Жазасын өтегендер жұмыспен қамтылуы керек

Жазасын өтегендер жұмыспен қамтылуы керек

Талғар ауданы әкімшілігінде қаңтардың 10-ы күні бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды квота бойынша жұмысқа орналасу мақсатында алқалы жиын өтті. Айтулы шараға аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев, Талғар ауданының прокуроры Ескендір Бекманов, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гульжан Айткужакова, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Еркін Алдатаев, халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Эльвира Курманова қатысты.

Халықты жұмыспен қамту ор­та­лығының ұйымдастыруымен өткен шарада баяндама жасаған Э. Курманова өткен жылды қорытындылай келе, Аталуы әлеуметтік көмек тек балаларға ғана емес, ай сайынғы табысы 32 мың теңгеге жетпейтін барлық адамдарға тағайындалатынын атап өтіп, осы­ған байланысты жаңа жылдағы жос­пар­ла­рымен бөлісе келе:«2022 жылдың басынан жазасын өтеп шыққан немесе пробация қызметінің есебінде тұрған 32 азамат халықты жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгін­ген. Оларды квота бойынша тұрақ­ты жұмысқа орналастыру үшін меке­мелерге квота бөлінген.  Осыған орай 32 азамат аталған ме­ке­мелерге тұрақты жұмысқа орналас­ты: ЖК «Алдабергеноваға» 6 адам, «Афдан» ЖШС-іне 7 адам жүк тасушы және сатушы болып орналасса, ЖК «Алпийскийлед» мекемесіне 4 жұмысшы қабылданды және 2 адам қоғамдық жұмысқа тартылды. Ал 6 адам «Интеллсервис» ЖШС-гіне, 1 азамат «Nur Kagaz» ЖШС-гіне, 6 адам «Талғар кірпіш зауыты» ЖШС мекемесіне квота бойынша жұмысқа орналасты. «Озенмас» ЖШС-іне 4 жұмысшы қабылданды», – деген ақпар берді.  Талғар аудандық пробация қыз­меті бөлімінің бастығы, әділет майоры Азамат Елеусізұлы: «Өткен жылдың басында бас бостандығынан айыру орындарынан шартты түрде босатылған, пробация есебінде тұрған 974 адамның 949-ы біздің есебімізде қалса, оның 26-сы ғана жұмысқа орналасты. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Мұның бірнеше себебі бар. Нақтырақ айтар босақ, мысалы, «Талғар кірпіш зауыты» жұмыс күшіне мұқтаж болға­нымен, ол жердің жұмысы тым ауыр. Сондықтан адамдар онда ұзақ тұрақ­тай алмайды. Өткен жылы аты аталған зауытқа барған 8 адамның ешқайсысы тұрақтап жұмыс істемеген. Себебі, онда жалақы 150 мың теңге болғанына қарамастан жұмыстың ауырлығына көбі шыдамайды. Көбі айлығы жоғары, жұмысы жеңіл орындарды іздейді. «ZETA», «Baron» сынды мекемелерде орналасқысы келеді. Шынын айтқанда, тіркеуден өткен 949 адамның 70 пайызы мүлікті ұрлау, алаяқтық сынды қылмыс жасағандар. «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» демекші, түрмеден босап шыққан адамдарды ешкім жұмысқа алғысы келмейді. Бұл ретте өзіміз кепіл болып жұмыс істегісі келетін 26 азаматты жұмысқа орналастырдық. Алатын айлығының аздығы мен жұмыстың ауыр болуы – олардың жұмысқа орналасу деңгейінің төмен болуының басты себебі деуге болады. Кейбірінің жеке кәсібі болса, өзін жұмыспен қамти алатындар саны да аз емес. Алайда барлығы бірдей өмірден өз орнын тауып кете алмайды. Екі қолға бір күрек таба алмай, жоқшылықтың салдарынан қайтадан қылмыс жасайтындар да көп. Осы жағдайдың алдын алу үшін олар бос жүрмеуі керек. Жұмыс істеу арқылы тұрмыс жағдайларын оңалтып, дұрыс жолға түсуіне жәрдемші болуымыз керек», – дегенді алға тартты. Осыған байланысты прокурор Ескендір Бекманов ауданымызға қарасты мекемелердің жауапкершіліктен қашпай, осы топтағы азаматтарды жұмысқа алуын, орынсыз сылтаумен сытылып кетпеуін қатаң ескертті. Жиын барысында жазасын өтеп шыққан немесе шартты түрде босатылған адамдарды жұмыспен қамту үшін Заңға біраз өзгерістер керек екені де айтылды. Яғни ар­найы квота арқылы белгіленген жұмыс орындарында тапжылмай жұмыс істеуге мәжбүрлеу, оларды жұмыспен қамтыған мекемелерді салықтан босату сынды жеңілдіктер қарастырылса, бұл жоспардың нәтижелі болатыны да айтылды. Жұ­мыспен қамту орталығында аталған топқа жататын адамдарға арналған квота бар. Заң бойынша бір мекемеде квотамен жұмыс істейтін адамдар саны 3 пайыздан аспауы және Талғар ауданының «Кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында жұмысқа орналастырылған болуы керек.  Айтылған мәселеде «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң…» дегенді басшылыққа ала отырып, жығылғанға жұдырық болмай, жөн сілтесек, қайырлы іс сол болатынын да естен шығармаған абзал. Ертең неден жаңылып, қашан жаза басарымызды кім білсін?…

Зорагүл Әбдіқадір