БІР ЕЛДІҢ БАЛАСЫНДАЙ, БІР ҚОЛДЫҢ САЛАСЫНДАЙ БОЛҒАН БЕСАҒАШТЫҚТАР

БІР ЕЛДІҢ БАЛАСЫНДАЙ, БІР ҚОЛДЫҢ САЛАСЫНДАЙ БОЛҒАН БЕСАҒАШТЫҚТАР

«Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының сайланған Президенті ретінде тіркеді. Сайланған Президенттің ант беру күні 26 қарашаға белгіленді», – деді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров. Сонымен қатар ОСК Қазақстан президенті сайлауының ресми қорытындысы мынадай:

Қарақат Әбден – 206 206 дауыс немесе 2,6 %;
Нұрлан Әуесбаев – 176 116 дауыс немесе 2,22 %;
Жигули Дайрабаев – 271 641 дауыс немесе 3,42 %;
Мейрам Қажыкен – 200 907 дауыс немесе 2,53 %;
Қасым-Жомарт Тоқаев – 6 456 392 дауыс немесе 81,31 %;
Салтанат Тұрсынбекова – 168 731 дауыс немесе 2,12 %;
бәріне қарсы болғандар – 460484 дауыс немесе 5,80%.

Талғар аудандық сайлау комиссиясының хатшысы Лепесова Гуланда ханым берген ақпарға жүгінсек, жалпы аудан бойынша 81 сайлау учаскесі жұмыс істеген. Оның ішінде 2 жабық сайлау учаскесі бар. Бесағаш ауылында 6 сайлау учаскесі сайлау науқанын абыроймен атқарып шыққан. Талғар ауданы бойынша 154805 сайлаушының 105 246-сы дауыс берген. Оның 13 284-і Бесағаш ауылдық округінің сайлаушылары болса, олардың 10955-і сайлауға қатысып, өз үміткерлеріне дауыс берген. Сонымен дауыс берудің жалпы есебінде Талғар ауданы 68% көркеткішке ие. Қарақат Әбден – 5193,
Нұрлан Әуесбаев – 7924, Жигули Дайрабаев – 7464,
Мейрам Қажыкен – 8850, Қасым-Жомарт Тоқаев – 62329, Салтанат Тұрсынбекова – 3013 дауысқа ие болса, бәріне қарсы болғандар саны – 4800-ді құрады.

Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы болады деген сөз шыққаннан-ақ біздің елге төрткүл дүниенің құлағы түріліп, көзі тігулі болғаны анық. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, сайлау өткенше талай қызық жайттарға тап болдық. Оның бәрі дөңгеленген шартарапты уысына сыйдырған әлеуметтік желі арқылы дүбірге толы дүниенің түкпір-түкпіріне дереу тарап жатты. Мәселен, президенттікке қоғамдық-саяси күштердің коалициясы атынан қатысқан басты үміткер – Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолы ел арасындағы ресми жұмысынан босамады. Әрине ел аманатын арқалап, болашақтың ауыр жүгін көтеру оңай емес екені айтпаса да түсінікті. Ал басқа үміткерлердің арасында Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаев пен «Астана» халықаралық ғылыми кешені Экономикалық зерттеулер институтының басшысы Мейрам Қажыкен сайлауға қатысты үгіт-насихат жұмыстарын ың-шыңсыз, ресми бағытта жалғастырса, қалған үміткерлер ел есінде ерекше оқиғаларымен есте қалды. Айталық, Қазақстан фермерлер қауымдастығының атынан қатысқан Жигули Молдахалықұлы Дайрабаевтың сынық жілікті сындырған және әлеуметтік желіде саясаткер Мұхтар Тайжанды жерден алып, жерге салған видеосы тараса, «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер Ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан атсалысқан Қарақат Әбден пүліш шапан киіп, басына орамал тағып, бие мен сиыр сауып сауыншылықты дәріптесе, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің үкілеген үміткері Салтанат Тұрсынбекова ұршықша үйірілген биімен елдің назарын аударды. Ел тарихында ерекше есте қалған сайлаудың бірі осы болды.
Сонымен сайлау болатын күні редакция тапсырмасымен сайлау барысын бақылау мақсатында Бесағаш ауылдық округіндегі №28 жалпы білім беретін мектепте орналасқан №865, 866 сайлау учаскелеріне жол тарттық. Жолай көргеніміз бен сайлау учаскесінде болған жайлар жайлы аз-кем баян етейін. Қызықты және жан сүйінер сәттер мен оқиғаларға куә болдық.

