Қоян жылдың қысы тым қытымыр. Әсіресе қаңтардың 11-16 аралығындағы аяз тұрғындарды біраз әуреге қылды. Қар да қалың түсті. Алайда ауданымызға қарасты кейбір жергілікті әкімдіктер мен мердігер мекемелер көшелерді қардан тазалау жұмыстарын дұрыс атқармағандықтан, бірқатар жол-көлік оқиғалары да орын алды. Осыған байланысты оларға Талғар аудандық әкімшілік полиция басқармасы тарапынан әкімшілік айыппұлдар салынды.
Талғар ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолы және тұрғын үй инспекциясының бас маманы Асқат Досжановтың берген мәліметінше, 15-16 қаңтар күндері Айғаным ауылында жолдың тазаланбауы салдарынан пайда болған көктайғақтан апатты жағдай орын алып, қоғамдық көліктің жүргізушілері ауылдың ішіне кіруден бас тартқан. Атап айтсақ, Панфилов ауылдық округіне қарасты Қызыл Ту-3, Қызыл Ту-4 ауылдарындағы орталық көшелердің дұрыс тазаланбауынан «Думан трансKZ» автопаркіне тиесілі 360 CN 02 нөмірлі автобус пен 619 ADE (Toyota Previa) нөмірлі жеңіл көлік соқтығысқан. Оқиға куәгері болған ауыл тұрғындары жол апаты туралы бейнежазба жариялап, жолдың мүлде тазаланбағанын айтып аудан, облыс көлеміндегі құзырлы орындарға шағым түсірген. Сондай-ақ олар таң атпастан көліктің рөліне отырып, түннің бір уағында үйіне оралатын жүргізушілердің мұндай жағдайда кінәсіз екенін де ашып айтқан. Орын алған келеңсіздікке жалғыз мердігер мекемелер ғана кінәлі емес, бұл жерде ауылдық округ әкімшілігінің де жауапты екенін ескерген дұрыс. Аталған жағдайларға байланысты Панфилов ауылдық округі әкімдігінің, Тұздыбастау ауылдық округі әкімдігінің бас маманына, Нұра ауылдық округінің әкіміне, Талғар қаласы әкімінің орынбасарына әкімшілік айыппұл салынды. Талғар ауданы бойынша аудандық маңызы бар жолдар – 1046,5 шақырым болса, облыстық маңызы бар жолдар – 172 шақырымды құрайды. Ал республикалық маңызы бар жолдар – 97 шақырым. Осы республикалық маңызды жолдарды қардан тазарту жұмыстарына «ДЭУ 21» ЖШС мекемесі жауапты болса, облыстық жолдарды «BCS Constraction» ЖШС қадағалайды. Ал ауданаралық жолдарды «Алматы жолдары» мекемесінің техникалары тазартады. Сондай-ақ 13-18 қаңтар аралығында Талғар тауларында қар көшкіні қаупі анықталды. Осыған байланысты Талғар ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі туристердің және демалушылардың қар көшкінін тудыруы мүмкін екенін ескеріп, оларға қарлы беткейлерге шықпауды, таулы жерлерде барлық қауіпсіздік пен сақтық шараларын қатаң сақтауды ескерітті. Ал тұрғын үй секторында өрт пен газдан улану жағдайларын болдырмау мақсатында ТЖБ және Талғар қаласының МӨС-2 қызметкерлері жалғызбасты зейнеткерге, жалғызбасты және көпбалалы аналарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ЖАО қаражатынан улы газ датчигін табыс етіп, пештерді қауіпсіз пайдалану бойынша кеңес берді. Сондай-ақ Белбұлақ ауылдық округінің әкімі Нұрбол Досымбаевтың мәліметінше, ауылдық округке қарасты Талдыбұлақ, Бірлік, Белбұлақ ауылдарындағы тұрғын үйлерде көгілдір отын қысымы азайып, апатты жағдайлар орын алды. Ауылдық әкімшіліктің және жауапты мекемелердің жылдам қимылдауының негізінде аталған мәселелер дер кезінде шешімін тапқан. Сондай-ақ тұрғын үйлерде су құбырларының қатуы байқалды. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, бет қаратпаған аязды күндері, яғни 11-12 ақпан аралығында ауданымызға қарасты 43 мектеп екі күн қашықтан білім берді. Ал Талғар аудандық орталық емханаға балалар мен жүкті әйелдер арасында аяз салдарынан зардап шеккендер тіркелмеген, десе де ересектер арасында беті-қолын үсік шалып, көктайғақ салдарынан жеңіл-желпі жарақат алғандар саны күрт артқан. Алдын ала ескерту шараларының нәтижесінде адам шығыны болған жоқ. Қазір Қазгидромет орталығы аптаның ғана емес, айлық ауа райының қалай өзгерерін тайға таңба басқандай алдын ала хабарлайды. Бұл жолы үскірік аяздың келе жатқаны туралы да уақтылы дабыл қағылды. Осындайда ауа райының қолайсыздығы мен арнайы ескертпелерге қарамастан тау аралап, серуен құратындар өздеріне ғана емес, өзгелерге де қиындық тудыратынын естен шығармаса екен.
Зорагүл Әбдіқадір