Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда саманнан, ағаштан, тіпті қамыстан салынған мектептер көп. Қолданыстағы 710 мектептің тозығы жеткен. Бүгінде саманнан тұрғызылған 353 мектеп, ағаштан соғылған 69 мектеп, тіпті қамыстан жасалған 5 мектеп анықталды. Қойма, жапсарлас нысан және басқа да бейімделген ғимараттарда 40 мектеп орналасқан. Ал 177 мектептің пайдаланылу мерзімі 70 жылдан асып кеткен. Ресми статистика бойынша жалпы саны 147 мектепте үшауысымдық оқыту жүргізіледі деп есептелген. Апатты деп танылған 33 мектепте бала оқиды. Оның 6-ауы Талғар ауданына тиесілі.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының басты мақсаты – үш ауысымды және апатты мектептерді жою, білім сапасына қатысты ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын азайту, білім беру сапасын арттырып, заман талабына сай жаңа талаптар енгізу, оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау, 2025 жылға қарай қалалар мен қарқынды дамып келе жатқан елді мекендерде жаңа үлгідегі мектептер салу. Бұл ретте әкімдердің жеке жауапкершілігіне мектеп салуға жер телімдерін беру, инженерлік инфрақұрылымды, жолдарды салу, қоғамдық көлік бағыттарын анықтау және педагог кадрлармен қамтамасыз ету, мектептерді иелікке алу т.б. секілді бірқатар міндеттер жүктелгені белгілі. Оқу-ағарту министрлігі берген мәліметке сүйенсек, биыл Қазақстан 7600-ге жуық мектеп жұмыс істейді. Онда 3 миллион 700 мыңға жуық бала білім алады. Мектептердегі орын тапшылығы маңызды мәселеге айналып, дабыл қағылып отырғаны да жасырын емес. 2021 жылы Президент тапсырмасы негізінде 277 мектеп іске қосылған. Биыл еліміз бойынша 260-қа жуық мектеп салынбақ. Бүгінде 2025 жылға дейін мың мектеп салу жоспары жылдам орындалып жатыр. Егер сол мың мектеп түгел салынса миллион бала жаңа оқу орнымен қамтылып, үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен жойылатын көрінеді. Бұл – мұғалім тапшылығы мен апаттық жағдайдағы мектептер мәселесін шешуге де мүмкіндік береді деген сөз. «Жайлы мектеп» жобасы – жай мектеп салудан өзгеше жоба. Мәселен, елордада жаңаша бір мектеп салынып еді, барлық тұрғындары балаларын сол мектепке беруге ұмтылды. Өйткені, ол мектепте балаларға қолайлы жағдайлар жасалған. Онда робототехника, физика, химия мектебі де бар. Қандай заманауи құрылғылар керек – соның бәрімен жабдықталған. Осындай мектептерді саламыз. Онда бастауыш сыныптарға арналған жеке блок болады. Оның өзінің асханасы, дәретханасы, басқа да кабинеттері бөлек қрастырылады. Бұл жоба әлімжеттік мәселесін шешуге де негіз болады», – деді оқу-ағарту министрі. Ал 20 қазанда Жетісу жеріне табан тіреген Мемлекет басшысы: «Менің тапсырмам бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен облыста 39 мектеп салынады. Бұдан бөлек, Қонаевта дарынды балаларға арналған лицей және интернат ашу қажет. Тағы да қайталап айтамын. Мектеп салу және оны жаңғырту – әкімдердің жұмысындағы негізгі көрсеткіштердің бірі» , – деп айырықша атап өткен. Аудан әкімі Қайдар Әбдіхановтың сөзіне қарағанда, осы мектептердің жетеуі Талғар ауданында салынатын көрінеді. Қалай болғанда да түйткілді мәселенің төркінін дөп басқан президент сөзі мектепке қатысты қордаланған біраз мәселенің басын ашып, қозғау салары сөзсіз. Айта кетейік, аудандық білім бөлімінің мәліметіне жүгінсек, қазіргі уақытта Талғар ауданы бойынша 43 орта мектеп, 2306 