Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауын аса қызығушылықпен тыңдадым. Бұл жолдау еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді деп ойлаймын. Еліміздің тарихында жаңа бір саяси серпіліс орын алып отырғаны баршамызға аян. Барлық бағыттардың дамуы – ел тағдыры үшін аса маңызды. Қазақ халқының әрбір азаматының көкейінде жүрген мәселені шешу жолына арналған жаңа жолдау – ел дамуы мен халқымыздың өмірінде біршама жаңашылдықтың болатынын көрсетіп берген белгі.
Әсіресе, мына төмендегі міндеттер менің көкейіме қонып, көңілімнен шықты: – 2028 жылға дейін әйелдер үшін зейнет жасы 61 жас болуы, зейнетақы жүйесінің қайта жасақталуы;
– Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын 18 жасқа дейінгі балалардың арнайы есепшотына аудару ұсынылды. Шоттағы қаржыны тек 18 жасқа толғаннан кейін баспана немесе білім алу мақсатында ғана шешуге болады;
– Бала күтіміне байланысты жәрдемақы бала бір жарым жасқа келгенге дейін төленетін болады (2023 жылдан бастап);
– Жоғары білім алу үшін жылына 2-3 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі.
Бұл деген президент мырзаның халықтың әлеуметтік жағдайыннан толық хабары бар деген сөз. Әсіресе, әйелдер қауымын қолдауы жүректі жылытпай қоймайды. Саяси мәселе де тысқары қалмаған. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл күзде кезектен тыс президент сайлауы өткізілетінін мәлімдеді, әрі президент мандатының ұзақтығын 7 жылдық бір мерзіммен шектеп тастады. Бұл өте дұрыс, әрі орынды шешім деп есептеймін. Яғни, билікке келетін азаматтар ел арасында жақсы атын қалдыруға тырысады. Билік мерзімі шектеулі болғандықтан барын салады. Келесі жылы мәжіліс және мәслихат сайлауы өтеді. Болашақта Үкіметтің құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің дауыстарын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіреді, деп мәлімдеді мемлекет басшысы. Тағы бір айтатын жайт, Жолдауда қанды қаңтар оқиғасы да айтылды. Президент қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасады. Бұл үлкен азаматтық. Себебі шет елдерде мұндай жағдлайдан соң ешбір мемлекет басшысы мейірім танытқан емес. Керісінше, басқаларға сабақ болсын деген оймен қан төккен. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев қантөгісті сол қаңтар оқиғасымен тоқтатты. Рақымшылық берді. Рас, халық қазір шаршады. Елге тыныштық керек. Ұл-қызының сабаққа аман-есен барып, ата-анасының жұмыстан дін-аман оралуын қалайды. Бала-шағасының аулада қамсыз ойнағанын күнде тілеп отырады.
Көліктік утиль алым мен алғашқы есепке тіркеу алымы бір реттік 250 мың теңгеден аспайтын болады. Бұл 1 қыркүйекке дейін кірген көліктер үшін, әрине. Көлік жүргізушілері ғана емес, балабақша қызметкерлері де жолдауды естіп, қуанып қалды. Себебі президент балабақша тәрбиешілерінің жалақысы көтерілетінін жария етті. Ең төменгі жалақы деңгейі 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге көтеріледі. Бұл 1,8 млн адамды тікелей қамтиды. Жалақымен күн көріп, бала-шағасын асырап отырған азаматтар үшін бұл едәуір қолдау, көмек! Жалпы, жолдауды жылда тыңдаймын. Жылда бір жаңалығы болады, бірақ соңғы жолдаудың орны бөлек. Президент елге тағы да жақындай түскендей. Елі үшін жаралған азамат екенін көрсеткендей!
Әсел Төлепбергенова, Алматы облыстық мәслихат депутаты