Сағат тілі 9.30-дан асқанда аталмыш мектептің алдында ауыл азаматтарының сайлауға қатысу барысын бақылап біраз тұрдық. Топырлап келіп жатпаса да, топтала келген сайлаушылардың қарасы да көп. Кезектен тыс сайлауда кезекпен дауыс берген халықтың арасы да үзілмеді. Ішке енгенімізде тыңғылықты дайындықпен толық жасақталған №865 сайлау учаскесінің төрайымы Салтанат Смаилова қарсы алды. Заңды түрде құжаттарымызды көрсетіп, арнайы тіркеуден де өттік. Еш оғаш жағдайдың жоқтығына риза болып тұрғанымызда немересін ерткен атасы мен әжесі де сондай шат көңілмен келіп, өздеріне тиесілі дауыс беру парақшасын алып, арнайы кабинаға кіріп кетті. Балапанын жетелеп, оған ел болашағы үшін жасалып жатқан жарқын қадамның қандай болатынын көрсетіп, қанатын қатайтып жүрген қарттарға сондай ризашылықпен қарап тұрдық. «Осындай жақсылық бізге де нәсіп болса екен!» деген игі тілек те тіледім. Өкініштісі олар кабинадан шығып дауыс парақшасын арнайы жәшікке саларда басталды. «Жақсы сөз – жарым ырыс» қой, атасы өзінің парақшасын немересіне ұстатып тұрып:

– Ал балам, мына парақты дауыс жәшігіне сен сал! Сол сәтті естелік ретінде суретке түсіріп алайық, – деп немересінің қолына ұстатты. Сол сәтте қуаныштан жүзі бал-бұл жанып, жанары жайнаған жас өреннің көргені бар болар, дауыс жәшігінің қасына барып парақшаны салып жатқан бейнеде кәдімгі президент кейпіне еніп тұра қалды. Баланың тәтті қылығына іштей сүйсініп, тәнті болдық. Дәл осы кезде олардың қасына барған аталмыш учаскедегі сайлау комиссиясының төрайымы Салтанат Смаилова:
– Бұл жерде суретке түсіруге болмайды. Баланың дауыс беретін құқы жоқ. Жәшікке де өзіңіз салыңыз, – дегенде қарттардың да, баланың да қуанышы су сепкендей басылды. Аңтарылып қалған қариялардың жанарында «бұрын сайлаудың бәрі мейрам секілді өтуші еді ғой, бұл жолы не боп қалды?» деген сұрақ тұрды. Апа да дауыс парақшасын жәшікке өзі салды. Басында «Әп-әдемі ән еді, апам келіп бүлдірдінің» кебін біз де киіп, бұл жағдайды түсінбей қалғанымызды жасырмаймын. Амал жоқ:
– Онда тұрған не бар, бәрі суретке түсіп жатыр ғой? Басқалар түскен суретке бұл кісілерге неге рұқсат жоқ? Ешқандай заң талаптарын да бұзған жоқ қой. Оның үстіне бұл – жабық мекеме емес, мемлекеттік және ашық мекеме. Айтулы мемлекеттік шара өтіп жатыр, қуанышқа кедергі болудың қажеті жоқ шығар… – деп сөзге араласуға да тура келді.
– Бізге солай деген…– деп күмілжіп қалған төрайым да сабырға келіп, түсініспеушілік үшін кешірім сұрап, қарттармен бірге суретке түсіп, шығарып салды. Балапандарымен бірге суретке түскендеріне мәз болған қариялар алғыстарын айтып алыстап бара жатты. Ал біз арнайы тапсырма бойынша өз ісімізге кірісіп кеттік. Бұл жерде бұдан өзге көзге түсетін ерекше немесе оғаш ештеңе болмады. Бәрі де жоспар бойынша, өз ағысымен өтіп жатты. Ол кезде саға тілі 10.15-ті көрсеткен кез еді. Осыдан соң комиссия төрайымын сөз тарттық. Сонымен сөзге кезек берейік.

