Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының төрағаларымен және үкімет басшысымен кеңесе отырып қаңтардың 19-ы күні Мәжілісті таратып, «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» жарлыққа қол қойды.
«Мен қыркүйектегі Жолдауымда алда тұрған сайлау науқандары туралы айттым. Осыған сәйкес өткен жылдың қараша айында кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Жуырда Сенат депутаттарының бір бөлігі сайланды. Енді Мәжіліс пен мәслихат сайлауын өткізуіміз керек», – деген Президент Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалғанын мәлімдеді. Сонымен қатар Қазақстан халқы референдумда саяси өзгерістерге, оның ішінде Парламентті және мәслихаттарды жасақтау тәртібін жаңартуға қолдау білдіргенін айта келіп: «Енді Мәжіліс депутаттарының 70%-ы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30%-ы бір мандатты округтерден сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Депутаттардың 50%-ы бір мандаттық жүйе арқылы, 50%-ы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы мемлекеттік билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Осылайша «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты толық іске асады», – деп атап өтті. Парламент Мәжілісінің депутаттарына алғысын білдірген ол өзінің Әлеуметтік желідегі парақшасында: «Парламент Мәжілісінің жетінші шақырылым депутаттарына Әділетті Қазақстанды құру бағытын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етіп, еліміздің өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешкен, саяси және экономикалық реформаларды жүргізуге белсенді атсалысқан, қоғамдағы тұрақтылық пен заң үстемдігін қамтамасыз еткен табысты жұмысы үшін алғыс айтамын. Мәжіліс депутаттары жоғары кәсібиліктің, азаматтардың алдында жауапкершілік және шынайы патриотизмнің үлгісін көрсетті», – деген жазба қалдырды. Сонымен ҚР Орталық сайлау комиссиясы 19 наурызда өтетін мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысатын үміткерлерге қойылатын басты талаптарды атады. Барлығы 223 мәслихат болса, оның ішінде 3 415 мандат бар:
— Облыстық – 20 мәслихат, 668 мандат;
— Қалалық – 37 мәслихат, 617 мандат;
— Аудандық – 166 мәслихат, 2 130 мандат.
Мәслихат депутаттығына үміткерлер болатын кандидаттар міндетті түрде ҚР азаматы болуы және жасы 20-дан кем болмауы қажет. Осы орайда мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринның телеграм арнасында жариялаған алдағы сайлаудың он жаңалығына көз салсақ:
1. 2004 жылдан кейін алғаш рет Мәжіліске депутаттар бір мандатты округтер арқылы сайланады (98 депутаттың 29-ы);
2. Үміткерлерге партиялар мен Үкіметтік емес ұйымдар атынан ғана емес, өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік ашылды;
3. Бұл кезектен тыс сайлау болғанымен, оның өтетін мерзімі жарты жыл бұрын белгілі болды;
4. Партиялардың Парламентке өтуі үшін белгіленген төменгі шегі 7%-дан 5 %-ға төмендетілді;
5. Әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдар үшін қарастырылған 30%-дық квота партиялық тізім мен мандаттардың бөлінісі кезінде сақталады;
6. Мәжілістің жаңа құрамында
Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайды;
7. Алғаш рет Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында «бәріне қарсымын» деген графа енді;
8. Сайлауға 7 саяси партия қатысуға құқылы. Оның екеуі партиялар туралы заңның жаңа нормалары күшіне енгеннен кейін тіркелді;
9. Облыстардағы аймақтық сайлау комиссиялары енді кәсіби түрде жұмыс істейді;
10. Сайлаушылар бес бюллетень бойынша дауыс береді (республикалық маңызы бар қалалардағы бюллетень саны төртеу).