сынып бар. Жалпы мұғалім саны – 4698, оқушы – 49867. Санаты бойынша 218 – магистр, 6 – доктор, 20 – шебер, 924 – зерттеуші, 854 – сарапшы, 845 – модератор, 115 – педагог, жоғары санатты – 83, І санатты – 189, ІІ санатты – 192, санаты жоқ – 1476 мұғалім қызмет етуде. Десек те көп мектепте жоспарланған бала санынан әлдеқайда артық оқушы қысылтаяң жағдайда білім алып отырғаны, үш ауысымда сабақ беретін мұғалімдер жайы елді алаңдатады. Бүгінде халық тығыз қоныстанған 5 ауылда бақандай 6 мектеп 3 ауысыммен оқуға мәжбүр. Мәселен, Тұздыбастау ауылындағы № 13 мектепте 2354 бала, №31 мектепте 2349 бала, Жалғамыс ауылындағы №15 мектепте 931 бала, Талдыбұлақтағы №34 мектепте 1276 бала, Жаңалықтағы №37 мектепте 1797 бала, Кеңдала ауылындағы №42 мектепте 1302 бала аядай жерде қысылса да амалсыздың күйін кешіп білім алып жатыр. Бұл өз кезегінде сапалы білім алу деңгейінің төмендеуіне ықпал ететін негізі себеп екені айтпаса да түсінікті. Бұл – Талғар ауданы бойынша да маңызды және басы ашық мәселе. Осыған байланысты «Жайлы мектеп» жобасының шарапаты біздің аудан мен ауылдарға да молынан тисе деген үміт басым…
«Жайлы мектептің» тағы бір артықшылығы оқушылар жай мектептегідей сөмке толы кітап көтеріп, алыс жолдан арып-ашып жаяу жүріп әуре болмайтынында. Сонымен қатар жоба бойынша негізгі міндеттердің бірі – білім саласы дамыған елдердің (Оңтүстік Корея, АҚШ, Ұлыбритания, Малайзия, Канада, Австралия секілді т.б.) тәжірибесіне сүйеніп, әлем елдерінің білім беру жүйесіне жаңа ақпараттық коммуникациялық технологиялардың дамуымен іске асатын «Elearning» жүйесін және оқу ресурстарының контентін Қазақстан жағдайына бейімдеп, дамыту да қолға алынбақ. ХХІ ғасырда дамыған әлем елдері электронды ақпараттық қоғамға көше бастағаны мәлім. Олармен салыстырғанда электронды үкіметті енді жасақтап жатқан біздің ел үшін білім саласын толық элекронды форматқа көшіру де басты мәселе екені белгілі. Осыған орай білім жүйесінің барлық сатылары үшін электронды оқулықтар жасау тетіктері біртіндеп іске асырылып келеді. Ол оқушы үшін ақпарат көзі ғана емес, әрбір білім алушының мүмкіндігінше терең білім алуына, оқу үрдісін жеке дара жүргізуіне мол мүмкіндік береді. Қазіргі оқу процессінде компьютерлік оқулықтар, есеп жинақтары, энциклопедиялар, тестілеу мен бақылау, анықтамалық жүйелер қолданыста бар. Бірақ бұл сала әлі де жетілдіруді, әлемдік білім беру талаптарына сай толық жабдықталуды талап етеді. Сондықтан электрондық оқулықтарды пайдаланып оқушыларды заман талабына сай қашықтан оқыту мәселесі де алға шықты. Бұл – оқушы жеке мүмкіндіктерін саралай отырып, өз бетімен білім алуға, өзін-өзі дамытуға, ізденуге деген құлшынысын арттырып, қажеттілігін туғызады деген сөз. Осы талаптарды жүзеге асырудың басты талабы оқушының компьютерлік біліктілігіне байланысты екенін ескерсек, аудан бойынша емес, тіпті ел бойынша барлық баланың компьютерге қолы жетіп отырған жоқ. Бұл да жай мектептер үшін тезарада шешімін тауып,кезек күттірмейтін шешілуге тиісті мәселеге айналған. Сондықтан «Жайлы мектеп» жобасында жай мектептің жайы да басты назарға алынары анық. Бұл тұрғыда қазірдің өзінде үкімет тарапынан нақты тапсырмалар беріліп, келелі істер қолға алына бастады.
Ендеше «Егер ісім өнсін десең, ретін тап» деген Абай сөзі қай уақытта болмасын, кез келген істе барлығына қамшы болуы керек.
Жанбота Сұлтанмұратқызы