№865 сайлау учаскесінің төрайымы Салтанат Смаилова:
– Біздің сайлау учаскемізге қарасты сайлаушылардың жалпы саны 2458. Дәл қазіргі уақытта таңғы 7.00-ден бері олардың 500-ден астамы дауыс беріп үлгерді. Ал алғашқы дауыс берушіміз Жетісу көшесінің тұрғыны Назым Толыпбаеваға арнайы сыйлығымызды табыс еттік.
Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы жабдықталған кабинаны өзіңіз де көрген боларсыз. Бірақ осы сағатқа дейін ондай сайлаушы келген жоқ. Биылға сайлауда біздің учаске бойынша үйден дауыс беруге ешқандай өтініш түспеді.
Жұмыс барысын түрлі қоғамдық орындар мен халық арасынан келген 4 байқаушы тұрақты бақылап отыр. Түстен кейін олардың орнына бас байқаушылар келеді. Бізге берілген тізімде аты-жөні болмай қалған бірнеше сайлаушылар болды, бірақ оларды е.gov порталындағы тізімнен таптық, еш кедергісіз өз таңдауларын жасап кетті. Заң бұзушылықтар болған жоқ. Жұмыс барысына байқаушылар мен сайлаушылар тарапынан да ешқандай кедергі келтіріліп, талап-тілектер, ұсыныстар айтылмады, – деп жалпы жағдайды баяндап берді.
Оның мәліметінше, №865 сайлау учаскесіндегі сайлаушылардың жалпы саны – 2458, сайлауға қатысқаны – 2298. Мұнан соң сөз кезегін осы сайлау учаскесіндегі байқаушыларға бердік. Көз салыңыз.

«АMANAT партиясы» қоғамдық бірлестігінің байқаушысы Карипбаева Жансая:
– Таңғы 05.45-тен бері осында отырмын. Арнайы жолдамамен келгендіктен құжатрамызды көрсетіп, тіркеуден де өттік. Бұл сайлаудың өзге сайлаудан ерекшелігі, меніңше, «Әділетті Қазақстанды» құру жолында жаңашыл президенттің сайлануы пен заман талабына сай жаңа бағыттардың қолға алынуында деп ойлаймын. Менің байқағаным, сайлаушылар арасында жастар жағы да өте белсенді. Түскі 14.00-ге дейін осында боламыз. Сайлаушылардың көңіл-күйі тамаша, ешқандай құқық бұзушылықтар жоқ. Түскен кейін 14.00-ден сайлау аяқтанғанша, яғни 20.00-ге дейін өзге байқаушылармен орын ауыстыратын боламыз.
БСН 210741004690 «Партиялық емес бақылау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалының өкілі Шынар Қашақбайқызы:
– Мен еріктілер тарапынан келген байқаушымын. Сайлау басталғалы бері осындамын, аяқталғанша отыратын боламын. Халық көптеп келіп жатыр, белсенді. Сайлау учаскесі ашылғанша бірнеше адам дауыс беруге келіп қойды. Олар есік ашылып, жұмыс басталғанша далада күтіп тұрды.
«Азаматтық алянс» заңды тұлғалар бірлестігінің Алматы облыстық бөлімшесінің байқаушысы Тоқтасын Арзыгүл:
– №865 сайлау учаскесінде сайлау тиісті деңгейде өз ретімен өтіп жатыр. Халық өте көңілді және белсенді келуде. Ешкімнен арыз-шағым түскен жоқ. Бәрі қалыпты жағдайда, тәртіпке сай заң талаптарын орындай отырып, өз таңдауларын жасап, дауыс беруде.

