Елімізде еңбекақы мен зейнетақы мөлшері өсті

Елімізде еңбекақы мен зейнетақы мөлшері өсті

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған тапсырмалар негізінде 2023 жылғы 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін ұлғайтылып, зейнетақы мөлшері де айтарлықтай өсетіні айтылды. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2023 жылдың басынан бастап дәрігерлердің еңбекақысы – 30%-ға, мұғалімдердің еңбекақысы – 25%-ға, бюджет саласының басқа да қызметкерлерінің еңбекақысы 20%-ға, өндірістік қызметкерлердің еңбекақысы 10-50%-ға көтерілгенін хабарлады.

Сонымен қатар осыған дейін азын-аулақ жалақыны қанағат етіп келген ғалымдардың да жалақысы 2 есеге ұлғайып, ғылым саласында тер төгіп жүрген жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында 1000-нан астам грант бөлінгені де көңілге қуаныш ұялатты. Еңбек кодексіне сәйкес кез келген жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ең төменгі жалақыдан (ары қарай ЕТЖ) төмен емес мөлшерде төлеуге міндеттелгені мәлім. Осының нәтижесінде әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық салаларында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысын белгілеуде ЕТЖ-ның 70 000 теңгеге өскені ескерілуі керек. Демек алдағы уақытта 1,8 миллионға жуық жалдамалы жұмыскердің ақшалай кірістері өседі деген сөз. ЕТЖ-ның көтерілуі ең алдымен жалақысы төмен қызметкерлерге тікелей қатысты. Екінші, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайтын болады.Мемлекет басшысы ҚР Үкіметіне ең төменгі жалақыны анықтаудың өзге де жаңа әдістемесін енгізуді тапсырды. Бұл өз кезегінде ЕТЖ мөлшерін кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары динамикалық тәсілдерге негізделген және негізгі экономикалық көрсеткіштерді ескеретін ЕТЖ мөлшерін айқындау әдістемесін әзірлеуде. Айта кетейік, мемлекет тарапынан заңды негізде белгіленетін ЕТЖ жыл сайын «Республикалық бюджет туралы» ҚР Заңымен анықталады және еңбек саласындағы төлемдердің ішіндегі ең төменгі әлеуметтік стандарт болып есептеледі. Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы зейнет­ақының орташа мөлшері – 108 960 теңгеге көтерілді. Ресми статистикаға жүгінсек, қазіргі уақытта еліміздегі зейнеткерлердің саны 2 млн 276 000-ға жеткен. Ашық ақпарат көздеріндегі деректерге көз салсақ, жыл басынан бері ел тұрғындарына 2,7 триллион теңгеден астам сомаға тең зейнетақы төленген көрінеді. 2022 жылғы қарашада республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 245,9 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 74,9 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге – 171 млрд теңге бөлінгені мәлім. 2020 жылдың желтоқсан айының аяғында Қаржы министрлігі 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын талқылауға шығарды. Ел әлеуетін көтеруге негізделген бұл маңызды құжат осы жылдың 8 қыркүйегіне дейін қоғам талқысына салынатын болады. Жобаға сәйкес мемлекеттік базалық зейнетақының ең төмен мөлшерi 53 076 теңгені құраса, жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне жұмсалатын қаражат 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 10,5 пайызға көтеріледі. Бұдан бөлек айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері 3 450 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі — 40 567 теңге болып бекітілді.
Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда АЕК пен ЕТЖ-ның өсуі тек еңбекақы мен зейнетақыға ғана қатысты емес, түрлі жәрдемақылар мен айыппұл, салық және т.б. төлемдердің де мөлшерінің айтарлықтай артуына негіз болып отыр.

 

Жанбота Сұлтанмұратқызы