«ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУЫМЫЗ ЕНДІ БАСТАЛДЫ»

«ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУЫМЫЗ ЕНДІ БАСТАЛДЫ»

Қазақстан халқымен бірге президент Жолдауын ұйып тыңдаған Талғар ауданына қарасты Белбұлақ ауылындағы №35 орта мектеп-гимназиясының ұстаздары осылай деп пікірін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын ауыл тұрғындары арасында түсіндіру-насихаттау жұмыстарына Талғар ауданы әйелдер қауымдастығының тө­райы­мы Нұрбатырова Айтжамал Әбдірешқызы, Белбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Сабалиев Абзал Тілеубердіұлы және №35 орта мектеп-гимназиясының директоры Бақытжан Малдыбеков ат салысты. Жиынға шамамен 50-ге жуық адам қатысты. Сөз алған тарих пәнінің мұғалімі Ұлбосын Қалыбайқызы президентіміздің жолдауы жақсылықтардың бастауы деп, оның жаңа Қазақстанның жарқын болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Әсіресе, президент ұсынған реформалардың бес бағыт-бағдары мұғалімдердің көңілінен шыққан.

«Бірінші бағдар – жаңа экономикалық саясат, екінші бағдар – нақты секторды дамыту, үшінші бағдар – ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, төртінші бағдар – мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, бесінші бағдар – заң және тәртіп. Осындағы жайттар бәрі орынды айтылған. Сонымен қатар жолдауда халықтың әл-ауқаты мен тыныс-тіршілігін барынша жақсарту, әрі тұрақтылық пен тыныштығын сақтау мақсатында барлық салалар қамтылып, өзекті тапсырмалар іске асырылуы тиіс міндеттер қойылған. Әсіресе, жаңа Қазақстанды құру жылында ұстаз рөлінің айырықша екендігіне президент мән бере отырып, білім құндылығының астарына терең үңіліп салмақты жобалары мен жаңашыл бастамаларын ұсынды. Елімізде жыл сайынғы бала санының артуына орай білім ошақтарының көптеп бой көтеруі құптарлық іс болмақ. Қазақстан халқының жолдауы мемлекетіміздің саяси әлеуметтік және экономикалық жаңғыруына әділетті Қазақстан құруға бағытталған бастамаларға толы болады», – деп ойын ашық жеткізді Ұлбосын Қалыбайқызы.

Халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік мәселелерге қатысты нақты бастамалар да Белбұлақ тұрғындарының көңілін тапқан. «Атап айтсақ, Үкімет денсаулық сақтау саласын, жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарайды. Екі жылда елімізде 600 елді мекенде медициналық бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі. Алдағы үш жылда резентураға бөлінетін грант саны жетпіс пайызға көбейтіледі. Балабақшамен қамтамасыз ету мәселесінің түпкілікті шешілуі, тәрбиешілердің мәртебесі артып, жалақысының көбеюі, үш ауысыммен оқитын мектеп мәселелерін толық шешу туралы тапсырмалар еліміздегі әйелдермен балалардың жағдайын жақсартуға бағытталған. Ең төменгі жалақы деңгейін көтеру туралы, зейнетақының өсуіне, әйелдердің зейнет жасын азайтуға байланысты және бала күтімінің мерзімін ұзарту туралы шешімдер де халықтың, ең алдымен, әйелдер табысын ұлғайуына тікелей әсер етпек», – деп пікірімен бөлісті жиналған қауым.

Ұлттық қорға түскен қаражаттың игілігі балаларымызға тікелей көрсетілетін туралы бастама, жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысының мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс деген президент бастамасын ауыл тұрғындары әлеуметтік әділеттілік орнатуға бағыт болады дейді.

«Әлеуметтік қорғау жүйесінің бұрын-соңды болмаған Ұлт­тық қордан балалар алатын қаражат туралы бастаманы айта кету керек. Ең бастысы, президент тұжырымдамалық түрде ұлттық қордың табысы халыққа тікелей баратын механизмді ұсынды. Жолдау әділетті Қазақстанды құрудың экономикалық-әлеуметтік және саяси дамуын болашақ жүйесі маусымда өткен референдумда халық қолдаған Конститутциялық көріністерді нақты іске асыру бағдарын айқындады», – деген пікірлер де айтылды жиында.

«Президенттің пікірімен айтсақ, әділетті Қазақстанды құруымыз енді басталды. Алдағы жолдың қиындығы көп. Қол қусырып отыратын және қасақана кедергі жасайтын орын жоқ. Өйткені қазіргідей мемлекетіміз үшін мүмкіндіктер ашылған сәтте әрқайсымыз бар күш-жігерімізді халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға, алға басуына, адам капиталын дамытуға жастарымыздың жарқын болашағына бағытталған реформалардың сәтті өтуіне үлес қосуымыз аса маңызды», – деп ойын жалғастырды Ұлбосын Қалыбайқызы. Келесі сөз кезегі Талғар ауданы әйелдер қауымдастығының төрайымы Айтжамал Әбдірешқызына берілді.

«Бүгінгі мына үлкен залда әр саланың мамандарын көргеніме өте қуанып отырмын. Жиналысымызға медицина, білім, діни ұйымдарынан, әкімшіліктен, әр саланың мамандары келіпті. Мұның барлығы сіздер осы отырған залдағы дәл қазіргі уақытта зиялы, алдыңғы қатарлы, әрқайсыларыңыз төңірегіндегі қарым-қатынаста жүрген ауыл адамдарына президент жолдауын жоғары деңгейде жеткізетін саналы азаматтар екендіктеріңізге кәміл сенемін. Мазмұны кең, ауқымды, қазақ елінің әлеуметтік жағдайына еліміздің экономикасын көтеретін жақсы бір бағытталған ерекше жолдаулардың бірі болғанына менің өзімнің көзім жетті», – деп сөйледі аналардың атынан Талғар ауданы әйелдер қауымдастығының төрайымы Айтжамал Әбдірешқызы.

Жиналған халықтың арасынан белсенді болып, ұйып тыңдап отырған Белбұлақ ауылының тұрғыны, әрі ақсақалдар алқасының төрағасы Нұрлыбай Жұмақожаұлы да жолдауға байланысты өз пікірін айтты. «Әділет­ті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деген тақырыпта президентіміздің жолдауы өзіміз таза ырымшыл халықпыз ғой, білім күнімен сәйкес келді. Бұл енді, менің ойымша, біздің жастарымызға, балаларымызға деген қамқорлықтың бір ерекше мемлекеттік деңгейде жоғары болуы деп есептеймін. Өйткені биыл өзі балалар жылы аясында ұлттық қордың 50 пайызын балалардың есеп-шотына аударатын болып жатыр. Бұл ел болашағына деген үлкен игі іс деп есептеймін. Жолдауды қолдаймын!» – деді Нұрлыбай Жұмақожаұлы.

Жолдау туралы пікірін ортаға салған тұрғындар бір-біріне аман-саулық тілеп, үйлеріне тарасты.

Кәусар Әбдікерім