Байқаушы Райгүл Қожекеқызы:
– Биыл алғаш рет байқаушы болып отырмын. Бір қызығы дауыс беретін халықтың алды 6.30-да осында келіп алды. Әнұран ойнап, есік ашылғанша жарты сағат далада бірге күтіп тұрдық. Сайлаудың өту барысы біздің ғана емес, күллі халықтың назарында болғандықтан, оның әділ өтетініне сенеміз. Президентіміз де оған кепілдік беретінін айтқан. Сондықтан ел ертеңінің жарқын боларына деген сенім мол.
Талғар аудандық орталық аураханасына қарасты Бесағаш ауылдық емханасының дәрігері Гулинур Давутова:
– Қазір уақыт 12-ге тақап қалды. Дәрігерлік көмекке жүгінген ешкім жоқ. Бәрі қалыпты, тұрақты жағдайда жұмыс істеп жатыр. Дәрігерлік көмек қажет ететін жағдайлар болса барлық құрал-жабдықтар мен қажетті дәрі-дәрмектер дайын.

№866 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНДЕГІ САЙЛАУШЫНЫҢ ЖАЛПЫ САНЫ – 2566, САЙЛАУҒА ҚАТЫСҚАНЫ – 1850.

Мұндағы ахуалды бағамдап болған соң аталған мектептің денешынықтыру залына орналасқан №866 сайлау учаскесіне табан тіредік. Мұнда алдыңғыдай емес, адам қарасы аздау болған соң артық дабыр да жоқ, сайлау барысы тыныштық қалыпта өтіп жатыр екен. Байқаушылары кілең жастардан құралған. Кіре бергенде комиссия төрайымы Асия Курманбаевамен қаттырақ сөйлесіп тұрған азаматқа көзіміз түскен. Төрайым барынша сабырмен сөйлеп, жағдайды түсіндіргеніне қарамастан, қызметімізге кірісіп жатқанда бара-бара дауыс зорая бастаған соң қасына бардық. Ауыл азаматымен сөйлестік. Мәселе мынада екен:
Кәсіпкер Шоқан Сейілхан – Бесағаш ауылы, Райымбек көшесінің тұрғыны. Бұған дейінгі сайлауларда №45 мектепте дауыс беріп жүрген ол осы жолы неге №28 мектепке ауысып кеткенін түсіне алмай пұшайман болған ол:
– Біздің көшені «Нұрия» тұрғын үй кешенінің тұрғындарымен қоса осы учаскеге ауыстырып тастапты. №45 мектепке бар болғаны 500 метр жерде тұратын мені мына жаққа не үшін ауыстырғанын білмеймін. Халыққа ыңғайлы жағдай жасаудың орнына, 2,5-3 шақырым жерге осылай сандалтып қойды. Осыған байланысты нақты себептерді білгім келеді.
– Сізге дауыс беру учаскеңіз бойынша алдын ала смс хат келмеді ме? – деген сұрағымызға:
– Жыл сайын ондай хат келетін, бұл жолы оны көрмедім. 1414-тен де смс хат келмеді… – деп күмілжи жауап берді.
– Сонда сізге орталық базадан да смс хат келмеді ме?
– Өтірік айтпай-ақ қояйын, мүмкін келген де шығар, бірақ телефоным үнемі қолымда болса да, мен оны байқамадым… Мұның алдындағы екі сайлауда №45 мектепке барғанмын.
– Мұнда тіркелгеніңізді қайдан білдіңіз?
– Сол №45-тен жіберді… Бұл жерде Райымбек көшесі ең ұзын және басты көше болғандықтан тұрғындарды тұрғын үй кешенінің сайлаушыларына қоса салған. Олардың тұрғылықты жеріне жақын учаскелер бар екені ескерілмеген. Жекеменшік сектор тұрғындарының қамы жасалғанда, неге көше тұрғындарының құқы бұзылуы керек?…
– Дәл қазір учаске төрайымының құзырына бұл мәселені шешу кірмейді ғой. Ауыл әкімдігіне немесе аудандық сайлау комиссиясының атына мәселеңізді айтып, өтініш қалдырыңыз. Бұл сұрақтың жауабын біз де білуге тырысамыз… – деп кеңес берген соң ғана сабасына түскен Шоқан Сейілхан комиссия төрайымына жазбаша түрде өтініш қалдырып, жөніне кетті. – Алдағы уақытта шағым бойынша тиесілі орындар тиісті жауабын береді деген ойдамыз. Бізде өз кезегімізде бұл мәселеге қатысты мән-жайды ауыл әкімінің өзінен білетін боламыз, – деп уәде еттім.

