Қарашаның 20-сында Қазақсан халқы үлкен өзгеріс пен жарқын болашаққа бастайтын көшбасшысын таңдады. Қазақта «Басшысын таппаған ел азады, жолдасын таппаған ер азады» деген аталы сөз бар. Қазіргідей геосаяси жағдай ушығып тұрған заманда көш бастайтын білікті де көреген көшбасшының ел билігін қолға алуы аса маңызды екені белгілі. Қазақстан – Орта Азиядағы территориялық және саяси тұрғыдан таразы басын ұстап отырған мемлекет. Сондықтан елдің саяси тізгіні сарабдал тұлғаның қолында болуына тек Қазақстан халқы емес, Батыс елдері мен Еуроодақ та, құдайы көршіміз – Қытай мен Ресей де мүдделі. Өйткені Қазақстан бейбітшілік пен әлем тыныштығының ұйтқысына айналып отыр.
Таң қылаң бере талғарлықтар ойнақы әуеннің әсерімен оянды. Себелеп тұрған жаңбырға қарамастан таңғы нәсібін тәңірден күтетін халқымыз алдымен жергілікті сайлау учаскесіне ағылып, өз таңдауын жасауға асықты. Бірлік ауылына қарасты №35 мектепте орналасқан №855 сайлау учаскесі таңғы жетіде өз жұмысын ресми түрде бастады. Жеті болмай жеткен қарт сайлаушы Жасқадір Оспанов – осы сайлау учаскесінің алғашқы дауыс берушісі. 83 жастағы ақсақал өз таңдауын жасап, «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» дегендей, уақытты оздырмай әр іске ерте қимылдау керек екенін еске салып, жастарға ақыл-кеңесін айтып, ақ батасын берді. «Баталы құл арымыс, батасыз құл жарымас» деген, батамен басталған игі іс берекесімен жалғасын тапты. Ақ жарма тілегін жаудырған қарияға сайлау учаскесі тарапынан сый-сияпат берілді.
Биылғы сайлау алғаш келген, ең жас, ең қарт сынды сайлаушыларға сыйлықтар үлестіріліп, тосыннан қуанышқа бөлеумен ерекшеленді. Сайлауға келген Бірлік ауылының тұрғыны Сембай Бекәділұлы өз даусын Қасым-Жомарт Кемелұлына бергенін жасырмады. «Біз базардан қайтып келе жатқан адамбыз, асарымызды асап, жасарымызды жасадық. Енді ғана базарға бара жатқан бала-шаға, немерелерім үшін дұрыс таңдау жасадым деп ойлаймын. Біз күткен жаңа Қазақстан, жарқын болашақ алыс емес. Мен Қ.Тоқаевқа сенемін. Жеріміздің асты мен үстіндегі байлығы халқымыздың игілігіне жұмсалып, ит басына іркіт төгілген, іргеден ақ май аққан заман орнайды деп ойлаймын», – деп ағынан жарылды.
Бұл сайлауда азаматтар өте белсенді. Ел болашағына немқұрайлы қарамайтындықтарын байқатты. №855 сайлау учаскесі мен №854 сайлау учаскесіне қарасты Талдыбұлақ және Бірлік ауылының тұрғындары ауылдың әлеуметтік парақшасы арқылы ауылдастарын сайлауға шақырып, нан пісіретін пеш, шаш кептіргіш, ыдыс-аяқ сынды бағалы заттарды дауыс бере отырып ұтып алуға мүмкіндіктері бар екені алдын ала хабарлады. Ол кезде ыстық бауырсақ пісіріліп, күріш басылып, тұрғындардың шай ішіп қайтуына да жағдай жасалатынын жеткізді. Мұндай игі істі ауылдың белсенді азаматтары өздері бас болып, қалталарынан қаржы жинап ұйымдастырды. Осы істің басы-қасында болып, ауыл ақсақалдарымен бірге жұмыс атқарып жүрген ауылдың белсенді азаматы Сержан Молдабековтің айтуынша, бұл шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – ауыл тұрғындарын ел болашағына қатысты басты қадам жасалып жатқан шақта өз болашағына бей-жай қарамай, дауыс беріп және еліміздің ертеңі тек бір адамның қолында ғана емес, барлық елін, жерін сүйетін азаматтардың да мойнында екенін сезіндіру. Сондай-ақ ауыл халқын осындай шаралар арқылы бірлікке, ынтымаққа шақыру екенін айтқан ол: «Сонымен қатар ауылымыз бұрын төрт-ақ көшеден тұратын, қазір тым кеңейіп кетті. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен көшіп келгендер мен шетелден қоныс аударған қандастарымыз өте көп. Олармен танысып-білісу, жатырқамай жақын тарту мұсылман баласына тән әдет», – деп тағы бір маңызды мәселені де тілге тиек етті.