Барлығы жеті партияға Мәжілістің кезектен тыс сайлауына қатысуға рұқсат берілді. Олар:
— «Amanat» партиясы;
— «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы;
— «Respublic»a партиясы;
— «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы;
— Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы;
— Жалпыұлттық социал-демократиялық партия;
— Қазақстан халық партиясы.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, алдағы уақытта «Ел тағдыры», «Ұрпақтар жалғастығы» секілді тағы екі партия тіркелуі мүмкін.
Бұрынғы Мәжіліске «Нұр Отан» партиясының атынан өтіп, «Аманат» партиясының мүшесіне айналған 76 депутат болған. Алдағы сайлауға байланысты таратылған Мәжілістің 106 депутаты өз кабинетін тапсырады. Бір айдың ішінде қызмет пәтерін босатуы тиіс. Мерзімінен бұрын таратылғаны үшін 2 айлық көлемінде өтемақы алатын болады. Ал саяси көзқарасына бола «Ақжол» партиясынан шығарылған Азамат Әбілдаев мандатынан айырылып, өтемақыдан да қағылды. Айта кетейік, ел президенті 2022 жылғы 26 қарашада Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 2) тармақшасына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 69-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары өкілеттіктерінің конституциялық мерзімі 2023 жылы аяқталатынына байланысты қабылдаған қаулысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауы 2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындалған. Орталық сайлау комиссиясы берген ақпараттарға жүгінсек, саяси науқанға қатысу үшін белгіленген 20 орынға 55 кандидат тіркелген. Оның бесеуі Алматы облысынан ұсынылса, Астана мен Шымкенттен үш-үштен, өзге өңірлерден 2 кандидаттан тіркелді. Дауыс беруге 3167 мәслихат депутаты қатысып, 20 өңір сенатқа лайықты депутаттарын таңдады. Сегізінші шақырылымда Алматы, Жетісу, Ұлытау облысы мен Шымкент қаласынан таңдалған 4 депутат қайта сайланды. «Власть» сайтының мәліметінше Сенатқа облыс мәслихаттарының 5 хатшысы, 4 әкім орынбасары, 2 аудан әкімі, 1 облыстық басқарма жетекшісі, 1 министрліктің орташа дәрежедегі жетекшісі өткен. Олардың ең үлкені – 62 жаста болса, ең кішісі – 42-де. Жаңа депутаттар арасында 3 әйел адам бар. Сайлаушылар тізімінде көрсетілген 3 168 мәслихат депутатының басым бөлігі Түркістан (317) және Қостанай облысынан (263). Сондай-ақ өткен жылы кезектен тыс Перзидент сайлауында бюллетенге енгізілген «бәріне қарсымын» графасы Сенат сайлауында да қолданылды. Сонымен Алматы облыстық сайлау комиссиясының қорытындысы бойынша бастапқыда Сенат депутаттығына үміткер ретінде 5 адам тіркелгенімен, халық қалаулысы атағына 2 кандидат түсіп, біреуі ғана Сенатқа депутат болып сайланды. Үміткерлерге дауыс берген депутаттар саны 204 болса, олардың 154-і Жанболат Жөргенбаевқа, 24-і Нұрлан Ертасқа дауыс берсе, 7 депутат қалыс қалған. Сөйтіп Сенат мінберінде 6 жыл бойы Алматы облысының мәселелерін көтеріп, олардың оң шешілуіне ықпал етеді деген сенімге ие болған Ж. Жөргенбаев жалпы есепте 83,2% дауысқа ие болып, айқын басымдылықпен жеңіске жетті. Осыған орай тілшілерге сұқбат берген Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Дәулет Жарасбаев: «Облысымызда мәселе өте көп. Бірінші, жер мәселесі, екінші, жұмыс орнын ашу, ауылшаруашылығын дамыту секілді бірқатар маңызды мәселелер бар. Осы мәселелерді шешу үшін мемлекет басшылары мен облысымыз арасындағы алтын көпіріміз – осы депутат болады деп ойлаймын», – деген сенім білдірді.
Жанбота Сұлтанмұратқызы