Сонымен бұл сайлау учаскесіндегі алғашқы мағлұматты учаске хатшысы Кеңесбаева Жанардан алдық.
– Сайлаушылар белсенді. Бізге қарасты 2566 сайлаушы бар. Қазір сағат 09.40-ты көрсетіп тұр. Таңғы 07-ден бері 200-ден астам адам дауыс берді. Байқаушылар мен сайлаушылар тарапынан да ешқандай шағым, ескерту болған жоқ. Тек жаңа сіз сөйлескен азамат қана өтініш қалдырды, – деді ол.

№866 сайлау учаскесі комиссиясының төрайымы Асия Курманбаева:
– Бүгінгі сайлауға Бесағаш халқы өте белсенді қатысып жатыр. Адам қарасы үзілген жоқ. Учаскеміздің алғашқы дауыс берушісі тағы сағат 7.10-да дауыс берген Абдилдиова Мариямға өз тарапымыздан алғыс айтып, сыйлық та табыс еттік. Ал біздің ең қарт сайлаушымыз 1935 жылы туған 87 жастағы Фатиева Евдокия өзі келіп дауыс берді. Өзі де, сөзі де сондай ширақ. Ол кісіге учаске атынан арнайы сыйлық табыс етіліп, алғыс білдірдік. 18 жастағы ең жас сайлаушыны күтіп отырмыз, жастар жағы әзірге келе қойған жоқ. Көріп отырғаныңыздай, көбіне үлкендер мен орта буын өкілдері келіп жатыр. Демалыс болғандықтан жастар жағы түстен кейін ағылатын шығар деп отырмыз.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға да жекелеген орын дайындалып, өз таңдауларын кедергісіз жасауға мүмкіндік берілді. Оларға арналған жеке кабина жеткілікті түрде жарықпен де қастамасыз етіліп, арнайы компьютер де жұмыс істеп тұр. Көзі нашар көретін адамдар үшін ұлғайтқыш әйнек, құлағы нашар еститін адамдарға арнайы құлаққап та қатар қойылған. Ал енді біздің участік бойынша үйден дауыс беретін 2 адам бар. Оларға түске дейін арнайы жауапты адамдар жіберілетін болады, – деген ақпарат берді.

«АMANAT партиясы» қоғамдық бірлестігінің байқаушысы Ғалымбекова Лунара:

– Сайлау барыры ойдағыдай өтіп жатыр. Қазір көбінесе үлкен кісілер белсенді дауыс беруде. Ел болашағына қатысты жауапты қадам жасалып жатқан шақта үнсіз қалуға болмайды. Қазір осында 6 бақылаушы отырмыз. Түстен кейін басқа байқаушыларға кезек беретін боламыз. Барлығына сәттілік тілеймін!
Іштегі абыр-сабырдан сәл тыныстап алмаққа далаға беттедік. Сол арада мектеп алдында тұрып сайлаушылармен де тілдестік. Қызылордадан келген сайлаушылармен де жолықтық. Олар кімдер, кімге дауыс берді, не деді? Оқып көріңіз.

Амангелді Қаскеев (Бесағаш ауылының тұрғыны):
– Сайлаудың өтуіне көңіліміз толады. Дауысымды Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға бердім. Өйткені еліміздің барлық мәселесін толық біледі. Басқа елдермен де қарым-қатынас жасауда білікті маман. Басқа үміткерлерді танымаймын да, білмеймін де. Президентке сәттілік тілеймін!

Семей полигонының ардагері Тұрғанбай Оразалыұлы (Қызылорда облысынан):
– Жасым 73-те. Осы жерде құдамыз қайтыс болып, соған көңіл айтуға сонау Қызылордададан келдік. Келерде барлық құжаттарымызды заңды түрде алып, осын жаққа тіркетіп келдік. Қ.Тоқаев мырзаға дауыс бердім. Басқаларын танымаймын. Қ.Тоқаевты Қазақстан ел болғалы бері білеміз ғой. Келінім мен жолдасым бар, өзім бар, бәріміз Президентті таңдадық, – деген жарқын дауысына риза болдым. Қимылы мен дауысы ширақ ақсақалдың ел болашағы айқындалар жауапты сәтте сонау жерден жол жүріп келсе де қажымай, талмай, ерінбей келіп дауыс берген асқан жауапкершілігіне тәнтімін. Кейінгі буынға үлгі болар бұл жағдайды айтпай кетуге болмас.

