу жұмысы қалай жүріп жатқаны туралы баяндама жасап, БАҚ-қа қатысты жаңа Заң жобасына оң өзгеріс жасалып жатқанын жеткізді. БАҚ мәселесін басты бағыт еткен баяндамасында: «Мұнда журналистердің мәртебесін белгілеу, тұр­ғын үймен қамту, жалақысын көтеру, тіл­шілердің жұмысына кедергі келтірмеу секілді маңызды тақырыптар қамтылып, қазіргі журналистика мәселелерінің шешімі көрсетілген. Былтырғы 16 наурыз айындағы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін еместігіне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деп министрлік алдына салалық заңнаманы жетілдіру міндетін қойды. Сондықтан қазір дәстүрлі БАҚ-тың бағыты концептуалды тұрғыда өзгеріп жатыр. Жаңа медиа түсінігі қалыптасты. Медиазаңнаманы қайта қарау жұмысы жүріп жатыр», – деп атап өтті. Сонымен қатар сала министрі балаларға қатысты кибербуллингті реттеу туралы заңға түзетулер енгізілгенін, заң жобасы осы айдың соңына дейін талқылауға жіберілгенін де тілге тиек етті. Осыған байланысты әрбір БАҚ өкілінің пікірі мен ұсынысы маңызды екенін айтқан ол халық­аралық тәжірибелерді ескере отырып, масс-медиа туралы заңды жетілдіру, кейбір баптарын қайта жазып, нақты түзетулермен то­лық­тырудың аса маңызды екеніне кеңінен тоқ­талды. Жаңа заң жобасының артықшылықтарын сөз еткен ақпарат министрі өз сөзінде былай деді: «Заң аясында журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік ақпарат­тық саясатты қаржыландыру тетіктерін реформалау, өзін-өзі реттеу институттарын дамыту, телерадио хабарларын тарату саласындағы трендтерді өзгерту жоспарланған. Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері туралы заңға түзетулер әзірленді. Ұсынылған өзгерістер азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектейтін мемлекеттік органдардың жауап­кершілігін күшейтеді. Ақпараттық доктрина талқылаудан өтті, сондай-ақ ақпарат саласын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын дайындауға кірістік». БАҚ туралы Заң жобасына қатысты ұсыныс айтқан ардагер журналист Срайыл Смайыл: «Осы уақытқа дейін журналистер не мемлекеттік қызметке, не бюджетке жатқызылмай келді. Яғни мәртебесі анықталмаған. Журналистердің жалақысы, баспанамен қамтылуы әлі күнге дейін өзекті. Содан кейінгі мәселе – журналист кім, блогер кім? Жаңа заңда осы дүниелердің шешімі көрсетіледі деген үміттемін», – деген ойын ортаға салды. Жиын соңында Үкімет басшысының орынбасары мемлекеттік идеологияны жүргізуде ақпарат құралдарының үлкен күш екенін, қазіргі уақытта тіпті Президент те қарапайым еңбек адамын кеңінен насихаттауды міндеттеп отырғанын және жыл аяғына дейін жаңа заңды қабылдау қажеттігін алға тартып, облыстық, аудандық газеттердің таралымын көбейтіп, жазылушылар қатарын арттыруды тапсырды.

Жанбота Сұлтанмұратқызы