Бесағаштағы сапасыз су құбыры тағы жарылды

Бесағаштағы сапасыз су құбыры тағы жарылды

Талғар аудандық әкімшілігі берген хабарламада: «Бесағаш ауылдық округіне қарасты «Алматау» және «Нұрия» тұрғын үй кешендерін сумен қамтамасыз ететін негізгі құбыр жарылып, апат салдарынан 21 қаңтар күні екі кешен ауыз сусыз қалған. Оқиға орнына барған аудан әкімі Таңат Есенкелдіұлы жауапты мекеме басшыларына мәселеге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Апат салдарын жоюға атсалысқан «Талғар Су» қызметкерлерінің қарқынды жұмысы нәтижесінде аталған тұрғын үй кешенінде сумен жабдықтау жүйесі толығымен қалпына келтірілді» – делінген. Осыған сәйкес «Талғар Су» мекемесі берген мәліметтерге жүгінсек, ауыз су құбырындағы апат 21-і күні таңғы сағат 04.30 шамасында Талғар-Алматы тас жолының Бесағаш тұсында орын алған. «Талғар Су» мекемесінің басшылары мен қызметкерлері апат орнында 10.00-ден 15.00-ге дейін жұмыс істеген. Жарылған құбырды қалпына келтіру үшін қазба жұмысы жүргізіліп, құбыр қоспалары арнайы қондырғыш үтікпен қайта жалғанды. Жұмыс барысын бастан-аяқ жіті бақылаған басшылардан бөлек, жарылған құбырды жалғау үшін экскаватор, су сорғыш машина, гидромолот экскаватор, тасымал генераторы жұмылдырылып, «Талғар Су» мекемесінің 4 жұмыскері тартылған.  Мәселенің мән-жайын білмек болып Талғар қаласымен қатар, ауданға қарасты 23 ауылды ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Талғар Су» мекемесінің басшысы Қуатбек Нығметұлын сөзге тарттық. «Жарылған су құбырын 2020 жылы «МБМ Constrakshen» ЖШС мердігер компаниясы «Алматау» және «Нұрия» көпқабатты тұрғын үй кешендеріне арнап салған. Жұмыстың сапасыз атқарылуына байланысты екі жыл бұрын ғана тартылған су құбыры жарамсыз болып, апатты жағдайлар жиі орын алуда. Осы екі жылда 30-дан астам ірі апатты жағдайлар орын алып, олардың барлығына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Зардап шеккендер жоқ. Апат болмау үшін салынған су құбырын қайта ауыстырып, жаңа құбыр салу қажет. Онсыз бұл жағдайлардың осыдан кейін де жиі қайталануы бек мүмкін. Сондықтан осы жұмысты қабылдап алған жауапты орындар мәселеге жіті мән береді деп ойлаймын», – деген ол: «Негізі апат бола қалған сәтте-ақ, яғни сағат 05.30-да жұмысты жедел бастап кетуге болар еді. «Алматау», «Нұрия», «Хаят» КСК-ларының «демалыс күні болғандықтан тұрғындар қажетті су қорын алып үлгерсін» деген орынды өтінішіне құлақ асып, суды 10:00-де өшірдік. Оған дейін аталған кешендерді судан толық ажыратпас бұрын халыққа ескерту жұмыстары да жүргізілді. Апатты аумаққа аудан әкімі Таңат Айдарбеков және орынбасары Оразхан Қаспақбаев келді. Атқарылып жатқан жұмысты қадағалап, 17:00-ге дейін кешен халқын толықтай сумен қамтамасыз етуді тапсырды», – деген ақпарат берді. Осы орайда Бесағаш ауылдық окру­гінің әкімі Ернар Ниетбайұлына сұрау сал­дық. Округ әкімі болған жайға қатыс­ты мынадай түсініктеме берді: «Бұл жо­баға қажетті қаражатты 2019 жылы «МБМ Constrakshen» деген компания тен­дерден ұтып алады. Ал олардың атқарған жұмысын аудандық құрылыс бөлімі қабылдап алған. Құбырлардың сапасы өте нашар болғандықтан жиі жарылған