Аюпова Макка Әуелқызы (Қызылорда):
– Сайлау науқаны баршамызға құтты болсын! Қызылордадан Алматыға аяқ астынан дәм тартып келіп қалдық. Құдамыз қайтыс болып еді, артында қалған ұрпағына армасын айтайын деп келген бетіміз еді. Барлық үміткерлерге сәттілік, Президентімізге жеңіс тілеймін! Алла жазса, жаңа Қазақстанымыз өркендеп-өсіп, көркейіп, басымыз аман болсын! Жастарымыз осы жалғасты істі алға жетелеп, ел өркениетіне үлес қосады деп сенемін. Өзім – зейнеткер болсам да ел үшін жаласып жатқан игі шарадан қалыс қалмаймын. Еліміздің әр азаматында жауапкершілік болуы керек. Жүрегімде жаңарудың алдында тұрмыз деген үлкен үміт бар. Болашақтың кілті жастардың қолында, сондықтан жастар ақылды, зерек, білімді, онсында кезде белсенді болуы керек! Мұнда келіп дауыс беру үшін ешқандай қиындық болған жоқ. Сайлау туралы заңда Қазақсатнның қай жерінде болсаңда дауыс беруге болатыны айтылған ғой. Сондықтан құжаттарымызды өзімізбен алып шықтық. Қиын жағдайға келсек те жауапкершіліктен аттап өте алмадық.

Мейрамхан Балажанова (Бесағаш ауылының тұрғыны):
– Сайлауға қатысып кетіп барамын. Елдің қарқыны жақсы. Барлығы ынталы, әсіресе жастар көп. Үміткерлер қатарында Президент Қ.Тоқаевтан басқа лайықты ешкім жоқ. Сол кісіге дауыс бердім. Бізге мақтаншақ әнші, биші, боксшы емес, айналамызбен тату-тәтті қарым-қатынас жасап, елдің болашағына қызмет ететін, елге еңбегі сіңген, халықтың мәселесін жақсы білетін, көшбасшы бола алатын президент керек қой. Сондықтан ел болашағына дауыс бердім деп есептеймін.
Міне, өздеріңіз көріп отырғандай көзі ашық, көкірегі ояу халықтың талап-тілегі де, пікірі де орынды. Есік алдында біраз аялдаған соң екі ортасы алыс болса да аздап таза ауада серуендеп, әрі ойымды жинақтап алайын деген оймен жаяулатып Бесағаш ауылдық округінің әкімдігіне жол тарттым. Мектептен көп ұзамай жатып Айманов көшесімен тік түсіп келе жатып 147- үйдің қасынан РожновАлександр Геннадьевич деген 54 жастағы азаматтың жеке куәлігін тауып алып, сәті түсіп өз қолына табыс етіп, алғысын естіп бір марқайып қалған жайымыз бар. Ендігі меже – жоғарыда айтып өткеніміздей, сайлауға қатысты жай-жапсардың анық-қанығын білмекке Бесағаш ауылдық округінің әкімімен сұқбастасу болатын. Сонымен әкім не деді екен, зер салыңыз. Сөз кезегі әкімде.