№855 сайлау учаскесінің төрағасы Бақытжан Малдыбековтің айтуынша, дауыс беру басталған үш сағаттың ішінде жалпы тіркелген 2259 сайлаушының 357-сі өз таңдауын жасап үлгерген. Алғаш келген сайлаушылар орта жастағылар мен қарттар болса, біртіндеп келіп жатқан жастардың да қарасы көбейген. №845 сайлау учаскесінің төрағасы Нұрбол Өтегенұлы тізімде бар 1638 сайлаушының 40%-ы төрт сағат ішінде яғни сағат он бірге дейін өз үміткеріне дауыс беріп үлгергенін айты. Бұл жағдайды өте жоғары белсенділік деп бағалаған сайлау учаскесінің төрағасы келушілердің аяғы үзілмеді деп отыр. Тіпті кезекке тұрып қалған кездері де болғанын жасырмады. Олардың уақытын алмау үшін көшелерге жауапты төрт сайлау мүшесі өз жұмыстарын тыңғылықты атқарып жатқанын айтты.
Он сегіз жасқа толып, алғаш дауыс беру құқығына ие болған 20 азамат тіркелген. Әрі олардың бәріне сыйлық дайындалған. Солардың бірі Шахида Ескендірова тосыннан ие болған сыйлығына шын жүректен рақмет айтты. Сондай-ақ елінің болашағы өз болашағымен тығыз байланыста екенін айта отырып, отанымыз көркейсе, біз де бай-бақуатты өмір сүреміз дей келе, кемел келешек үшін таңдау жасағанын айтты. Осындай құнды сыйлықтар 500-ші, 1000-шы болып тіркелген дауыс берушілерге де табысталды. Дауыс бере келген Ермек Бақашов немерелерінің болашағы үшін таңдау жасағанын жеткізді. Алайда таңдауы кім екенін жасырып қалды. Жаңа президент жаңа Қазақстан құрып, халықтың жағдайын жақсартады деген сенімін білдірді. Бұл жерде де ыстық шай мен бауырсақ таратылып, үлкендермен ере келген балаларға тегін тәтті-тәпсек берілді.
№845 сайлау учаскесіне қарасты денсаулық жағдайына байланысты тоғыз сайлаушы үйінде дауыс беруге өтініш берген. Сайлау мүшелері оларды да назардан тыс қалдырмады. Жүрек талмасына ұшыраған Қызыл Қайрат ауылының тұрғыны, үшінші топтағы мүгедек Құрманқыз Мырзабаева үйіне келген сайлау мүшелерін қуана қарсы алып: «Қазіргі президентіміз – жақсы адам. Мен оған дауыс беремін. Ол жастардың да, қарттардың да, балалардың да өмірін қамтамасыз етуге күш салуда. Балалардың шотына ақша құйып, жастарды жұмыспен қамтып, алаңсыз оқуына жағдай жасап жатыр. Менің бір тілегім – мүгедектерге беретін жәрдем ақыны арттырса екен деймін, сонда алаңсыз өмір сүрер едік», – деп ішкі арманын да жасырмады. Иә, сайлауға келген кез келген адамды сөзге тарта қалсаң тілегімен бірге мұң-мұқтажын арқалай келгенін байқайсың. «Үмітсіз – шайтан» дегендей жаңа президент жаңа бастамалар, жақсылықтар ала келсе екен деген ниетте. Шын мәнінде барша қазақстандықтардың да қалауы осы.