су құбырынан шаршап, ауыз судан таршылық көрген «Алматау», «Нұрия» тұрғындары наразылықтарын білдіріп, осыған дейін Алматы-Талғар күре жолын да 3 рет жапты. Аудандық құрылыс бөлімі «МБМ Constrakshen» компаниямен соттасты, олар сол құбырларды сатқан компаниямен соттасты. Көктемде бұл құбырлар тағы жарылды. Осы мәселе бойынша былтырғы облыс әкімі болған Амандық Ғаббасұлы да келді. Менің қолымда 1 жылдың ішінде 138 рет жарылғаны туралы актлар жатыр. Ол құжаттар «Талғар Су» мекемесінде де, аудандық құрылыс бөлімінде де бар. Кез келген жерге құбыр тартылғанда алдағы апатты жағдайды ескеріп 2 құбыр қатар тартылады. Бірі жарылса екіншісі арқылы су беруге болды. Мына жағдайда сол екеуі де жарамсыз болып шықты. Бір құбырды жамап-жасқап, елді әупірімдеп ауыз сумен қамтамасыз етіп келеміз. Аталған компания жалпы ұзындығы 3 шақырым құбырды көктемде жер кепкен соң наурыз айының аяғынан бастап шілдеге дейін толық ауыстыруға тиісті. «Талғар Су» бұл құбырды әлі жауапкершілігіне толық қабылдап алған жоқ. Сондықтан мұның жауапкершілігі құбырды салған компания мен аудандық құрылыс бөлімінің мойынында деп есептеуге болады. Егер мен шатаспасам, осы жолғы апат ірілі-ұсақтысын қосқанда 142-сі болу керек. Ал мына жарылғаны – былтыр ғана салынған жаңа құбыр. Осының өзі 6-7 жерден жарылды. Аудандық құрылыс бөлімі сотта жеңді. Енді «МБМ Constrakshen» компаниясы сот шешімін орындауға міндетті. Апат орынған жерге 05.00 сағат шамасында бардық. 50 сантиметр қалыңдықтағы тоңды арнаулы техникамен қазып, жарылған жерін мамандар жалғады. Халық күні бойы сусыз отырды. 15.00 шамасында су беріле бастады. Қазір барлығы қалыпты жағдайда».  Бір айта кетерлігі, Бесағаштағы жарамсыз су құбыры туралы облыстық, аудандық, ауылдық әкімшілік түгел хабардар болып шықты. Екі күннің бірінде құбыр жарылып, үнемі су тапшылығын тартамыз деген «Нұрия» тұрғын үй кешенінің тұрғындары судың 1 кубына 167 теңге төлейтінін және оның тым қымбат екенін айтып: «Мұндай тариф бұдан өзге еш жерде жоқ. Тек «Талғар Суда» ғана осындай», – деген базынасын жеткізді. Аталған мәселе бойынша айтылған ақпараттарды құзырлы орындар назарға алып, алдағы уақытта нақты шаралар қабылдайды деген үміт басым. Осыдан соң аудан әкімі Т.Айдарбеков «Нұрия», және «Hayat Apartaments» тұрғын үй кешеніне қатысты маңызды мәселелермен танысып. Тұрғындар шағымына баса назар аударатынын жеткізді. Мәселен, ұдайы жарылып жататын сапасыз су құбырынан бөлек, Бесағаш ауылы тұрғындарынан жер учаскесін берудің заңдылығы, көше-жол желісі, мектеп салу, үйлер арасындағы тиісті қашықтықты сақтамау, ағаштарды орынсыз кесу, қоғамдық тыңдаулар өткізу талаптарын бұзу, көппәтерлі тұрғын үйлердің қабаттары туралы көптеген шағымдар түскен. Бұл мәселелермен жеке танысуға шешім қабылдауға шешім шығарған әкім өзінің орынбасары О.Қаспақбаевқа және бөлім басшыларына арнайы тапсырма берді. Сонымен қатар «Алматау», «Достар», «Нұрия-2» тұрғын үй кешеніндеріне қарасты 840 000 шаршы метр үйді жылу және ыстық сумен қамтамасыз ететін блокты-модульдік қазандықты тексеріп, жұмыс сапасын жіті бақылауға алатынын атап өтті.

Жанбота Сұлтанмұратқызы