БІРЛІГІ МЕН БЕРЕКЕСІ ЖАРАСҚАН ЕЛ

Бесағаш ауылдық округінің әкімі Ернар Ниетбайұлы:
– Біздің округке негізінен екі үлкен ауыл кіреді. Олар – Бесағаш пен Ақбұлақ. Жалпы тұрғындар саны – 29245, оның ішенде сайлаушылар саны – 13284 адамды құрайды. Жалпы халықтың сайлауға деген көзқарасы да, қолдауы мен қатысуы да өте жоғары деңгейде деуге болады. Бізде №28, 29, 45 мектептерде 2 сайлау учаскесінен орналасқан. №863, 864, 865, 866, 867, 868 учаскелер үздіксіз және қалыпты жағдайда өз жұмыстарын атқарды. Ауылымызға қарасты 18 саяжайдың сайлаушылары уақыты дауыс беруі үшін арнайы мартшруттар ұйымдастырдық. Самал, Ақбұлақ секілді алыс жердерлен, «Аспан сити» кешенінен келетін сайлаушыларға жеке автобустар жіберілді. Мүмкіндігі шектеулі 7 азамат өз дауыстарын үйден беруге өтініш жасаған. Оларға жауапты адамдар жіберілді. Байқаушылардың көбі ауыл тұрғындарынан жасақталған. Ал 19 қараша күні Дания мен АҚШ-тан бақылаушылары келіп сайлаудың жалпы дайындығы және өтетін орындарымен танысып кетті. Ауыл халқы өте ұйымшыл болғандықтан мұндай шараларда әрдайым белсенді. Бізде түрік пен ұйғыр, күрт және орыс секілді үлкен-үлкен 4 этностың өкілдері тұрады. Олардың өздері сайлап алған ақсақал басшылары бар. Сол кісілер халықты үнемі ұйымдастырып, бірлестіріп отырады. Сондықтан сайлаушылар қарқынды түрде дауыс беріп жатыр.Сайлау учаскелеріндегі нақты көркеткіштерге тоқталатын болсам, №863 сайлау учаскесі – 91.5%, №864 – 90,7%, сіз барған №865 сайлау учаскесі – 93,8%, №866 – 92,0 %-ды көрсетсе, № 867 – 76,0%, №868 сайлау учаскесінің сайлаушылары – 93,8 % дауыс берді. Ал аудандық есеп бойынша Бесағаш ауылдық округі 89,5% көркеткішке ие болды. Бұл біз үшін еткен еңбек, төккен теріміздің өтеуі деп білемін. Сондықтан ауыл әкімі ретінде ауылымның бірлігі мен ынтымағына ризымын, барлық сайлаушыларға, осы науқанды атқару барысында атсалысқан ұстаздар қауымына, әріптестеріме, ауыл тұрғындарына ерекше алғысымды білдіремін!
Ауыл тұрғыны Шоқан Сейілханның мәселесіне келсек, Бесағаш – жылдан-жылға және тез үлкейіп келе жатқан ауылдардың бірі. Оның үстіне қаланың іргесінде болғандықтан көшіп келушілер саны да айтарлықтай артып барады. Сондықтан сайлау барысында жаңадан жасалған коррекциялық жұмыстың негізінде Райымбек көшесінің дауыс беретін тұрғындары №865, 866 учаскелерге бөлінген. Өйткені әр учаскенің сайлаушыларын шамалап болса да теңестірмесек, бәрін бір жерге сыйғыза алмаймыз ғой. Келесі сайлауда ол тізім тағы өзгеріп кетуі мүмкін. Халық бұл жағдайды да түсінуі керек. Сондықтан ол азаматқа түсіндіру жұмыстарын жүргізетін боламыз.

Әкіммен сұқбаттасып отырғанға Құдай айдап ауыл ақсақалдарының төрағасы Шәбден Ноғайбаев та келе қалды. Ақсақалдың дауыс беріп келе жатқан беті екен.
– Сайлау жоғары деңгейде өтіп жатыр. Кездескен, көрген адамдарымның барлығын дауыс беруге шақырдым. Өзім тұратын көшенің тұрғындарын түгел ұйымдастырып, бір кісінің баласындай болып келіп Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс бердік. Біз басқалар секілді алыс аймақта отырған жоқпыз. Қаланы түбінде, өркениеттің ішінде отырған адамдармыз. Сондықтан осы сайлауда да биік межеден көрініп, жоғары көрсеткішке ие болатынымызға сенемін. Өйткені ауылымыздың тұрғындары – өте ұйымшыл, бірлікті және қолынан іс келетін, еті тірі, өздері де, сөздері де ірі азаматтар. Үміткерлердің арасында одан басқа ел білетін ешкім де жоқ қой. Президенттің деңгейі 7 тіл, неше түрлі білім білетін, дипломат Қ.Тоқаевтай болуы керек қой. Өзге елдермен тең сөйлесе алатын, елдің әлеуметтік мәселесін анық білеті, оны шеше алатын адам президент болуы керек қой. Сондықтан ел таңдауы тек қана Қ.Тоқаев, тағы да Қ.Тоқаев екеніне еш шүбәм жоқ. Қалғандарының не үшін үміткер болғанын да түсінбеймін. Бірі сынық жілікті құрап қойып сындырмақ болды, бірі ән айтты, биледі, бокс көрсетті. Оның не қажеті бар еді? Олардың көңіліне келмей-ақ қойсын, үкіметтің ақшасын бекер шашқаннан ұялуы керек қой. Президенттікке үміткер болу үшін де адам деген ел үшін сіңірген еңбегім бар ма, жоқ па деп ойланып, орнын біліп барып қатысуы керек еді… – деп ақтарылды. Қарияның жаны бар сөзін іштей құптай отырып, олармен де жылы қоштастық.