Түс мезгілінде ауыл белсенділері ұйымдастырған мерекелік дастарқанда тұрғындар бас қосып, дәм татты. Ыстық шай іше отырып, сайлау туралы өзара пікір алмасып, ой бөлісті. Көптен бері көріспей жүргендер кездесіп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Өткенге көз жүгіртіп, нұрлы болашақ күтіп тұрғанына сенім білдірді. Жөн сұрасып, танысып-білісті. Осындай сауапты істі жасаған азаматтарға қариялар алғысын жаудырды.
Қазақстанның қарқынды дамуы мен тұрақтылығы бәрінен маңызды. «Ораза, намаз тоқтықта» дегендей даму, өркендеу тек бейбітшілік болғанда ғана жүзеге асады. Құдай басқа салмасын, егерде «бос белбеу» бір басшы келіп, әлемнің басқа аймақтарында орын алған ұлтаралық, дінаралық немесе әлеуметтік мәселелер елімізде қайталанатын болса, Таяу Шығыс пен Ауғанстан, Украина мәселелері түк болмай қалуы бек мүмкін… Яғни әлемдік саясатты теңселтетіні белгілі. Қазба байлықтарына бай, экономикалық мүмкіндігі мол, кең-байтақ жері бар Қазақстанның тұрақтылығы бүкіл Орта Азия тыныштығының кепілі деуге болады. Бұл үшін қазақ жеріндегі ішкі тұрақтылық та өте маңызды. Көпұлтты мемлекеттің тыныштығы үшін халықаралық қатынаста көп тарапты саяси қарым-қатынасты көздейтін, ел ішіндегі саяси күштердің барлығы мойындаған, ел экономикасын тұрақты ұстап отыра алатын, әлеуметтік мәселелермен күресуге мейілінше қуатты, халықты артынан ерте алатын тұлғаның билікке келуі елдің ішкі және сыртқы жағдайына өте тиімді екені айтпаса да түсінікті. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев саяси өміріндегі мол тәжірибесі мен бейбітсүйгіш батыл қадамдары, бейтарап саясаттың тізгінін берік ұстаған саяси қабілеті мен салмақты саясаткерлігі оның нағыз көш басшы екенін дәлелдеді. Әлемдік экономикалық дағдарыстың кезекті күшті толқыны басталып келеді. Елге қарқынды экономикалық өсім қажет. Қазақ жеріне көзін тіккен көршілер да аз емес. Сондықтан бұл мәселені үнемі назарда ұстай алатын басшының біліктілігіне сенім артып отырған қазақ халқының ұміті ақталар шақ та осы болса керек.
Кешкі сайлау науқаны аяқталғанға дейін №855 сайлау учаскесіне қарасты 2259 адамның 1387-сі өз таңдауын жасаған. Оның 1340-ы Қасым-Жомар Тоқаевты таңдаған. Ал №845 сайлау учаскесіне келіп дауыс бергендердің жалпы саны 1307 адамды құрады. Оның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа 892, Жигули Дайрабаевқа 70, Қарақат Әбденге 45, Нұрлан Әуесбаевқа 99, Мейрам Қажыкенге 98, Салтанат Тұрсынбековаға 31 адам дауыс берген. Бәріне қарсы болғандар саны – 69.
Айта кетейік, сайлаудың әділ де шынайы өтуі үшін «Кәусар» қоғамдық бірлестігінің, «Жауынгер» Ауған соғысы ардагерлерінің Талғар қалалық қоғамдық бірлестігінің, «Аманат» партиясы қоғамдық бірлестігінің, Алматы облыстық «Азаматтық Альянс» Ассоциациясының заңды өкілдері байқаушы болып, саяси науқанның өту барысын бастан-аяқ қадағалап отырды.
Тарихи сәтті, таңдаулы кезеңді үлкен үмітпен күтіп, осы жолда азаматтық көзқарасын білдірген қазақ халқы алдағы уақытта бар жақсылықтан үмітті. Бұл сайлау әрбір қазақстандыққа үлкен жауапкершілік, азаматтық борыш жүктегені анық. Ал бұл тұрғыда ауыл халқы бір мүддеде бас қосып, науқанның ойдағыдай өтуіне атсалысқанын да айта кеткен абзал.
Ел болашағы тұлғаның қолында, тұлғаның болашағы – елдің жолында!
Зорагүл Әбдіқадір