Ауыз су азабын тартқан тұздыбастаулықтар

Ауыз су  азабын тартқан тұздыбастаулықтар

Тұздыбастау ауылына қарасты Айсұлу ықшам ауданындағы тұрғын үйлердің су құбыры жарылып, үйлердің ауласын су басқан. Тіпті жайылған су көршілердің ауласынан өтіп, көшеге дейін жетіп, адамдардың жүріп-тұруына қиындық келтірді. Ақау шыққан құбырды қалпына келтіргенімен, ертеңінде бұл жағдай тағы қайталанды. Қысы-жазы қара судан қиындық көрген халық 15 қаңтарда наразылық шарасына шықты. Аудан әкімін, Талғар аудандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы бөлімінің басшысы Эрик Әубәкіровті, Талғар аудандық төтенше жағдай бөлімінің мамандарын, ауылдық әкімшіліктің жауапты адамдарын шақырған. Қақаған қыста, аптап ыстықта ауыз сусыз қалудан қажыған жұртшылық құзырлы орындар мен жауапты мекемелерге жанайқайын жеткізудің басқа амалын таппағанын айтады.

2017 жылы «Жантас ТСО» ЖШС-мен келісімшартқа отырған тұздыбастаулықтар өз қалталарынан 130 000 теңге шығарып, суды тасып ішудің машақатынан құтылған. Десе де ауыл тұрғындары сол кездегі сапасыз істелген жұмыстың салдарымен әлі күресіп келеді. 2020 жылы мемлекеттік «Ақбұлақ бағдарламасы» аясында сумен толық қамтамасыз етілуге тиісті ауылға бұл ЖШС-нің шарапаты тимеген. Ауыл халқының ауыз суға жарымай отыруының басты себебі – сыбайласқан жемқорлық екенін ашып айтқан Аслан Ырғынбаева: «Арыз-арманымызды арқалап бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалған жоқ. Келген әкім-қараларға үнемі жағдайымызды жасырмай ашып айтып келеміз. Бірақ бізге құлақ асқан жан болмады. Шынын айтқанда осы наразылық шарасына шыққан күні Талғар күре жолын жаппақшы болғанбыз. Әрине бұл – заңсыз әрекет. Бұлай істеуге арымыз жібермеді. Өйткені біз жауып тұрған қара жолда асыққан жолаушылар бар, жедел жәрдем көлігінде кетіп бара жатқан жүкті әйел немесе өмір мен өлім арасында жатқан адам бар шығар, кім білсін?…» – іштегі қыжылын ақтарып салды. Ауыз су азабын тартып ашынған кейуана: «Құрманғазы көшесіндегі №32 үйдің су құбыры жарылып, айналаны мұз басты. Бұл отбасында мүгедек адам, кішкентай балалар тұрады. Аула көк тайғақ. Мұздың қалыңдығы 30 см-ге жетті. Үйдің ішіне кіруге аз қалған су көршілердің де ауласына жетіп, жүріп-тұру қиынға соқты. Молдағұлова көшесінде де осындай жағдай жиі орын алады. Тарыққан ауылдастарымыз үнемі: «Апа, су құбырымыз жарылды. Не істейміз?», – деп хабарласады. Осы жолы келген азаматтарға: «Бір апта ішінде жарылып жатқан құбырлары толығымен қалпына келтіріліп, мұз құрсанған үйлердің ауласы толық тазалансын», – деген талап қойдық. Аудандық мәслихаттың депутаты Шаагзам Купидинов бастаған топ түннің бір уағына дейін Құрманғазы көшесіндегі №32 үйдің шаруасын шешкенімен, тағы сол көшедегі №4 үйдің құбыры жарылды. Әлі күнге дейін ештеңе өзгерген жоқ. Қатқан мұзды қозғаған да адам болмады. Осы ықшам ауданның ауыз суына жауапты ЖК «Таласбаева» деп атын өзгерткен бұрынғы «Жантас ТСО» ЖШС-нің басшысы Айсұлу Таласбаеваға қоңырау шалсақ көтермейді. Кейде құрғақ уәдемен құтылғысы келеді. Осы жолы бәрін қалпына келтіруге уәде берген А. Таласбаева мұз басқан үйлердің ауласына біраз құм төгіп бергеннен басқа ештеңе істемеді. «Басы ауырмағанның құдайменен ісі жоқ» дей ме мұндайды? Енді бұл шаруаны сот арқылы шешуге бекініп отырмыз. Бізеге бұдан өзге шығар жол қалдырмады», – деп те налыды.  Сол күні наразы топтың ортасында болған Кенесары хан көшесінің тұрғыны Құралай Қасымова: «Судың сапасы өте нашар. Ішсең бір жаман дәмі бар, ал сасық иісі жүректі айнытады. Шыныға құйып қойсақ, түбіне ылай тұнады. Мынандай су ішкен адамның денсаулығы кешікпей сыр берері даусыз. Балаларымның денсаулығына алаңдаймын. Кір жусаң да таза болмайды. Бұл жағдайды аудан әкімінен тартып, бәрі біледі. Бірақ еститін үкіметтің халық үніне құлақ асатын қызметкерін көрген жоқпын!» – деген жанайқайын жайып салды.  Қалың жұрттың бас көтеруіне себеп болған істің мән-жайын түсіндіріп, олқылықтың орнын толтырғысы ке­летін шығар деген оймен ЖК  «Та­лас­баева» ЖШС-нің басшысы А.Талас­баеваға хабарластық. Ол жағдайды түсіндірмек түгілі, ат тонын ала қашты. Ал қиын-қыстау күндері елмен бірге жүріп, барлығын өз көзімен көрген аудандық мәслихаттың депутаты  Шаагзам Купидинов мәселенің жай-жапсарын былай баяндады: «Соңғы күндері күннің күрт суытуына байланысты су құбырлары қатып, апатты жағдай орын алды. Осының салдарынан Айсұлу ықшам ауданының тұрғындары наразылық шарасына шықты. Аталған ықшам ауданның су арнасы жеке мердігер мекемеге қарайды. Осы мекеменің басшылары Сабыр Таласбаев, Айсұлу Таласбаева өздерінің жұмыстарына тым салғырт қарағандықтан осындай жағдай орын алды. Олардың мұндай апатты жағдайда пайдаланатын қажетті техникалары да жоқ. Оқиға орын алған күні халықпен жиналыс жүргізіп, оларды сабырға шақырдық. Түнгі сағат 22:00-ге дейін жөндеу жұмыстары аяқталып, су берілді. Қазіргі таңда тұрғындар су арнасын Талғар аудандық ЖКХ бөліміне өткізу туралы өтініш берді. Осыған сәйкес болашақта «Талғар Су» мекемесі бұл ықшам ауданды сапалы сумен қамтамасыз ететін болады». Депутаттың сөзіне сенсек, ауыз судың азабын тартқан ауыл тұрғындарының мәселесі алдағы уақытта шешімін табатын болады. Тек оған дейін елдің сабыры сарқылмаса игі еді…

Зорагүл Әбдіқадір