Айта кетейік, дауыс беру күні сайлау рәсімдерін Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткерлердің 11 мыңнан астам сенімді өкілі, шет мемлекеттерден, халықаралық ұйымдардан 641 байқаушы, саяси партиялардан 15,5 мың, қоғамдық бірлестіктерден 30 мыңнан астам байқаушы сайлау барысын бақылады. Сонымен қатар сайлау учаскелеріне қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының 1225 өкілі, 23 елден 41 шетелдік БАҚ өкілдерін ұсынатын 106 аккредиттелген журналистер сайлау барысына қатысты ақпараттарты дер кезінде таратып отырды.

Орталық сайлау комиссиясының, аумақтық сайлау комиссияларының атына ресми түрде түскен және қазіргі уақытқа дейін түсіп жатқан барлық өтініштер заңнамада белгіленген тәртіппен қаралатын болады және олардағы мәліметтер расталған жағдайда олар бойынша заңнамада көзделген шаралар қабылданады.
Таңертеңнен бері балаларымды көрмегенім есіме түсіп асыға басып аялдамаға келе жатқан шақта алдымнан шыққан екі бүлдіршінге еріксіз назар аудардым. Ауыл мешітіне қарама-қарсы орналасқан «Ереке» дүкенінің қасында жаңадан салған суреттерін қолдарына ұстап келеді екен. Ортаншы баламның сурет салатыны бар еді, сол есіме түскенде суретші балапандар өз баламдай көрініп, жандарына жақындадым.

– Ой, қандай керемет сурет! Сендер суретшісіңдер ме? Қане, суреттеріңді көрейінші! – деп аңқылдап жетіп барған мені бөтен екен деп жатырқамады. Суреттерінің бояуы да әлі кеппепті. Қағазы дымқыл, байқамаса бояуы жағылып қалғандай екен. Сондықтан ақылды балапандар суреттерін орап алмай, қолдарына ашып ұстап, желге кептіріп келе жатқан түрлері көрінеді. Кіп-кішкентай құлыншақтардың таудай талабына сүйсініп, өнерлеріне таң қалдым. Салған суреттері де ашық аспан астында етегін аппақ қар басқан асқақ таулар екен. Қос құлыншаққа аналық ақ тілегімді айтып, маңдайларынан сипап, бауырыма бастым.

– Иә, біз суретшіміз. Қосымшадан келе жатырмыз, – деп суреттерін жарыса ұсынды. Үйдегі балаларымды сағынып асығып келе жатқанда алдыман шыққан кішкентай суретшілердің аппақ жүрегіне, тұнық өнеріне сүйсіндім. «Егеменді елдің болашығы осылар!» деген ой келгенде сол болашақтың олар салған асқар таудай биік болатынына сендім! Сірә, осыған сай Алланың білдірген бір белгісі болар, біз тұрған жерде сайлауды насихаттауға арналған үлкен жазу ілініп тұрды. Осы күннің қорытындысы, әрі бір белгісі болсын деген ниеттен суретке де түсіріп алдым. Өнерлерің үстем, дипломдарың үштен болсын, жаңа Қазақстанының жарқын болашақтары!

Жанбота СҰЛТАНМҰРАТҚЫЗЫ